Шымкент қаласында 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7 пайызға азайғаны байқалады. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 12 703 отбасы әлеуметтік көмек алса, биыл бұл көрсеткіш 8 801 отбасыға дейін төмендеген. Мұның басты себебі – жұмыссыздықты төмендету, азаматтарды еңбек нарығына тарту және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингте айтты.
АӘК тек ақшалай қолдау ғана емес, сонымен қатар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын да қамтиды. Мұндай бастамалар азаматтарды еңбек нарығына тартуды көздейді.
– Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін АӘК алған 8 801 отбасының арасында еңбекке жарамды азаматтардың саны 12 910 адамды құраған. Оның ішінде 7 723 адамның жұмысы бар. Сонымен қатар, 460 азамат еңбекке қабілетті болып, олар жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бұл азаматтардың 291-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты, 48-і «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасына, 15-і жастар практикасына,17-і әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, 43-і кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қатысса және 46 тұрғын қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді, – деді Жанат Өмірсейітқызы.
2024 жылдың ІІІ-тоқсанына арналған кедейлік шегі 36 637 теңге деп белгіленді, бұл күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп қазақстандықтардың кірісі мен шығысын автоматты түрде есептептейтін ақпараттық жүйе енгізбек болғандығы жайында ақпарат тараған еді. Дегенмен, ол жүйе нақты іске қосылмаған. Іске қосылған жағдайда әлеуметтік көмекке шын мұқтаждар анықталып отырады. Онда азаматтың жылжымайтын мүлік сатып алуға, оқу ақысын төлеу, қосымша білім алу, демалыс аймағына бару және кредит өтеу мүмкіндіктерінің бәрі қарастырылады.
Елімізде жұмыссыздықты азайту, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына тарту шаралары нәтижелі десек болады. 2024 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30,7 пайызға кеміген, бұл көрсеткіш жұмысқа орналасқан азаматтардың санының артқанын және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жаңа жүйеге көшеді
Қалада бүгінгі күні 41 532 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адам 4 658 тұрғынды құраса, екінші топтағы – 15 421, үшінші топтағы ерекше азаматтар саны – 13 485, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың саны 7 968-ді құрайды. Баспасөз брифингі барысында басқарма басшысы Ж.Өтебаева ерекше жандарды оңалту бағдарламаларына да тоқталды.
Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтары психоневрологиялық ауытқуы бар балалар мен ересектерге, мүгедектігі бар азаматтарға, қарттарға және жалғызілікті адамдарға стационар, жартылай стационар немесе үйде қызмет көрсетеді. Қалада осындай 12 арнаулы әлеуметтік орталықта 1162 қызметкер жұмыс істейді. Биыл 3 491 адам оңалту шараларымен қамтылып, оның ішінде 798 адам стационар жағдайында, 627 адам жартылай стационар жағдайында және 956 адам үйде қызмет алған. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту бағдарламасы бойынша 2024 жылы 49 205 өтінім қабылданып, 40 275 өтінім қанағаттандырылған. Бұл өтінімдерге сурдо-тифло техникалық құралдар, гигиеналық құралдар, санаторлық-курорттық емдеу, ымдау тілі мамандарының қызметтері және жеке көмекші қызметтері кіреді. Протездік-ортопедиялық көмек құралдары бойынша 9 067 өтініш қабылданып, 6 840 өтінім қанағаттандырылды.
– 2025 жылдан бастап әлеуметтік сала жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді, бұл жүйе бұрын білім, мәдениет және спорт саласында қолданылған. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік қызметтер интеграцияланып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар жан басына қаржыландыруға дайындалып жатыр. Қазірге дейін 12 орталықтың 6-ы жаңа жүйеге көшуге дайын, қалған мекемелердің құжаты жылдың соңына дейін рәсімделеді, – дейді Жанат Өтебаева.
Шипажайларға емделуге жолдама алу үшін 12 709 азамат өтініш білдіріп, 8 916 адам емделуге жолдама алды. Ал, Инватакси қызметі бойынша 28 көлікке 494 өтініш қабылданып, қызмет көрсетілуде.
– Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Бұл үшін арнайы өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған, және басқарма қызметкерлері әр азаматқа жеке көмек көрсетуге дайын, – дейді сала басшысы.
Әлеуметтік салада 2024 жылы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды деп айта аламыз. Атап айтсақ, 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы басталды. №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. №2 орталықта күрделі жөндеу жұмыстары үшін жобалық құжаттама әзірленуде. «Аялы алақан» орталығында ойын алаңының шатырын жабу және жерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ал, №6 орталыққа 1,3 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары үшін қызметтік автокөліктер сатып алынды, ал жаңа бөлімше «Белсенді ұзақ өмір» орталығында зейнеткерлерге қызмет көрсетуде.
Ұлы Отан соғысының қатысушыларына көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайды. Осыған дейін 360 АЕК немесе 1 329 120 теңге көлемінде болатын көмек енді 542 АЕК-ке, яғни 2 001 064 теңгеге дейін артты. Бұл шешім Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін құрметтің тағы бір белгісі болып табылады.
Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ, оларды санаторлық-курорттық емдеуге алып баруға қажетті көмекшілеріне 40 АЕК немесе 147 680 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл шара азаматтардың денсаулығын жақсартуға және олардың ем қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған болса, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру немесе жаза мерзімін қысқарту бойынша шаралар қабылданған жағдайда, 10 АЕК немесе 36 920 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл көмек пробация қызметінің есебіне тіркелген күннен бастап үш ай ішінде жүзеге асырылады.
70 жасқа толған және одан асқан адамдарға 3 АЕК немесе 11 076 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болды. Бұл шешім қарт адамдарға ерекше қамқорлық көрсету мақсатында қабылданды. Туберкулездің жұқпалы нысанымен ауыратын адамдарға да әлеуметтік көмек көрсету шаралары кеңейтілді. Бұған дейін ай сайын 5 АЕК немесе 18 460 теңге болған көмек мөлшері енді 10 АЕК немесе 36 920 теңге көлемінде беріледі. Қатерлі ісіктері бар балаларға ай сайын 10 АЕК немесе 36 920 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болды. Бұл шара қатерлі аурумен күресіп жатқан балалардың емделуіне қосымша қаржылай көмек көрсету мақсатында қабылданды.
Шымкент қаласында қазір 95 068 зейнеткер тіркелген. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері саны – 2 адам, ал тыл еңбеккерлері саны –
1 667. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер саны 2 150 адам болды. Көп балалы аналар саны 66 985 адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналар саны 13 614 болса, 4-5 баласы бар аналар саны 53 371-ге жетті.
– Зейнеткерлер мен ардагерлерге жыл сайын санаторлық-курорттық ем алу үшін қала мәслихатының шешімімен 5000 адамға тегін жолдама беріледі. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 4 950 зейнеткер мен ардагерге жолдама берілген. Қаладағы 70 орындық «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде 1 850 зейнеткер мен еңбек ардагері ем алды. Жалпы 11 айдың ішінде 6 800 ардагерге санаторлық-курорттық ем беру шаралары ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 7 000-ға жетуі жоспарлануда, – деді Жанат Өтебаева.
Шымкент қаласында зейнеткерлердің шипажайларға кезекке тұруы үшін жаңа онлайн қызмет іске қосылды. Зейнеткерлер енді санаторлық-курорттық ем қабылдауға «geo-shym.kz» сайты арқылы өтініш беріп, кезек ретін онлайн бақылап отыра алады. Өтініш беру үшін жеке электрондық сандық қолтаңба кілтін пайдаланып, жүйеде тіркелу қажет. Бұл жүйе зейнеткерлерге қызмет алу процесін жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
2024 жылдың 11 айында Шымкент қаласында жұмыссыздықпен күресу және тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жоғары деңгейде орындалды. Жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделсе, нақты 28 813 адам қатысып, жоспар 94,4%-ға орындалды. Бұл туралы брифингке қатысқан Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев баяндады.
Қысқа мерзімді кәсіптік білім беру бойынша 3 732 адамды оқыту жоспарланған болатын. Нәтижесінде 3 376 адам оқуға жолданды, бұл 90,5 пайызды құрайды. Олардың ішінде, 92 адам кәсіби біліктілікті тану (ваучер оқуы) бағдарламасына,157 адам жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуға, 513 тұрғын білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту бағдарламасына қатысса, 2 706 адам Еnbek.kz порталы арқылы онлайн-оқыту бағдарламасын таңдаған.
Бағдат Мақсұтұлы өз баяндамасында субсидияланатын жұмыс орындарына да тоқталды. Бұл бағытта 7 453 адамға жұмыспен қамту шаралары ұсынылып, нәтижесінде 7 019 адам қамтылды. Олардың ішінде, 170 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 2 311 жас маман «жастар практикасы» бағдарламасына, 2 453 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыстарға, 1 274 адам «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына», 20 жас маман «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына, 791 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасты.
Жалпы 14 846 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған болатын. Нәтижесінде 14 641 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА