Редакция таңдауы

Үздік медицина ұйымдары марапатталады

Шымкентте медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін мекемелер арасында өткен «МСАК көшбасшысы» байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйымдастырған бұл байқау емханалардың қызмет сапасын арттыру мақсатында өткізілді.

Байқауға Шымкент қаласында Қормен шарт жасасқан 58 емхана қатысты. Емханалар МӘМС жүйесінде қамтылған азаматтар саны, арыз-шағымдар санының төмендеуі, сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары мен қағидаттары туралы ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялау сияқты критерийлер бойынша бағаланды.
Нәтижесінде, Шымкент қалалық №5 емхана «МСАК көшбасшысы» атағын жеңіп алды. Шымкент қалалық №1 емхана жүлделі II орынға ие болып, «Атамекен» медициналық орталығы III орын алды.
Салтанатты шараға қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков және ӘМСҚ Шымкент филиалының директоры Ляззат Алимова қатысып, үздік емхана басшыларына марапаттары мен демеушілер есебінен дайындалған емдеу мекемесіне қажетті медициналық құрал-жабдықтардың сертификаттарын табыс етті.
Сондай-ақ, бірқатар емханалар түрлі номинациялар бойынша алғыс хаттармен марапатталды.
Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін мекемелер арасында өткен байқау – еліміздегі медициналық қызметтің сапасын жақсартуға және халыққа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Соңғы жаңалықтар