Редакция таңдауы

ҮЕҰ форумы жоғары деңгейде өтті

Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Шымкент қаласы Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдардың «BarCamp-2024» форумы болып өтті. «Шымкент қаласындағы азаматтық қоғамды дамытудың жетістіктері, нәтижелері және келешегі» тақырыбында ұйымдастырылған форумға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құрметті қонақтар және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

Форумды Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Заңғарбек Үсіпахметов және Шымкент қаласы Азаматтық альянсының президенті Жұмағали Білісбеков құттықтау сөздерімен ашты. Форум қонақтары – Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қайыржан Әбдіхалықов, қоғамдастықтарды дамыту бойынша сарапшы, азаматтық қоғамды дамыту бойынша халықаралық кеңесші Лола Абдусалямова және UNFPA-ның (БҰҰ халықты қоныстандыру қорының) Өзбекстандағы ұлттық сарапшысы Дамира Тухтасынова да әріптестеріне арналған құттықтау сөздерін айтып, ізгі тілектерін білдірді.

Бұдан кейін Шымкент қалалық Азаматтық ресурс орталығының басшысы Сара Имбарова өзі басқарып отырған орталықтың қызметін, онда оқытуды ұйымдастыру және басқа да бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Сара Есенбекқызы қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың танылуы, табыстары мен жетістіктері туралы айтты.

Биыл «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Шымкентте өз жұмысын жүргізіп жатқан белсенді үкіметтік емес ұйымдар үшін арнайы конкурс өткізілген болатын. Конкурс «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік бастама», «Үздік жас ҮЕҰ» және «Үздік ҮЕҰ» деп аталатын негізгі төрт аталым бойынша жүргізілген. Одан бөлек, әр аталым бойынша Бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар үшін арнайы сыйлықтар болды. Қаланың бірқатар ұйымдары осы конкурсқа қатысып, ақшалай сыйлықтар иеленді.

Сондай-ақ биыл азаматтық секторда еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар Мәдениет және ақпарат министрлігінің «ҮЕҰ сыйлығы» конкурсының жеңімпазы болып танылды. Сол сияқты Қолданбалы зерттеулер мектебінің алты тыңдаушысы әлеуметтік зерттеулер бойынша шағын гранттар ұтып алды.

Ресурстық орталық басшысы форумда сөйлеген сөзінде осы және басқа да жетістіктер жөнінде атап өтті. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған конкурс  сыйлықтарына ие болған ұйым басшылары мен  министрлік конкурсының жеңімпаздары сөз сөйлеп, өз жұмыстарының нәтижелері жөнінде баяндады.

Жалпы, биыл Шымкент қаласының Азаматтық альянсы үш жобаны іске асырған болатын. Жобалар Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен Астанадағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асты. Осы жобалардың үшіншісі – азаматтық қоғам өкілдері үшін алғаш рет Қолданбалы зерттеулер мектебі ұйымдастырылған еді. Бұл жобаны Альянс ойдағыдай жүзеге асырды.

Өткен шілде айының соңына қарай Азаматтық ресурс орталығында аталған жоба бойынша бес күндік арнайы семинар-тренинг өткізілген болатын. Тренинг тыңдаушыларына Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қайыржан Әбдіхалықов дәріс өткізген. Қатысушылар қолданбалы зерттеу құралдары, деректер жинау әдістері, оларды талдау және тағы басқа да қажетті бағыттар бойынша оқытылды. Кейін осы тыңдаушылар арасынан іріктеліп шығып, шағын грант ұтып алған алты адам Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты қолданбалы әлеуметтанулық зерттеулер жүргізген еді.

Форумда осы зерттеу жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды. Жан-жақты жүргізілген зерттеу қорытындысында қала басшылығына, үкіметтік емес ұйымдарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бірқатар ұсыныстар білдірілген. Егер жергілікті атқарушы билік, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары және зерттеушілер бұл бағытта ынтымақтаса әрекет етіп жатса, бұл Шымкент қаласының қоғамдық-саяси жағдайын жақсарта түсуге қосылған елеулі үлес болмақ.

Осы орайда форум қонағы – Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қайыржан Әбдіхалықов Шымкентте ұйымдастырылған Қолданбалы зерттеулер мектебінің маңызы жөнінде өз пікірін білдірді. Қайыржан Саясатұлы бұл мектептің Шымкент үшін бірегей бастама болып отырғанын, оның өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге қызмет ете алатынын, бұған қатысты бастаманы еліміздің басқа аумақтарына да таратса дұрыс  болатынын атап өтті.

Сондай-ақ форумда Шымкент қаласы Азаматтық альянсының корпоративтік директоры Юсуп Арзыхановтың ұйымның биылғы жылы атқарған жұмыстары бойынша жасаған есебі тыңдалды. Серіктестермен және ҮЕҰ-мен өзара әрекеттесу нәтижелері туралы талқыланды.

Бүгінде азаматтық қоғамды дамытуға Шымкенттің жастары да белсенді атсалысып жүр. Волонтер жастарды қазіргі күндері түрлі қоғамдық жұмыстардың ортасынан көруге болады. Солардың бірі – «Y-peer» тобының мүшелері де осы форумда өздерінің атқарып жүрген жұмыстары жөнінде айтып берді.

Жалпы, аталған форум ойдағыдай ұйымдастырылып, жоғары деңгейде, мазмұнды болып өтті. Бұл жөнінде Өзбекстаннан келген құрметті қонақтар да өз сөздерінде атап көрсетті.

Сонымен үкіметтік емес ұйымдардың «BarCamp-2024» форумы да өз мәресіне жетті. Жиын қатысушылары мен қонақтары бейресми жағдайда күнді қорытындылап, алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне орай тәттілер қойылған үстел басында пікірлесті, идеялармен алмасып, өзара байланыстар орнатты.

Д. ОРАЗ.

Соңғы жаңалықтар