Уақыт дейтін таңқаларлық құбылыс емес пе, шіркін?! Міне, кеше ғана табалдырығымыздан аттаған 2025 жылдың да алғашқы онкүндігі сырғып өтіп барады. Есігімізден енген жылан жылында Қазақ елін асқақ мақсаттар мен толағай табыстар күтіп тұрғанына кәміл сенеміз. Биылғы жылы қоғамдық өмірде, халқымыздың тыныс-тіршілігінде қандай өзгерістер, ерекшеліктер мен жаңалықтар болады? Бүгін біз оқырман қауымды жыл жаңалықтарымен таныстырмақпыз. Сонымен, биыл бізді не күтіп тұр?
Жәрдемақы мен зейнетақы көбейді
2025 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған негізгі көрсеткіштердің бәрі өсті. Ең төменгі жалақының көлемі ғана сол қалпында қалды.
Атап айтар болсақ:
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге;
ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңге;
ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге.
Бүгінде айлық есептік көрсеткішті әлеуметтік төлемдерді есептегенде қолданады. Мәселен, бала туғанда берілетін жөргекпұлдың көлемі 38 АЕК-ті құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 692 теңге, ал жөргекпұлдың көлемі (38×3 692) 140 296 теңге болған. 2025 жылы жәрдемақы 149 416 теңгеге дейін артады.
Бала туғанда және бала күтіміне төленетін жәрдемақы
Қазақстанда заң бойынша үшінші балаға дейінгі жәрдемақының нақты көлемі белгіленген. Ал төртінші баладан бастап оның мөлшері артады.
бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК — 149 416 теңге;
төртінші баладан бастап 63 АЕК – 247 716 теңге.
Ал егіз бен үшем туған жағдайда әрбір баланың төлемі бөлек есептеледі. Одан кейін 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақылар төленеді.
1-ші балаға 5,76 АЕК – 22 648 теңге;
2-ші балаға 6,81 АЕК – 26 777 теңге,
3-ші балаға 7,85 АЕК – 30 867 теңге;
4-ші балаға 8,90 АЕК – 34 335 теңге.
Көп балалы аналардың жәрдемақысы да артты
2025 жылдан бастап көп балалы аналардың жәрдемақысы шамамен 4 мың теңгеге өседі.
4 баланың жәрдемақысы 16,03 АЕК – 63 030 теңге;
5 баланың жәрдемақысы 20,04 АЕК – 78 798 теңге;
6 баланың жәрдемақысы 24,05 АЕК – 94 565 теңге;
7 баланың жәрдемақысы 28,06 АЕК – 110 332 теңге.
Осылайша, әрбір бала үшін 4 АЕК – 15 728 теңге қосыла береді. Мәселен, 12 баланың жәрдемақысы келесі жылы 188 736 теңге болады.
Сондай-ақ, көп балалы ананың наградасын алғандардың жәрдемақысы көтеріледі.
«Алтын» алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері үшін 7,40 АЕК – 29 097 теңге;
«Күміс алқаға» 6,40 АЕК – 25 165 теңге.
Мүгедектік үшін берілетін жәрдемақы қандай болады?
Мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақысы ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Сондықтан олардың төлемі 4,5-6 мың теңгеге өседі.
7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 74 428 теңге.
7-18 жастағы мүгедек балалар және одан үлкен азаматтар:
I топ – 101 702 теңге;
II топ – 84 598 теңге;
III топ – 74 428 теңге.
Бала кезінен мүгедектігі бар адамдар:
I топ – 101 702 теңге;
II топ – 84 598 теңге;
III топ – 74 428 теңге.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін ата-анаға және I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. 2025 жылы оның көлемі 74 428 теңге болады.
«Тек жүрсең, тоқ жүресің»
Биыл 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгені құрайтын болды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да өзгереді. Бұл қатарда қазақстандықтарға жақсы таныс 12 әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдар сомасы артады.
Атап айтқанда, бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға – 7 АЕК (27 524 теңге), ал, мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Сонымен қатар, тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 19 660 теңге, бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге айыппұл салынады. Ал көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде, ал 18 жасқа толмаған адам болса оның ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320) мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 11 796 теңге мөлшерінде, 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге, ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл көзделген.
Биылдан бастап қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 7 864 теңге, сондай-ақ жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл көзделіп отыр. Сонымен қатар келер жылдан бастап тұрғындардың ортақ пайдаланатын орындарды ластауға қатаң тиім салынады. Мәселен, қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 19 660 теңге айыппұл салынып, бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса – 39 320 теңге айыппұл және баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп естептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 19 660 теңге, тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса айыппұлдың көлемі 20 АЕК-ге дейін өседі. Ал ұшақта темекі шеккені үшін 196 600 төлеуге тура келеді. Жалпы автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған және темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады. Әрі көлік салонында кәмелет жасқа толмаған балалар отырғында темекі шеккені үшін 39 320 теңге көлемінде айыппұл осы заңсыз әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері екі есеге артады.
Айта кетейік, айыппұлдар тұрғындарды қудалау немесе қанау мақсатында салынбайды. Мемлекеттің айыппұл салудағы мақсаты – заң мен тәртіптің үстемдігін орнату. Айыппұлдар азаматтардың тәртіпті сақтауына ықпал ететін құрал. Тәртіп сақталған жерде түрлі апаттарға, оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайларға, құқықбұзушылық пен қылмыстарға жол берілмейді. Яғни, азаматтардың айыппұлдан аяқ тартуы сол азаматтардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сол арқылы қоғамда құқықтық сананың орнығуына мүмкіндік береді. Мұндайда дана халқымыз «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.
«Жау жоқ деме, жар астында»
Қазақстанда биылдан бастап аумақтық қорғаныс құрылымдары жұмыс істей бастайды. Оның құрамына резервтегі әскери қызметкерлер алынып, олар тұрақты түрде әскери дайындықтан өтіп отырады. Бүл туралы Мәжілісте Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған кезде айтты.
Жалпы жоба кәмелетке толған азаматтарға қатысты. Қызметке қабылдау ерікті түрде жүргізіледі. Іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен Қорғаныс министрлігі 3 жылға келісім-шарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын әскери бөлімдерде қысқа мерзімді оқу-жаттығудан өтеді және жылына бір рет ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күндік әскери оқу-жаттығу жиындарға қатысады.
Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді. Атап айтқанда, офицерлер үшін – 60 жасқа, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін. Жалпы резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет ететін болады. Осылайша, Қазақстан армиясының жауынгерлік дайындығы жоғары, белсенді резерві қалыптасады деп күтілуде. Мұның барлығы еліміздің қорғаныс қабілетін нығайта түседі. Ата-бабамыздың «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз текке айтылмаған.
Жалған анықтама жарға жығады
Қазақстанда биыл сегіз медициналық анықтама электронды нұсқада беріледі. Бұл туралы былтырғы жылдың қараша айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов айтқан болатын.
– Қазір біз азаматтарға ең қажет деген сегіз анықтаманы белгіледік. Былтыр және биыл бірқатар анықтама цифрландырылды. Алайда мұнда да мәселелер бар. Анықтаманы цифрлық форматқа ауыстырғанымызбен, мұны талап еткен мемлекеттік орган немесе мекеме осы форматта қабылдауға дайын ба? Осыны ескере отырып, серіктестермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мәселен, мамандандырылған ХҚКО, мейрамханалар, медициналық ұйымдар, білім беру саласындағы мекемелер бар. Сондай-ақ азаматтың қатысуынсыз өздері-ақ базадан керекті анықтаманы алады. 2025 жылы бұл жоба толыққанды жүзеге асады. Ал жалған құжат жасаған мекемелер заң аясында жауап береді. Тіпті министрлік олармен келісмшарттарды бұзуы да мүмкін, – деді ол.
Министрлік дерегіне сәйкес «Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы», «Медициналық анықтама», «ДКК қорытындысы», «ТҚ басқаруға рұқсат туралы анықтама», «Санаторийлік-курорттық карта», «Баланың денсаулық паспорты», «Қаруға рұқсат алу» және «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы» анықтамаларды 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды форматта алуға болады.
Әлеуметтік қызметтің сапасы артты
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында елеулі өзгерістер енгізілетін болады. Негізгі өзгерістердің бірі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу болады. Қазіргі уақытта мұндай ұйымдар екі жолмен: мемлекеттік ұйымдар үшін жоспарлы қаржыландыру және үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылады. 2025 жылдан бастап АӘҚК көрсету жүйесі жан басына шаққандағы норматив негізінде жұмыс істейтін болады, бұл мұқтаждарды, әсіресе ауылдық жерлерде қамтуды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Жан басына шаққандағы норматив ұйымның түрін, қызмет алушылар контингентін және аумақтық ерекшеліктерін ескеретін болады. Қосымша қызметтер қажеттіліктерді бағалау негізінде қаржыландырылатын болады, бұл қызметтерді күшейтілген күтімді талап ететін азаматтардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
+Екінші маңызды жаңалық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді лицензиялау болады. Бұл шара көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге және процесске кәсіби ұйымдарды тартуға бағытталған. Меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және жеке ұйымдар лицензиялауға жатады.
Осы жаңашылдықты іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына АӘҚК саласындағы қызметті лицензиялау туралы нормалар енгізілді, тиісті заңға тәуелді актілер қабылданды және ұйымдарға біліктілік талаптары белгіленді. Лицензиялауды Министрлік жанындағы жаңа комитет жүзеге асырады және бұл қызмет ұйымдар үшін тегін болады.
Лицензиялау процессі цифрландыруды да қамтиды, бұл ғимараттардың санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, қажетті жабдықтар мен жиһаздардың болуы, сондай-ақ кадрлардың біліктілігі сияқты талаптардың сақталуын жедел бақылауға және бақылауға мүмкіндік береді. Бұл талаптарды сақтамау қызмет алушыларға қызмет көрсетудің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін қызмет көрсету құқығынан айыруға әкеледі.
Лицензия алу процессін сынақтан өткізу үшін мемлекеттік Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтарына белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін «Имитациялық модель» іске қосылды.
Бұл өзгерістер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, олардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, бұл Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялаудағы маңызды қадам болмақ.
Дайындаған Гүлжауһар БАЖАҚАЙ