Шымкент қалалық полиция департаментінің барлық қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті жіті назарда ұстау жолында талмай еңбек етіп келеді. Департамент басшылығының талапшылдығы мен іскерлігінің, полицейлердің кәсіби біліктілігі мен ержүректігінің арқасында қаламызда тыныштық пен тәртіп сақталып, халқымыз өз қауіпсіздігіне алаңдамай күн кешіп жатыр. Күні-түні тәртіп күзетінде жүргендердің арасында нәзікжандылар да бар. Солардың бірі Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының полиция майоры Айсұлу Тұрсынбекпен жақынырақ әңгімелесіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметі жайлы сұраған едік.
Айсұлу Ішкі істер министрлігінің Б.Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжінде оқыған. «Әкем ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жыл жұмыс істеген. Сол кісінің бағыт-бағдар беруімен мектепті бітіргеннен кейін заң колледжіне оқуға түстім. Қыз баласы болғандықтан күн-түн демей қызмет ететін мамандыққа таңдау білдіру қиын ғой. Дегенмен, менің бойымда еш қорқыныш сезімі болған жоқ. Қайта әке жолын жалғастыратыныма, арманымның орындалатынына қуандым.
Колледжді тәмамдағаннан кейін Ақмола облысы Сандықтау ауданының полиция басқармасына жұмысқа жолдама алдым. Осы орайда мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Айта кетейін. Менің жолдасым өзімнен бұрын полицейдің формасын киген сымбатыма ғашық болған екен. Бұл кезде біз шаңырақ көтеріп, отау құрған едік. Содан Ақмола облысына бірге аттандық, — дейді Айсұлу Тұрсынбек.
Айсұлудың жолдасы Рысқали Бекеев те Еңбекші аудандық полиция басқармасына қарасты № 34 учаскелік полиция тірегінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Шені – полиция майоры. Оның мамандығы – заңгер. Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясында жоғары білім алған. Жамбыл облысында Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін арнайы курстан өтіп, еңбек жолын Сандықтау ауданында учаскелік полицей болып бастайды.
– Сандықтау ауылында өткізген 10 жыл бізге үлкен тәжірибе болды. Ата-анамыз, бауырларымыз қасымызда болмаған соң қызымыз Назым мен ұлымыз Мейіржанды кейде өзімізбен бірге жұмыс орнына алып баруға тура келетін. Ауданның тыныштығын күзетуде аянбай еңбек еттік десем артық айтқаным болмас. Бірде мен кезекшілігімде шақырту түскен мекен-жайға бардым. «Үйіміздің тынышын алды. Көршілерімізге де маза бермеді» деп қоңырау шалған ер адам әйелінің ескі танысын тәртіп сақшыларына табыстады. Ол өзі бұрын 10 жылға сотталған екен. Жазасын өтеп бостандыққа шыққан беті болса керек. Содан оқиғаның жай жапсарын зерттеу үшін адвокат шақырдым. Түн жарымы. Әлгі бұзақыны қамай алмаймын. 3 сағаттан ұзақ ұстап отыруға да құқығым жоқ. Ал, оны жіберсем ізім-ғайым жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Содан адвокат келгенше бір амалын қарастырайын деп, оны әңгімеге тарттым. Бір кезде адвокат есіктен ішке енді де кері бұрылып қайта шығып кетті. Оңашада маған «Бұл бұзақымен жұмыс істемеймін. Ол өте қауіпті адам. Ауыр қылмыс жасаған» деді. Содан не істеймін? Әлгі әккі қылмыскерді әңгімеге айналдыру да оңай болмады. Таң бозарып атып келе жатқанда екінші адвокат жетіп, алып кетті. Сол күнгі түннің жарымынан таңға дейінгі уақыттың маған қауіп төндірген әр секунды мен әр минутын ойласам әліге дейін денем түршігіп кетеді — дейді Айсұлу.
Айсұлу жолдасы екеуі полицей болып жұмысқа қабылданған күннен бастап талай қылмыстың алдын алып, бұзақылардың жолын кесуге үлес қосты. Бүгінде олар осы еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп жүрген жандар.
– Біз отбасында да, қызметте де бір-бірімізге сүйеніш болып келеміз. Мойнымызға үлкен жауапкершілік жүгінің артылғанын сезінеміз. Бірде қыстыгүні Рысқалиға шалғайдағы ауылда бір кісінің қайтыс болғаны туралы хабар келді. Күн борап тұрған. Оны жалғыз жіберу қауіпті. Содан қарсылық білдіргеніне қарамай қасына еріп бардым. Екеуміз әлгі мәйітті көлікке тиеп, мәйітханаға өткіздік. Міне, бір салада жұмыс істегендіктен кейде осындай шешімдерді бірлесіп тауып келеміз. Кәсіптің жаман, жақсысы жоқ қой. Кейбіреулер полицейлердің жұмысымызға көңілдері толмай, әртүрлі әңгімелерді айтып жатады. Бірақ, мен заңдылықтың сақталуын қадағалап, қылмыстың алдын алу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс дер едім.
Жолдасым екеуміз қиын да жауапты қызметті таңдағанымызға еш өкінген емеспіз. Жұмысыз өзімізге ұнайды, тіпті оның бір арнада тоғысқанына қуанамыз. Өйткені, біз бір-бірімізге түнде шұғыл шақырту түскен кезде түсіністік танытамыз. Кейде күн-түн демей жұмыс істеуге де тура келетін күндер болады. Мұндайда да бір-бірімізге жанашыр болып, қасымыздан табыламыз. Өзіңізде білетіндей, қазір ұрлық жасайтындар жоқ. Есесіне, алаяқтық жолмен оңай олжаға кенеліп жатқан көп. Алданып, сан соғып қалған адамдардың мәселесіне көбірек көңіл бөлудеміз. Ескерту жасаудамыз. Жалпы осындай жұмыстардың нәтижесінде Еңбекші аудандық полиция басқармасында 2024 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысы мен ауыр қылмыстар азайды, – дейді кейіпкеріміз.
Айсұлу жұмысында пагон тағып, форма киген полицей болғанымен үйінде жолдасының сүйікті жары. Балаларының аяулы анасы. Ол өзі де жемісті жұмыс істеп келе жатқаны жолдасының арқасы деп біледі. Құқық қорғау органында арттарынан еріп келе жатқан жас буын қызметкерлеріне кәсіби тұрғыдан ғана емес, ата-ана ретінде де үлгі бола білуге талпынады. Ұжымдағы мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді түрде қатысады.
— Сүйікті мамандығын меңгерген адам жұмысына да, отбасына да уақыт табады деп білемін. Жолдасым екеуміз жұмыстан тыс уақытта отбасымызға көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Еңбек демалысына бірге шығуды жоспарлап, балаларымызбен саяхаттағанды жақсы көреміз, — дейді Айсұлу Тұрсынбек.
Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.