Шымкентте «Үздік жастар – 2024» қала әкімінің жастар сыйлығынының марапаттау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, түрлі салада үздік шыққан жастарды марапаттады.
Қала әкімі өз сөзінде жастар саясаты – мемлекеттің басты назарында екенін атап өтіп, осы тұрғыда аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол құттықтау сөзін қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтың жастарға айтқан сөзімен бастады.
– «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер!» – деп, көрнекті жазушы айтып кеткендей, жастар тек іздену арқылы ғана үлкен биікке шыға алады. Ал, боламын деген балаға біздің мемлекетіміз қашанда қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Ұлтымыздың басты капиталы – терең білімді жастар» деп сенім білдіруде. Сондықтан, ел үмітін ақтар дәл осындай үздік жастар қашанда үлкен марапаттарға лайық, – деп құттықтады Ғабит Әбдімәжитұлы.
Қала әкімі номинанттарды құттықтап, талантты жастарды қолдау шарасы алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
«Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-на қарасты «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері редакциясының контент-менеджері Ботагөз Рахманбердиева үздіктер қатарынан көрінді. Ол «Үздік жас оператор-мобилограф» номинациясымен марапатталды.
Ботагөз Серікбайқызы – мобилография саласында тәжірбиесі мол маман. Халықаралық, республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының насихатталуына қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанның алғыс хатымен, ҚР Туризм және спорт министірлігінің алғыс хатымен, Астана қаласы «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің алғыс хатымен марапатталған. Бүгінде редакциядағы жұмысымен қатар авторлық «Procontent» жобасы аясында онлайн және офлайн курс жүргізіп жүр.
Жыл көшбасшыларына қала әкімінің атынан диплом, арнайы статуэтка және техникалық құралдар табыс етілді.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ