Шымкент қаласында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 183 отбасына арендалық пәтерлердің кілті табысталып, қоныс тойы тойланды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.
Жаңа жылда пайдалануға берілген баспаналар Асар-2 және Тұран шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Integra Construction KZ» ЖШС және «Алтын Констракшн» ЖШС мердігер мекемелері жүргізген. Жаңа қоныстанушылар арасында көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік жағынан осал тобындағы азаматтар бар.
– 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға сатып алу құқығынсыз 1 000 азаматқа (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 200, көпбалалы отбасылар – 351, халықтың осал топтары – 449) арендалық пәтер берілуі жоспарланған. Оның ішінде, бүгінгі таңда 597 пәтер (жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 136, көпбалалы отбасылар – 288, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары – 173) пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 2023 жылдан өтпелі болған 280 арендалық пәтер биыл қоныстандырылды, – деді Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының басшысы Азат Исламов.
Елімізде құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталған. Соның ішінде халықтың баспанамен қамтылуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы.
– Бұл күнді 17 жыл бойы күттім. Мереке қарсаңында ең керемет сый берген қала әкіміне алғысым шексіз. Көп балалы аналарға жасалып жатқан көмектердің барлығы көңілімізден шығады. Алдағы уақытта жаңа қонысымызда тек қана жақсылық болсын,- дейді қала тұрғыны
Бақтыгүл Жораева.
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 519 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын.
Биылғы жылға Қамқор өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд. теңге жалпы 8 млрд теңге бөлініп, ағымдағы жылы 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген.
Айта кетейік, Шымкентте реновация бағдарламасы аясында да апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Бұл жиынға да Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Көксай шағын ауданы Ж.Нұрлыбаев көшесіндегі №5 үйдің тұрғындары Shymkent City шағын ауданындағы Green City тұрғын үй кешенінен замануи үлгіде салынған пәтерлерге ие болды.
– Бұл бағдарлама Шымкент қаласында басталды. Алдағы уақытта, апатты деп танылған үйлердің тұрғындарының барлығына жаңа пәтердің кілттері табысталады. Сонымен қатар жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 30 шаршы метрге үлкен. Тұрғындар қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген. Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді, – дейді Ғ.Әбдімәжитұлы.
Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының басшысы Азат Исламов Шымкент қаласындағы тозығы жеткен немесе апатты деп танылған үйлерді жаңғырту бағдарламасы қарқынды жүріп жатқанын айтты.
– Көксай шағын ауданындағы бірнеше үй сүрілетін нысандар тізіміне енгізілген. Бұл ғимараттар 65 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігі талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіпті. Ал, реновацияның басты мақсаты – тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін шешу. Бағдарлама аясында бұзылған үйдің иесіне заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, жаңа, абаттандырылған тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі. Бұл бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың құжаттары 100 пайыз дайын болуы керек. Ж. Нұрлыбаев көшесіндегі 23 үйді көшіру жоспарда бар, – дейді А. Исламов.
Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Жаңа тұрғын үй кешеніне мердігер компания 7 жылға дейін кепілдік берген. Сондай-ақ, тұрғындар бұл пәтерлерге құжаттарын рәсімдеген соң кез-келген мақсатта пайдалана алады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ