Редакция таңдауы

МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП САҚТАЛДЫ

Қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жыл мерекесін қауіпсіз әрі жайлы жағдайда қарсы алды. Құқық қорғау органдары жаңа жылдық мерекелерде тәртіпті қамтамасыз ету үшін жедел әрі үйлесімді жұмыс істеді.

«Шымкентте мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қалай сақталды?» тақырыбында өткен баспасөз брифингінде қауіпсіздік іс-шаралары қорытындыланды.
Шымкент қаласы Полиция Департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Бақытжан Абдуллаев мерекеде атқарылған жұмыстарды баяндады.
-Шымкентте жаңа жыл түні тыныш әрі тәртіппен өтті. Полиция қызметіне бұл түні 1000-нан астам қоңырау түсті. Тәртіп сақшылары әр шақыртуға жедел әрекет етіп, тиісті шараларды қабылдады. Мерекелік іс-шаралар өткізілген орындарды патрульдеу кезінде полицейлер 20 баланы тауып, ата-аналарына қайтарды. Жоғалған балалардың барлығы аман-есен отбасыларға тапсырылды. Қала аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылды. Олардың үйлесімді жұмысының арқасында қала тұрғындары мен қонақтары жаңа жылды қауіпсіз жағдайда қарсы алды, — деді басқарма бастығы.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Бақытжан Абдуллаевтың айтуынша, қала стационарларының резервтерінен алты бірлік санитариялық автокөлік тарту есебінен бригадалар саны ұлғайтылған. Соның арқасында шұғыл санаттар бойынша стандартқа сәйкес шақыруға кешігулер байқалған жоқ.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар