немесе құқықтық сана қалыптаспай, орнықты дамуға жол жоқ
Осы жұрт жәйшылықта Бауыржан Момышұлын жақсы көретін сияқты. Әділдігі мен адамгершілік қасиеттерін дәріптеп, сөзінен цитата келтіріп жатады. Бірақ, кейде «біздің қоғамның Баукеңе деген құрметі мен сүйіспеншілігі сөз жүзінде ғана ма?!» деп ойланып қаламыз. Өйткені, «Қайран, Бауыржан атамыз», «нағыз батыр адам болған ғой» деп таңдай қағып жататындардың көбі Момышұлының өмірлік қағидаларын ұстануға, өсиеттерін орындауға жүре қарап, селқостық танытады.
Басқасын айтпағанда, батырдың әйгілі «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзіне құлақ асып, өсиетін орындауға асықпай отырмыз. Ашығын айтсақ, біздің қоғамда тәртіпке бағыну, ережелерді сақтап әрекет ету, заңға бағынып өмір сүру дегенді әлсіздік, қорқақтық, бейшаралық деп қабылдайтындар көп. Керісінше, тәртіпке бағынбауды, сан түрлі себеп пен сылтау айтып, ортақ ережелерге қарсы шығуды батырлыққа балайтындар баршылық. Өкінішті, әрине. Бұ түрімізбен қайтіп ел болмақпыз? Қайтіп, өркениетті, құқықтық-демократиялық қоғам құрып, қашан орнықты дамуға қадам баспақпыз?!
Жаңа жылдан бастап елімізде айыппұлдың жаңа түрлері пайда болып, мөлшері көбейді. Мысалы, тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 58 980 теңге айыппұл салынады. Бұл жаза аздық етіп, азамат тап сол тәртіпті жылына жетпей тағы да бұзса, айыппұл да 20 АЕК-ке дейін көбейеді. Оған қоса қоғамдық орынды ластасаңыз, жолды рұқсат етілмеген жерінен кесіп өтсеңіз, халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдарда автокөлік жүргізіп келе жатып орташа жылдамдықтан асып кетсеңіз, жалпы, бекітілген қай тәртіпті болса да бұзсаңыз жазалы болып, айыппұл арқалайсыз…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанның негізгі қоғамдық құндылығы заң мен тәртіп екенін қайта-қайта ескертіп келеді. Өйткені, құқықтық сананы қалыптастырып, халықты заңмен өмір сүруге үйретпейінше, ешбір реформаның нәтиже бермейтіні белгілі. Айыппұлдың көбейіп, тәртіптің қатаңдай түсуі сол саясаттың жүзеге асып жатқанының көрінісі. Бірден ашып айтайық, айыппұл салудағы мақсат, базбіреулер айтып жүргендей, қоғамға қылбұрау салу немесе халықты қанау емес. Ал, «Үкімет айыппұл арқылы қазынаны толтырмақшы» деген әңгіме, тіпті, құлаққа қонбайды. Өйткені, жыл бойына жеке тұлғаларға салынған айыппұлдың жиынтық мөлшері республикалық бюджеттің бір пайызына да жетпейді…
Олай болса, мемлекеттің айыппұлды көбейтудегі мақсаты не? Бергі жақта нақты мақсат – тәртіптің сақталуына ықпал ете отырып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни, мемлекет жаза басқан азаматына айыппұл салу арқылы жазалап қана қоймай, сол адамның өзінің және оның айналасындағылардың өмірі мен денсаулығын түрлі қауіп-қатерден қорғайды.
Осы жерде қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын аша түсетін бір-екі мысал келтірсек. 2023 жылдың жазында көршілес Түркістан облысы, Отырар ауданында Сырдария өзеніне түскен 11 адам суға кетті. Ал, былтыр жазда Ақмола облысындағы Астана су қоймасында бір үйдің 5 адамы белгіленбеген, рұқсат етілмеген орында шомыламыз деп ажал құшты. Жантүршіктіретін сол бір жағдай 19 жастағы бойжеткеннің көз алдында болыпты. Әрине, ажал айла таптырмайтыны ақиқат. Бірақ, «белгіленбеген орындарда суға түсуге болмайды» деген қарапайым ғана ереже бар. Жылда шомылу маусымы жақындаған кезде төтенше жағдайлар қызметі мұны қайта-қайта айтып, жұртқа ескертіп жатады. Ережені бұзғандарға айыппұл да салынады. Егер азаматтар сол ережені мүлтіксіз орындаса, әлгіндей қайғылы жағдайлар орын алмас па еді? Кім білсін?!
Алысқа бармай-ақ, Шымкент қаласында 2024 жылдың 10 айында жол-көлік оқиғаларынан 80 адам мерт болып, 1 мыңнан астам жерлесіміз әртүрлі дене жарақатын алған. Сол сияқты тұрмыста табиғи газды пайдалануға қатысты, күре жолда жылдамдықты асырып, қарсы бағытқа шықпауға байланысты ережелер бар. Биік ғимараттың құрылысы жүріп жатқан кезде жұмысшылардың каска мен қауіпсіздік белдеуін тағып жүруі де арнайы ережелермен белгіленіп, нормалармен бекітілген. Заңның осындай талаптарына немқұрайлы қараудың кесірінен қаншама трагедия орын алып жатады. Мемлекет барынша қадағалап, құқықбұзушылық әрекетке барғандарды айыппұлмен жазалап, әкімшілік қамауға алып жатқанның өзінде жағдай осындай болып тұр. Егер мемлекетіміз «ұзын арқау, кең тұсауға» салып, тәртіптің сақталуын қадағаламаса, мұндай оқиғалар одан да көбейіп кетері сөзсіз.
Соңғы кездерде әлеуметтік желілерде айыппұлдың көбейгеніне наразылық білдірген посттар мен жарияланымдар көбейіп тұр. Әрине, сөз бостандығы, ой еркіндігі бар қоғамда әркімнің пікірін ашық айтуына еркі бар. Алайда, осы бір тақырыпты үдетіп, отқа май құйғандай қайта-қайта қозғай беретіндердің пиғылы күмәнділеу сияқты. Олар бұл мәселені заң мен тәртіптің күшейту, құқықтық сананы жетілдіру үшін жасалған қадам ретінде емес, адамдарға жасалған қысым ретінде көрсетіп, ел ішінде сыңаржақ, теріс түсінік қалыптастырып жатыр. Тіпті, шектен шығып Қазақстанға тіл тигізіп жатқандары да бар. ТеНтегі мен телісін жөнге салғаны үшін өз мемлекетімізге, ғазиз Отанымыз – Қазақстанға тіл тигізгендермен келіспейтінімізді білдіргіміз келеді.
Айналып келгенде, полиция қарап жүрген кісіні тоқтатып алып, айыппұл салып жатқан жоқ. Халқымыз «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деген мәтелді босқа айтпаған ғой. Айыппұл төлегіңіз келмесе, заң талабын, тәртіп пен ережелерді мүлтіксіз орындауға дағдыланыңыз. Құқықтық мемлекет, демократиялы қоғам өстіп-өстіп қалыптасады.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ