ХХІ ғасырдағы алыптардың алыбы, даналардың жұрнағы, ұлылардың ізбасары – сөзсіз Мекемтас Мырзахметұлы атамыз еді. Ол кісімен менің таныстығыма биыл 11 жыл толыпты. Бажайлағанға бірде аз уақыт, бірде осал еместей көрінер. Мектепті бітіре сала Мекемтас атамен таныстығым басталды. Айбарлы тұлға бұл кезде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Абайтану» орталығының директоры болып қызмет атқаратын. Мен бұл кезде аталған оқу ордасының филология факультетінің 1-ші курс студенті едім. Әуелгіде телефон арқылы байланыстық. Көңілде қобалжу. Жолыққым келетінін айттым. Бұрындары Мекемтас атаның Социалистік Еңбек ері, нағашым Егемқұл Тасанбаевпен тығыз байланыста болғанын естуші едім. Өзінен сұрап едім, рас болып шықты. Араларында ерекше байланыс болып, рухани көпір орнаған екен. Содан Мекемтас атамен алғаш кездесудің сәті түсті. Ол туралы сөз қозғасақ, басылымның шеңберіне сыймасы анық. Содан бастап аяулы тұлғаның соңынан ерген шәкіртіне айналып, дүниеден өткенге дейін арамызда мызғымас байланыс орнады. Филология ғылымдарының кандидаты, Мекемтас атаның шәкірті Ақжол Қалшабектің жетекшілік етуімен «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасындағы көркемдік-танымдық мәселелер» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғадым. Сол жұмысымды оқып шыққан соң, үйіне шақырып: «Мұндағы ойларыңды сенің жасыңдағылар ойланбаса керек, Абайдың бұл туындысына көп ғалымның тісі батпай жүрген еді. Ақжол екеуің біраз нәрсені қопарыпсыңдар», — деп баға бергені әлі күнге дейін жадымда. Сонан соң Мекемтас ата: «Бұл еңбегіңді магистратурада жалғастыр. Бәлкім докторлық жұмысқа ұласар. Еңбек жаз. Қолымнан келгенді аямаймын», — деп батасын беріп, магистратураға түсуіме өзі ықпал еткен еді, жарықтық!
Мекемтас атаның демеуімен һәм алқалауымен магистрлік диссертациямды Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасын тақырып етіп алып, қорғап шықтым. Жетекшім Ақжол Қалшабекпен диссертацияны кітап етіп шығардық. Бір емес, бұл еңбек бойынша бірнеше кітап жарық көрді. Мекемтас ата: «Ешкім бармағанға бардыңдар», — деп ризашылық білдірді. Осы бойынша тіпті баспасөз беттерінде пікірлері жарық көрді. «Китаб тасдиқ» жайлы жаңалығымызды «Qazaqstan» ұлттық арнасында Нұртілеу Иманғалиұлымен болған сұхбатта қалың көрерменге паш етті.
Онан бөлек, ақсақалдың бағыт көрсетуімен «Әуезовтің Оңтүстікке сапары» жинағын құрастырдық. Бұл туынды кейіннен «Әуезов һәм Абай атты екі томдық кітапқа ұласты. Мекемтас ата бұл еңбекке пайымды пікір білдіріп, мұхтартану ғылымындағы соны жетістік болғанын айтып, сендердің істейтін дүниелерің әлі алда деп қанатымызды қатайтты.
Атаның ғұмырының соңғы жылдары Оңтүстік өңірінде өтті. Өзі шыр етіп дүние есігін ашқан Түлкібас тауларының баурайында тағлымды сәттерін өткізді. Тоқсаннан асып, жүзге қадам басса да дамыл таппады. Қанша адамның шабытын ашып, көкірек көзін оятты. Қаруы – қалам, серігі – ақ парақ, жан жолдасы – адалдық пен әділдік болды.
Өз сөздерінде «Абайтану – оңтүстікке ауды» деп отырушы еді. Шымкент Мекемтас ата үшін айрықша қала болды. Шымшаһарда соңғы жылдары жан-тәнімен беріле еңбек етті. Олай болуының да жөні бар. Мархабат Байғұт атамыз: «Қатыгездік пен қайырымсыздық, күншілдік пен бақастық қалалардан емес, тұрғындар тараптан болар. Онда да зиялымын деп жүрген зиясыздардан (нұрсыздардан), жалғандыққа иланып, жағымпаздыққа жығылар имансыздардан көбірек шығар. Бұл – жаңалық емес. Қашан да, қайда да солай. Осылай жалғаса берер. Әйтпесе, Әл-Фараби бабамыздың қайырымды қала іздеп жаһан кезіп бара жатқандағы бейнесінің елесі бүгінгі Мекемтас ағамыздың тұрпат-тұлғасынан табылар ма еді?» Иә, себебі де сондай. Мархабат Байғұт айтқандай… Аяулы Мекемтас атамыз сипаттағандай, Мекемтас ата үшін «Шымкент – қайырымды қала» болды. Ғұмырының кейінгі жылдарынан, бақиға аттанғанға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде табысты еңбек етті. 2018 жылдан бері іргелі қара шаңырақта «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы қызметін атқарды. Атаның «Толық адам» туралы кітабының талқылауын да осы орталықта өткізді. Анығын айтқанда бірге болдық. Бірлесе жұмыс атқарып, тізе қосып тірлік еттік. Бұл өміріміздегі ең бақытты шақтар болды. Соңғы рет 23-ші қарашада абайтанушы ғалым, шәкірті Ақжол Қалшабек ағамызбен көңілін сұрай барғанымызда атамыздың әжептәуір әлсіреп қалғанын байқаған едік. Сонда көңіліміз құлазыды. Бірақ, ұлылықтың нәрімен сусындаған ғарыштық сана сол күйі биіктен түспеді. «Сендердің жақсы болғандарың – өзімнің жақсы болғаным. Сондықтан біраз жұмыс тындырдыңдар. Осы жетеді демеңдер, бұл бастама. Алдарыңнан көлденең жұмыстар көп шығады. Соған күштеріңді салып, абыроймен алып шығыңдар», — деп батасын берді. Соңғы жүздесу екенін білмеппіз ғой, әттең!
Мекемтас атамен телефон арқылы ұдайы хабарласып тұрдық. Ата да бізге хабарласуды ұмыт қалдырған жоқ. Телефоннан есімі шыға қалса, есіміз шығып қуанушы едік. Мұхиттың тереңдігі, асқар шыңның биіктігі осындайда байқалады екен ғой. Тәкаппарлықтан ада, кісіліктен бойын таза ұстаған күйі мәңгілікке бет түзеді, ардақты атам!
Көңіл әлі де сенбейді. Әлі де «Мұхтартану» орталығында отырсаң, жайдары қалпымен кіріп келетіндей, телефон шылдырласа, аяулы Мекемтас ата хабарласатындай күйдеміз.
Дүние шіркін осындай екен. Шолақ екен. Лезде өте шығады. Сіздің Абайыңыз, біздің Абайымыз:
«Кәркиден, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті.
Өз заңымша ұқсаттым,
Берген Құдай тілекті.
Оспанды алған бұл өлім,
Тәубе қылсақ керек-ті» деген екен. Қазаққа сіздей ұлы перзент сыйлаған Жаппар Хаққа сансыз мақтау айтамыз. Сіздей ұстазға шәкірт болған бізде арман жоқ, асыл ата!
Өзіңіз ғұмыр бойы бойтұмар еткен ұлылармен жүздесіп, қауышқан боларсыз!..
Қош болыңыз, ата!
Бақұл болыңыз, әдебиеттану ғылымының мэтрі!
Алла алдыңыздан жарылқасын!
Әзімхан ИСАБЕК,
Мекемтас Мырзахметұлының
шәкірті, жас ғалым