Редакция таңдауы

ҚАЖЫМҰҚАНДАЙ АЛЫП ЖҮЗ ЖЫЛДА БІР ТУАДЫ

батырдың болмысына ешкім көлеңке түсіре алмайды

«Қажымұқанды қор қылды ғой лауқилар мен көрдемшелер… » Осындай тақырыпта мақала жазғанбыз. Оншақты жыл бұрын.
Сұлтан Қожықовтың Қажымұқан туралы түсірген «Бізді де танып қой» фильмі мен Ресей киномографтарының орыстың бас балуаны Иван
Поддубный туралы түсірген фильмін негізге алып.

«Қыз Жібектей» жауһар дүниені жарыққа шығарған Сұлтан Қожықов ағамыздың ата-бабасына рахмет. Қажымұқанды да жақсы түсіре алар еді. Орыс империясы, орыс шовинистері мүмкіндік бермеді. КСРО уақыты. Өздері бұратана санап жүрген қазақтың бас балуанын Поддубныймен теңестіруге сасық кеуделері жібермеді. Балуан рөліне де қатты қарады. Ресей балуандарын қиратып жеңіп жүрген алып Әбілсейіт Айхановтай балуандарымыз тұрғанда қырда шөп шауып жүріп, майлық газеттен іріктеу туралы мақаланы оқып қап өтініш берген тракторшыны таңдады. Әуелхан бауырымыздың жатқан жері жарық болсын. Күрессе күрескен шығар. Ауыл ішілік. Бірақ, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген Зияддин Исабековтермен тең емес еді. Ресей шовинистері тізерлеп отырып қадағалаған, Қажымұқанды ергежейлі қалыпқа түсірген осы масқарампаз фильмнен кейін Сұлтан Қожықов көпке ұзамапты. Күйік ішіне түсіп кеткен шығар.
Кейін орыстар Поддубный туралы фильм түсірді. Бюджеті – 12 млн. АҚШ доллары. Бір кездесуінде түрік балуаны Мұқанның мойнын үзеді. Мұқан – Қажымұқан. Басқа кім болуы мүмкін? Осылайша, ойына келгенін істейтін орыстар бір кезде 1912 жылы Харбинде Ресей империясының атын, беделін сақтап қалған Қажымұқанымызды тағы өлтірді.
Кейін тағы басталды сұмдық. Тұңғыш Президентке «Сізді Қазақстанның барлық қыз-келіншектері жақсы көреді» деп көпшік қойып жүрген Майя Бекбаева деген біреу «Қажымұқан өлер алдында әбден қорлық көрді, дүниеден аш, жалаңаш өтті» деп деректі фильм түсірді. Қолындағы айғағы, екінші дүниежүзілік соғысқа көмегім деп 100 мың сом аударған, ұшақ ұшырған балуанның Қазақстан Үкіметіне жазған хаты. Көмек сұраған. Сауарға сиыр, бие, соярға қой сұраған. Өз басым осы хатты Қажымұқанның жаздырғанына түк те сенбеймін. Үкімет «Қазақ Батыры» атағын берген. Айына 500 рубль өкіметтен тағайындалған стипендия алатын Қажымұқан, ай аралатпай қоңды қазақтар «сауын ішерге, сойысқа» деп үйірілеп мал әкеп тастайтын Қажымұқанның ешкімнен қорлық көретіндей жағдайы жоқ еді.
Күш атасының екі кітабын құрастыруға қатыстым. Соғысқа дейін де, соғыстан кейін де Қажекең күйлі болған. Жоқ-жітікке көп көмектескен. Созақта Файзулла Үрмізов деген кеудесі алтын сандық ақсақал бар еді. Айтуынша, қайтыс боларының алдында бір жыл бұрын Қажымұқан Созақ өңіріне сапарлап барады. Халықпен кездеседі. Мерейі толады. Қайтарда жұрт алдына отарлап қой, үйірлеп жылқы салыпты.
Ат арбадағы Қажекең Темірланға ұзақ жүреді. Жол жөнекей қасындағы қосшылардан майданнан ері оралмаған, кедей тұратын қазақтардың жайын сұрастырып, әлгі малдан сыбаға тастап кетер екен. Сауын сиыр, бие. Сойыс ұсақ мал, Үкімет Темірланнан алты бөлмелі керіскедей үй салып берген. Қажымұханға үкімет бөлген степендияның 500 рубль екенін айттық. Жұбайларына да 200 рубль бөлінген. Айдархан мен Жәнәбіл баласы да алып тұрған.
Жоқшылық, кемдік көретіндей жағдайы жоқ еді Қажымұқанның.
Майя Бекбаеваның қорлағаны аз болғандай, әлеуметтік желіде ұртын толтырып сөйлеп, бар қазаққа тілін безеген тағы біреуі шығыпты. Асланбек Қаңсарбаев. «Сенсация: КТО УБИЛ Қажымұқана? Кому помешал Хаджимукан?» деп әлеуметтік желіге видео жүктеген. Түсініктеме берген. Тыңдап қанымыз басымызға шапты.
Оның айтуынша, Қажымұқан өлер шағында әбден қорлық көріпті. Басында кепесі, үйі жоқ екен. Аш, жалаңаш, сиыр қорада өксіп өмірден озыпты.
Бұл не?! Не деген қасиетсіздік? Отырарда Бекжан Бейсенбай деген азамат бар. Қажымұқанды зерттеп, жазып жүрген бірден бір жазушы. Қолында том-том құжаттары, Қажекеңнің көзін көрген адамдардан жазып алған хаттары бар.
Сол көкем Ютубтағы фильмді жіберіпті. Мәселені, екі жақтап көтеретін болдық. Өйткені, ұлт батырына жасалып жатқан қысастықтың алдын алмасақ, Майя Бекбаева, Асланбек Қаңсарбаев сияқтылардың қатары көбейіп барады.
Қаңсарбаев қазақтың сол кездегі ел басқарған азаматтарын Қажымұқанға көмектеспеді деп күстаналап, дала батыры қорғанда Өзбекстан басшыларынан тапты деп көкиді. Тыңдап көріңіз. Бекжан ағамыздың жібергені:
«Бұл видео кезінде Алматыдағы Республикалық архивтың директоры болған Марат Хасанаев деген тапқан. Қажымұқанның атынан 1945 жылдың 26 маусымында және 1947 жылдың 10 қаңтарында жазылған екі хаттың орысша аудармасы негізінде жасалған қате деректерді қайталайды. А.Қансарбаевтың бар «жаңалығы» М.Хасанаевтың айтқан қате деректерін барынша қоюлатып, айқайлатып, көрші Өзбекстан Республикасының басшылары: Өзбекстан КП ОК бірінші хатшысы Осман Юсупов пен Өзбек ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Юлдаш Ахунбабаевтарды мақтап, «1937 жылы Қажымұқанды НКВДның тұзағынан өзбектер құтқарды» дейді. Хат барысында егер маған көмек бермесеңдер Өзбекстанға көшемін деген сөзі айтылған. Ал, Қажымұқанға «көмек қолын созбаған» қазақ басшыларынын оқыңыз. Аза бойыңыз қаза болады.
1) Нұртас Оңдасынов Қаз ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы;
2) Әбдісәмет Қазақбаев Қаз ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы;
3) Салкен Дауленов Оңтүстік Қаз. облыстық атқару комитетінің төрағасы;
4) Исағали Шарипов Қаз ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары;
5) Хабир Пазиков(1944-1947) Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші секретары;
6) Мұхамеджан Ерлепесов(1947-1952) Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші секретары;
7) Салімжан Ғалиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші секретары;
8)Қасым Сүлейменов Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші секретары;
9)Захан Ескендіров Оңтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің бірінші секретары;
10) Жұмабай Шаяхметов Қаз ССР КП бірінші секретары;
11) Қаныш Сатпаев Ғылым Академиясының президенті;
12) Дінмұхамед Қонаев Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары;
13) Әмір Қанафин Қазақстан ССР ЛКЖО бірінші секретары.
Әлгі әңгүдік осы басшы азаматтарды «қолдарында орасан билігі бола тұра көмектеспеді» деп кіналайды.
Бұл ұлтты, іс басында жүрген азаматтарымызды анық қорлау ғой.
Негізі, Қажымұқанды цирк балуаны деп ұғатындар, осылай деп пікір айтатындар өз ішімізде әркез табылып жатады.
Ресей империясының өзіне бағыныштыларды құл, бұратана ұлт көрген көкірек ниетінен қалған сасық саясат.
Қажымұқан анадай еді, мынадай еді демей-ақ қояйық. Осындай күңкіл әңгіме үдей бастағанда Қазақстан Үкіметі жас ғалым Мұратхан Тәнекеевке Қажымұқанның ізімен жүріп, зерттеу жүргізуге тасырма берген. Мұратхан ағамыздың ата-бабасына рахмет. Жүрді. Көрді. Тапты. Қажымұқанмен күрескен балуандардың Вейланд Шульц бастаған біразын тауып, тарихи деректерге негізделген ғылыми еңбек жазды. Орыс балуандарының, ішінде Поддубныйы бар. Қажымұқанды еркін еңсеріп ем дегені болмаған. Әрі-беріден соң Қажымұқан 1912 жылы Харбинде өткен орыс-жапон балуандарының турнирінде Ресей империясының намысын сақтап қалғанын айтпасқа болмайды. Жеңілген жапон құрамасының бас балуаны Саракики Жиндофу өлім мен өмір беттесетін ережесіз жекпе-жекке шақырғанда кеудесі аяққаптай орыс балуандары бұғып қап, Қыжамұқан кілемге шығады. Соңын білесіздер…
Құдайға не жазғанын қайдам, осы Қажымұқанның кинода жолы болмай қойды. Қанағат Мұстафин деген бір режиссер «үйімді кепілдікке қойып түсірдім, кермет фильм, шетелге прокатқа шығарымын» деген соң барғымыз келіп-ақ еді. Жақсы шығар деп. Жарнамадан Саракикимен өткізген жекпе-жегін көрген соң түсіндік. Сендіре алмайды. Алапат айқастың ізі жоқ. Актерлер де маржантопай біреулер. Бұл да Қажымұқанды өлер шағында өмірден баз кештіреді. Қажымұқан жазды деген күмәнділау хатқа сүйенгендердің сөзіне сенсек:
Қажымұқан өлер шағында қорлық көрді. Аш, жалаңаш, ауру меңдеген, тұрағы сиыр қора. Осының қып-қызыл өтірік екендігін мүмкіндігінше айттық.Қорлық көрген Қажымұқан емес, орыстың бас балуаны Иван Поддубный. Орыс-герман соғысында күн көріс үшін полицай болған.
Соғыстан соң аштыққа, қорлыққа ұшыраған. Сол кезде Қажымұқан естіп, Үкіметке хат жазған. «Поддубныйды маған жеткізіп беріңдер, өзім бағам, жанымда болады» деп. Бұл әлгі мұндарлардың, сілімтіктердің Қажымұқан аштан өлді деген дақпырты кезінде айтылған кеп.
Бірақ, бұлар халық емес. Халықтың сөзі басқа. Олар Қажымұқанды аспанмен амандасқан Алатау да, Қаратау да көреді. Күш атасы өзі биігінен аласармайды, арзан хайп қуғандардың жаман ниеті өз бастарына көрінсін.
Қажымұқандай алып – жүз жылда туылатын тұлға. Оның болмысына ешкім көлеңке түсіре алмайды. Осы еді айтпағымыз.

Соңғы жаңалықтар