Аға дос М.Магомаев өзінің Италиядағы тәлімгерлік оқу кезін еске ала отырып, ондағы «АLLА SCALA» театрының екінші қабатындағы фойэнің төрт бұрышында В.Беллини, Дж.Россини, Дж.Верди және Дж.Пуччинидің ескерткіштері тұрғанын айтатын. Италия операсының даңқы осындай ұлы тұлғалармен қаланған дегендей олар мәртебелі әлемдік өнер ордасында «бас қосқандай».
Дж.Пуччини шығармашылығында «Манон Леско». «Богема», кейін «Батыстық ару», «Тоска», «Джанни Скикки», «Турандот» сияқты дүниелерінің арасында «Баттерфляй ханым» («Чио-Чио-Сан») операсының орны бөлек.
Жалпы, шым-шытырық оқиғаларға, экзотикалық бояуға толы шығыс тақырыбы батыс авторларын көптен қызықтыратын. Әдебиетте Дж.Байрон, И.Гете, музыкада Ж.Бизе, Л.Делиб, Н.А.Римский-Корсаков секілді тұлғалар тамаша шығармалар жасап кеткені белгілі.
Француздық, одан соң ағылшын тектес кісілер Шығыстың жабық, жұмбақтау Жапон елінің тірлігінен алынған гейша тарихын американдық драматург Д.Беласко пьесаға айналдырып, ол Лондондағы Йорк ханзаданың театрында қойылғанын көрген Дж.Пуччини үлкен тебіреністе болып, автормен хабарласып, сол сюжетке опера жазу ниетін жеткізеді. Автордың келісімін алған композитор жапон фольклорын, қасіретке ұласатын махаббат әуенін шебер үйлестіре отырып, моноопераға барынша бейім
3 бөлімдік туынды жасап шығады. Оның, әсіресе, 1904 жылы Брешиа қаласындағы «Гранде» театрында қойылған, титулдық партияны атақты Украина (ресейлік) әртісі С.Крушельницкаяның биік дәрежеде орындап шығуы шығарманың сүбелі, жүрекке жақын, мелодияға бай жарқын шығарма екенін паш етіп, дүние опера театрларының көп қойылатын шығармасы болып анықталады.
Қазақ көрерменін Баттерфляй бейнесімен 1943 жылы К.Байсейітова таныстырғаны белгілі.
1967 жылы Жапонияда Чио-Чио-Сан партиясын үздік орындаушыны анықтау үшін бірінші бүкіләлемдік конкурс өтеді. Сонда заманның ең жақсы Чио-Чио-Саны болып Совет елінен (Молдавия театрынан) барған Мария Биешу танылады. (Екінші орынға Киев театрының өкілі Ламара Чкония лайық деп қорытындыланады.)
Осындай шаралар Баттерфляй партиясы сопрано дауысты әйел-қыздар үшін ынталандыру факторы болып, оларды қызықтыра түседі. Чио-Чио-Сан болып, 2 жарым сағат бойы үзіліссіз 15-16 жасар жапон қызының махаббат құдіретіне барынша беріктігін, сенімін жоғалтпаған, сол жолда небір «құрбандықтарға» барып, ол сенімнің күйрегенін түсінген жас арудың жапон ұлттық серті бойынша сэппуку, яғни, самурайлар тәртібімен өз-өздерін құрбандыққа шалу ритуалдық қадамына бару бейнесін жасау, ол қадамның логикасын (қисынын) дамыту, оған вокалдық алуан түрлі дыбыстар бояуы, ырғақ, сөз-дикция үнін түрлендіре алу, музыкалық нотамен, оркестр партитурасының сұрапыл дыбыс тасқыны арасынан дәл шығу міндеттерін орындай алу шексіз орындаушылық ерлікті талап ететін шығармашылық аңсар, өмірлік арман. Шығармашылық-сахналық бақыт!
«Чио-Чио-Сан», яғни «Мадам Баттерфляй» барлық опера театрларының репертуарында тұрақты түрде жүреді.
Көптен бері армандалған шығарманың жас театрдың еңсеріп шыға алатынына сенім білдіріп, ұжымды қанаттандырып, шығармашылық ұлан-ғайыр міндет қойып, оны орындап шығуын қамтамасыз еткен Майра Мұхамедқызының тәуекелшілдігін, музыкалық театр табиғатын, оның әлеуетін дәл есептей алатындығын ерекше атауымыз абзал.
Бұл-театрдың кезекті премьерасы емес. Бұл үлкен шығармашылық амбицияның салтанат құруы! Триумф!
Солистердің, хордың шығарманы итальян тілінде орындауы, ноталық материалда купюра,яғни, орынсыз қысқарту, қиындықтардан аттап өте салу мүлде кездеспейді. Пуччинидің бар ойы, толғанысы, жапон қызының кіршіксіз махаббатына деген іңкәрлігі, жүрек қылын тербейтін нәзік мелодиялары сол қалпында Шымкент сахнасынан төгіліп тұр.
Сонымен – «Мадам Баттерфляй» Шымкентте! Көрермен залынан бірден зейінді алатын нәрсе – жапон сәулет өнерінің белгісі, фрагменті – қасиетті деген ғибадатханасына бағыттайтын, тории деп аталатын арка сахна айнасын кеңітіп жібергендей. Оқиға Жапон жерінде болатынын жазбай тануға болады.
Қарапайым көрерменге жапон елі дегенде еске гүлдеген сакура, әдемі майысқан өсімдіктерден тұратын жапондық бау, икэбана-гүлмен безендіру мәдениеті, шәй церемониясы, кимоно, самурай, кабуки, харакири, оригами секілді нәрселер түсетіні бар ғой. Осының бәрі сахнада орын алады. Бар.
Тіпті, авансценадан көрермен залына қарай оркестр ұясы үстінен «асылған» имек көпір, жылжымалы есік-терезесі бар жапон үйі оқиға өтетін орынның аутентикалық жағынан дәлдігін білдіріп тұр.
Қыздар тобының қолшатыр, желдеткішті (веер) тұтынуы, кимоноға оранып, кездескен кісіге ілтипатпен сәлемдесуі, майда жүрісі, негізінен, йога жүйесінің бір элементі — алмаз позасымен бүк түсіп отыра кетуі Пуччини әуенімен түрлене түскенде көз алдыңызға ғайыптан келіп орнай қалған шығыс миниатюрасы келе қалады. Ал қыздардың, қызметшілердің неке тойын пайдаланып, ас жеу үшін кезекке тұра қалуы Нагасаки сынды портты қала тұрғындарының әлеуметтік жағынан соншалықты әлжуаз екендігін танытып, нақты фон ретінде нанымды жасалған.
Спектакль партитурасының әралуандығы, дыбыстар үйлесімі, қосымша аспаптар тартылған оркестрдің әншілерге қажетті қуат беріп, дыбыс балансын реттеп, оптимальды деңгейде сүйемелдей алуы біршама дұрыс орындалған.
Жалпы, режиссура дәстүрлі, әбден орныққан мәнерде жасалған. Режиссер спектакль ырғағын, характерлер дамуын, персонаждарды бірегейлеу ісін нақты атқарған.
Айгүл Азатова өзінің Баттерфляйімен Анна Нетребко, Анжела Джорджиу, Асмик Григориян секілді әлемдік жұлдыздармен қатар тұрғандай әсер қалдырады. Дыбыс жұмсақтығы, шығыстық нәзіктік, жарасымды киім, сахналық пластикасы, іңкәрлікке толы нәркес көзқарасы, амалсыздан жапон самурайларының қағидатына мойынсұнуы спектакльдің ең тартымды беттері.
Американдық флот лейтенанты Пинкертонды сүйіп қалған Баттерфляй бірінші актідегі дуэттерді, өзінің әңгімесін өте нанымды, дауысқа салмақ салмай өткізеді. Оның құштарлығы, бұдан былай өзін «мадам Пинкертон» аталуы, жас жігітке деген риясыз сенімі, «аялашы, мені» мінажат-дуэтінде толық ашыла түседі. Жалпы, опера әдебиетіндегі ғашықтық, махаббат дуэтінің ең таңдаулы әйгілі нұсқасы «Vоgliatemі bene» сахнасын жас театрдың жұлдызды солистері Айгүл Азатова мен Жұмабек Қаңтарбаев шарықтата орындайды. Әйгілі жоғарғы «до» бірінші акттың мейлінше жарқын шегесіндей шырқырай бекітіледі. Кернеуінен асқан ғашықтық энергиясы, ынтыққан сезім тасқыны нағыз опера гүлдестесіндей керемет әсерге бөлейді.
Үміт пен сенімнің, махаббаттың гимні деп танылған Баттефляйдің 2 актідегі «Un bel di vedremo» ариясы сопрано дауысты әншілер шеберлігінің лакмус қағазындай…Емтихан іспетті. Айгүл арияны сағынышқа да, ойнақы-еркелікке де , нық сенімге де толтыра шығарма конструкциясына сай дауыс нюанстарын түрлендіріп, зор қуатпен «си бемоль» нотасымен бекітіп, көрерменін сілкіп алады. Одан кейінгі сахналары да — Сузукимен ансамблі, Ямадори, Шарплеспен диалог-дуэттері өте шынайы шыққан.
Алыстан естілген зеңбірек дауысы – портқа Пикертонның кемесі келгенін білдірген соң қуаныштан оны қарсы алудың амалдары – неке күнгі кимоносын киюі, үйді гүлге толтыруы, түні бойы көз ілмей, таңды қарсы алуы Баттерфляй бейнесін толықтай түседі. Соңғы сахнадағы Баттерфляйдің отбасылық реликвия-әкесінің вакидзасиі-самурай қанжарын алып тұрып, пышақ жүзіне жазылған «Абыройсыз өмір сүргенше абыроймен өлген артық» деген әкесінің сертін тағы бір оқып алып, құрбандыққа қадам басуы Айгүлдің образ тұтастығын меңгергендігін көрсетіп тұр.
Пинкертон Нагасаки портында бір ай бойына тоқтап тұруына байланысты жергілікті пысықай Гороның көмегімен жалға үй алмақ. Қосымша 100 йен ақшаға ол тіпті қалыңдық та тауып беруді ұсынады. Шығыс аруын бірер уақыт ермек етпек американдық янки — «жолы болғыш», «жалғанды жалпағынан басып жүре беретін» Пинкертон Чио-Чио-Санның пәк көңіліне, ықыласына тәнті болып, ғашық болып-ақ қалады.
Жалпы, партия-рольді спинто-тенор ретінде жақсы жетіліп келе жатқан Жұмабек Қаңтарбаевтың жақсы меңгергенін 1 актідегі дуэттен, соңғы актідегі «Addio, fiorito asil» ариозосынан да байқаймыз. Музыка характеріне сай актердің зигзаг ырғақты қимылдары ғаламат экспрессияға толы жан айқайын жоғарғы регистрдегі нотамен шарықтатып бекітеді. Екі оттың арасында қалып, кезінде Шарплестей есті кісінің ескертпесіне құлақ түрмегенін өкіне есіне алып «жын қуғандай» қаша жөнелуі логикаға сыйымды көрінді.
Сузуки партиясын (меццо-сопрано) әсіресе Баттерфляймен дуэті, соңғы сахнадағы күйзелісін нанымды келтірген Гүлжан Рысқалиева жайма шуақ, эмоцияға толы, мейірбан жан етіп шығарды.
Американдық консул, қайырымдылықтың, адамгершіліктің символындай болған Шарплестің соңғы актідегі ыңғайсыз ситуацияға түскенін түсінгені А.Скибин орындауында, Бонза (А.Қанатбек) өзінің бекемдігімен, ұлт намысын қорғайтындай айбынымен, тіпті, костюм-гримінің сәйкестігімен, Принц-ханзада Ямадори (М.Дүйсеев) бірсыдырғылығымен, ал айлакер Горо (Е.Зауытбек) өзінің «тындырымды» қимылдарымен, басқа біршама кейіпкерлер спектакльдің тартымды шыққанына барынша үлес қосып тұр.
Хор тобы дыбыс мәдениетімен, спецификалық жүріс-қимыл стилімен, кимононы, қолшатыр, желдеткіш, басқа да атрибуттарды ойната алуымен сахна атмосферасын құлпырта түседі.
2 акт соңында түні бойы Пинкертонын күткен Баттерфляйдің үміт толы мұңлы көзі, түннің ұзақтығы, қызарып атқан таңды хор тобы әлдеқайда толық құраммен автор белгілеген жабық ауызбен (мм) орындалатын вокализге ерекше бояу бітіргенде сахнаның эмоционалдық әсері күшті болар ма еді…
Білгір, тәжірибелі режиссер М.Панджавидзе барлық нәрсені ескерген. Бірақ автордың ойында болмаған фэнтези жасамақ ниетпен, хореографияны дивертисмент ретінде пайдалануы, ол спектакльдің жалпы бейнесінен алшақтау, артық көрініп жатуы, сахна конструкциясының шамадан тыс зіл батпан ауыр салмақты болып, көрермен көзінше самураймыз деген жігіттердің ежелгі Вавилондағы иудей тұтқындары сияқты мықшыңдап сахна қондырғысын қозғалысқа келтіріп жатуы «ысқырығы жер жарады…» дегендей, жалпы эффектке сай болмай тұрғандай. Сценографтан жапон үйін көрсетуде әлдеқайда ұтымды (ықшамдау,компактты) нұсқасын күту орынды.
Оркестр басқа қалалардан шақырылған музыканттар көмегімен толықталғаны жақсы байқалады. Дегенмен, ішекті аспаптар жағы әлі де жеткіліксіз екен. Есесіне, валторналар ерледі. Опера лейттақырыбын рефрен ретінде дәйек (цитата) беріп тұруы нағыз Пуччини шығармасы екенін паш еткендей. Дегенмен оркестрдің спектакльдің пульсын, қан тамыры бүлкілін анықтап тұратындай тегеуірініне жете түссе деген тілектеміз.
«Мадам Баттерфляй» спектаклі – Шымкент операсының үлкен жеңісі. Жалпы, театрдың барлық жағынан өсе түскенін дәлелдеп тұрған ғаламат сахналық, музыкалық, актерлық қойылым. Мегаполис дейтін қалаға лайық тамаша өнер ордасына жиі-жиі бас сұғып, жүрекке әдемі нұр құятын шығармаларды көріп-тыңдап тұру шымкенттіктердің өмір салты болатын да шығар… Театр көңілімізді қалдырмау әрекетінде. Театрда жолығайық, өкінбессіз, ағайын…
Асқар ӘЛИХАН