ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нажметдинұлы мен Данабек Исабеков Шымкентке жұмыс сапарының аясында қаладағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан теміржол өткелінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, халық қалаулылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, азаматтардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
Бүгінде Еңбекші ауданы Момынов көшесінің бойында теміржол өткелінің құрылыс басталды. Жұмысбиыл желтоқсанда аяқталды.
Болатбек Нажметдинұлы көптен бері шешімін таппай келген жобаға тиісті қаржы бөлінгенін, бұл орайда қала әкімдігі белсенді жұмыс атқарғанын атап өтті.
– Осы аумақта теміржол өткелін салу қала тұрғындарын толғандырған күрделі мәселе еді. Бұл мәселені көтеріп келе жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Қала әкімдігі Момынов және Тіленшин көшесі бойындағы темір жол өткелінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылды. Қала әкімдігінің өкілдерін арнайы шақырып, осы мәселені талқыладық. Уақыт-сәтімен екі жобаға да қаржы бөлініп отыр. Елімізде теміржол байланысы ұлғайып келеді. Сол себепті де бұл жердегі кептелістер одан сайын арта түспек. Жалпы, аталған мәселе шешімін тауып келеді. Өткел құрылысы басталғаннан кейін оны әрі қарай кеңейту жұмыстары да атқарылады. Теміржол өткелі 2025-2026 жылы іске қосылуы тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы қала кәсіпкерлерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары талқыланды. Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуге мемлекеттік кірістер департаменті, Шымкент қаласының прокуратурасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Мәжіліс депутаты бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, инфрақұрылым нысандары құрылысының жоспарға сәйкес орындалуы бойынша кестеге сәйкес кездесулер өткізіп жатқанын атап өтіп, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауда бірқатар арыз-шағым түскенін айтты. Мұндай кездесулерде мәселелер ашық талқыға түсу қажет.
Жиында қалалық прокуратура өкілдері инвестицияларды және кәсіпкерлерді қорғау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Жергілікті кәсіпкерлермен жиі кездесулер ұйымдастырылып, бизнес өкілдерінің құқықтары қорғалуда.
Басқосуда кәсіпкерлер инфрақұрылым жағынан қолдау көрсету, салықтық жеңілдіктер бойынша бірқатар мәселелерін, ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты алда прокуратурамен бірге кәсіпкерлер құқығын қорғауда тиісті шаралар жүргізілетінін атап өтті.
Т.ҚАСЫМОВ