Редакция таңдауы

Жаңа зауытта мыңдаған жұмыс орны ашылады

Шымкентте бұрынғы қорғасын зауытының орнында «Standard Steel KZ» серіктестігі мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін іске қосты. Ашылу салтанатында сөз алған азаматтар осы саланың білгірлері мұндай зауыттың ТМД-елдерінде баламасы жоғын айтып жатты. Бәрі дұрыс.Алайда, тарихтың сарғайған беттерін парақтап көрейік.

Бүгінде екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз бола қалса, «жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалған» деген дерек алдыңыздан шығады. Рас.
ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Шымкент қорғасын зауыты КСРО-да өндірілген қорғасының 70 пайызын бергені бүгін ертегі іспетті дүние.
Тарихи деректерге үңілсек 1934 жылдың 20 қаңтарында бірінші қорғасынын шығарған. Шымкенттегі қорғасын зауыты отызыншы жылдардың өзінде КСРО-да өндірілген қорғасынның негізін қамтыған. Жаңадан жұмыс істей бастаған Шымкенттегі қорғасын зауыты бүкіл Кеңес Одағындағы қорғасын зауыттарынан 2 есе көп өнім беретін. ШҚЗ 1937 жылы КСРО-ның қорғасын өндірісінің 75,3 пайызын өндірді. 1939 жылдың 26 сәуірінде Калинин атындағы ШҚЗ КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығына сәйкес Ленин орденімен марапатталды. 1939 жылы ШҚЗ Қазақстанның 73,2 пайыз КСРО-ның 62,1 пайыз қорғасын өнімін шығарды.
Алайда, аққу көкке, шортаң көлге тартқан сонау оңтайсыз жекешелендіру, экономикадағы оралымсыздық пен тоқырау, кешегі одақтас мемлекеттердің дербес ел болып, бір-бірінен алшақтаған уақыты КСРО-дағы алып зауыттар мен фабрикаларды қиратып, алдын үйіндіге айналдырып жіберді. Құтқарып қалуға серіктестіктер табылып, қанша млрд.таған қаржы салынғанымен ескіні жамағанның есі кетедінің кері келді.
Күні кеше күллі Одақтың мақтанышы болған, үлкен империяны қорғасын өнімдерімен толық қамтыған Қорғасын зауыты қайта-қайта істен шығып, қоршаған ортаға ауыр залал тарата бастады. Зауыт маңындағы өңделген өндірістік қалдықтардың көлемі 2,5 млн. тоннадан асты. Ел ішінде түрлі аурулар көбейді. Экологтар дабыл қақты. Өндірісте әбден пайдаланылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйінділерді зерттеген ғалымдар одан тұздармен ластанған мырыш, мыс және мышьяқ сияқты ауыр металдарды тапқан. Жетпіс жыл бойы жинақталған өндіріс қалдықтары тау болып үйіліп, үп етіп жел тұрса, төңіректі тозаң басып қалар еді. Шымкент қаласының тұрғындарында демікпе, анемия және аллергия сияқты созылмалы аурулар көбейді.
Сол кезде техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіров ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін еместігін айтып еді. Яғни, қорғасын қандай мөлшерде болса да суда, ауада жинала береді.
Ал, уланған адамның көп өмір сүре алмайтындығы белгілі. Оның үстіне түрлі аурулар шыға береді.
Бұл зауытта өзіміз де сан мәрте болдық. Инвесторлар келгенде. Бірақ, құрылысы қаусап, ескі технологиясы лекелеуге келмейтін зауытты сырып тастамастан басқа амал жоқ-ты.
Шет ел инвесторлары да тәуекелге бара алмай тұрғанда құтқарушы өз елімізден табылды. Ол — «Саутс-ойл» компаниясының президенті, талай өндіріс орындарын аяғынан тік қойған іскер азамат Серікжан Сейітжанов.
Серікжан, Секеңнің әкесі
Сейітжан Құртаев қарапайым мұғалім болған. Анасы-Хадиша үй шаруасындағы жан. Яғни, атадан мұраға қалған ат басындай алтыны жоқ. Ер жігіттің қаруы — іскерлігі мен тәуекел етіп тас жұтуы. Серікжан Сейітжанов осы зауытқа 13,3 млрд.теңге, ал қасындағы индустриялық аймаққа 30,8 млрд. теңге инвестиция тартты. Мырыш оксидін өндіретін зауыт жылына 300 мың қалдықты өңдейді.
Қазақстан мемлекеті үшін аса маңызды зауыттың екінші кезеңіне арнайы келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осы мәселерді атап айтты.
— Өздеріңіз білесіздер,-деді ол. –Сексен жылға жуық қорғасын қалдықтарын сыртқа шығарған зауыт қоршаған ортаға ауыр қиындық туғызды. Ауа ластанып, халық арасында түрлі аурулар көбейіп кетті. Осындай жағдайда «Саутс-Ойл» компаниясының қалдықтарды өңдеуге, одан шет елдерге экспортталатын өнімдерді айырып отырғанын үлкен ерлік, отаншылдық дер едім. Атап өтетін бір жайт, мұндай жаңа технологиямен жабдықталған, нанотехнологияның соңғы үлгісін пайдаланып отырған осындай зауыттар АҚШ пен Қытай мемлекеттерінде ғана бар. Шымкент-экономикалық ахуал жағынан мақтана алмайды. Қорғасын зауытынан шыққан қалдықтардың зияны 4-5 шақырымды қамтып отыр. Ескі фосфор зауытында да осындай жағдай болды.
Сондықтан, қалдықтарды терең өңдейтін осындай зауыттар елге әбден керек.
Құдайға шүкір. Қазақстан — шикізатқа бай ел. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр өнеркәсіптерде қалған қалдықтарды экологияға әсер етпейтіндей терең өндеп, ел экономикасын арттыруды міндеттеп отыр. Ал, бұл өз кезегінде табысты орындалып келеді. Мәселен, осы зауыттың мырышты концентраттарын Еуропа елдері мен Қытай сатып алып жатыр. Бұл бізді қуантады.
Осындай лепті Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтан да естідік. –Мемлекет үшін ауыр өнеркәсіп те, экологиялық ахуал да өте маңызды,-деді ол. -Мырыш оксидін өңдейтін осы жаңа зауыт екі жағын да қамтып отыр. Бұл жыл соңындағы жағымды жаңалықтардың бірегейі болды. Сондықтан да, ресми ашылуға арнайы келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановқа, жобаны қаржыландырып отырған «Bereke Bank» АҚ-ы Шымкент қаласы филиалының төрағасы Өтемісов Марат Бөртайұлына шын жүректен алғыс айтамын.
Салтанатты жиында үлкен өндірісті қаржыландырып отырған «Bereke Bank» АҚ Шымкент филиалының директоры Марат Өтемісов пен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов сөз сөйледі.
-Бұл біз үшін тарихи оқиға,-деді С.Сейтжанов. –Жақын жылдарда іске қосуға 10 ірі жоба дайындаған едік. Жүзеге сәтті асып жатқандығы қуантады. Бүгінде жылына 300 тоннадан астам қалдықты өңдеп отырсақ, енді кезектегі пештер іске қосылғанда оның көлемі айтарлықтай өседі. Осы индустриялық аймақта 176 700 шаршы метрді қамтыған өндірістік нысандар дайындап жатырмыз. Сонда бұл аймақта 2 мың 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жиыннан соң зауыт жұмысшыларымен пікірлестік. Технология Еуропаның Италия сияқты озық мемлекеттерінен және Қытайдан әкелінген. Жұмысшылардың алды осы мемлекетте даярлықтан өткен. Және олардың көлемі артып келеді.
Мемлекеттің игілігіне, жаңа жұмыс орнына, әрине, олар да қуанулы, біз де қуандық. Қит етсе өз елін жамандап, «түйме де шығара алмаймыз» деп өзеурейтіндер де бар ғой.
Міне, іскер азаматтарымыздың арқасында жаңа технологияның көмегімен тау-тау үйілген қалдықтарды терең өңдеп, пайдалы шикізаттарды экспортқа шығарып жатырмыз.
Осы индустриялық аймақ пен зауытқа елу мыңға жуық инвестиция тартылса, он жыл ішінде қазынаға 36,7 млрд-теңге салықтық түсім аударылыпты. Индустриялық аймақ толық іске қосылғанда көлемі айтарлықтай артары сөзсіз. Болашақта 3 мыңға жуық адамға жұмыс көзі болатын осындай өндіріс орындары көп болғай деп тіледік.
Қаржы салып, қолдаған мемлекет табиғи байлықтан бөлек экология мәселесін де реттеп алды. Жеке инвестор да игілік көріп жатыр. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы шығар…

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар