Жалпыға бірдей декларациялау – бұл мемлекеттік басқару жүйесінде қаржылық ашықтықты қамтамасыз ететін қадам. Мемлекет осы шара арқылы көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, елдегі салықтық тәртіпті күшейтуді көздеп отыр. Адал жолмен табыс тауып, оның салығын заңда белгіленген тәртіппен төлеп отырғанымыз айқын болуы үшін әрбіріміз табысымыз бен мүлкіміз туралы декларацияны міндетті түрде тапсыруымыз керек. Қазақстанда бұл практика төрт кезең бойынша енгізіліп жатыр.
Өткен жылы жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі сәтті аяқталды. Декларациялаудың бұл кезеңінде №250.00-ші, яғни, «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны 2024 жылдың 1 қаңтарындағы деректер негізінде бизнес өкілдері, яғни, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жалпы 150 мың азамат тапсырған болатын.
Биылғы кезеңге бірқатар өзгерістер енгізілді. Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жалпыға бірдей декларациялаудың 4-ші кезеңінің ерекшеліктері туралы
ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов айтты.
– Жалпыға бірдей декларациялаудың 4-кезеңінде 250.00 СЕН табыстау міндеті бойынша мына тұлғалар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар (1 150 ЖТ), жсо, адвокат, нотариус, медиатор, сайланбалы лауазымға, мемлекеттік лауазымға орналасуға және оларға теңестірілген кандидаттар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 11-бабы, 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары – лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін тапсырады. Банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетін жеке тұлғалар, банктің кемінде 10% акциясына иелік еткенде. Сондай-ақ, жеке тұлғаның шетелде жылжымайтын мүлкі және көлігі, шетелдік банктердегі банктік шоттардағы 1000 АЕК (3,7 млн теңге) астам сомадағы ақшасы, инвестициялық бағалы металдар, бағалы қағаздар, брокерлік шотта ақшасы болса, бағалы металдар, шетелдік компаниялардағы үлестер, инвестициялар және басқа да құнды активтер жатады. Резидент мәртебесіне ие болу үшін жеке тұлға Қазақстан аумағында қатарынан 12 ай ішінде кемінде 183 күн болуы керек. Сонымен қатар зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, цифрлық активтері, дебиторлық немесе кредиторлық берешектері барлар, құны 1000 АЕК (3,7 млн тг) асатын мүлкі, антиквариат, сәнді заттар және т.б. барлар декларация тапсырады, – дейді спикер.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде ұсыну салық төлеушінің кабинеті арқылы (cabinet.salyk.kz) Web-қосымшасы немесе e-Salyq Аzamat, еGov mobile немесе Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен, декларацияға тапсыруға қалай дайындаламыз деген сұрақ туындауы мүмкін. Жеке тұлғалар мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ретке келтіріп, нотариустардан қарыз шарттарын куәландыруды, банк шоттарына ақшалай қаражатты (37 млн теңгеден астам) орналастыруды, тәуелсіз бағалаушыдан қымбат мүлікті бағалауды бастау керек.
Декларацияны мерзімінде ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272 бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбаса алдымен ескерту жасалады, кейін осы баптың 2-тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –жеке тұлғаларға – он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Жалпыға бірдей декларациялау – қаржылық ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл жүйе халықтың барлық санаттарын қамтып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Қазақстанда оның кезең-кезеңімен енгізілуі азаматтардың жаңа ережелерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Декларациялауды сәтті жүзеге асыру үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру маңызды.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – мобильді аударымдар. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер декларация тапсырған кәсіпкерлердің 2024 жылғы мобильді аударымдарын тексере бастайды. Осылайша Мемлекеттік кірістер комитеті декларацияда көрсетілген деректер негізінде салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтауды көздеп отыр, яғни, кәсіпкерлік қызмет белгілері барлардың мобильді аударымдары тексеріледі. Бұл жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңіне де қатысты. Негізгі мақсат – кірісін азайтып көрсету үшін мобильді аударымдарды пайдаланатындарды анықтау. Кәсіпкерлікке арналмаған шотына соңғы үш айда 100 және одан да көп адамнан ақша түсетіндер тексеру құрығына ілінеді. Банктер мұндай мәліметтерді мемлекеттік кірістер комитетіне береді.
– Мемлекеттік кірістер комитеті 250 нысаны бойынша 2024 жылы декларация тапсырған кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірін банктерге жібереді. Банктер сол адамдардың мобильді аударымдарына қатысты мәліметтерді бізге жібереді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер бізге кәсіпкерлердің 2024 жылға мобильді аударымдары жайлы деректерді жібере бастайды. Банктер декларациялау жүйесіне енгізілген әрбір кәсіпкердің мобильді аударымдары жайлы ақпаратты жібереді. Солайша біз мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлікпен айналысып отырған адамдарды анықтаймыз, – дейді Сапарбек Ешанқұлов
Сонымен қатар сала маманы тек кәсіпкерлердің ғана емес, олардың жұбайының да мобильді аударымдары тексеріліп отыратынын айтты. Комитет осылайша бизнеске арналмаған жеке шотқа үш ай қатарынан 100 және одан да көп адамдардан түскен табысты бақылауға алады. Шын мәнінде, тексеруге алынған тұлғаның бәрін кірістер комитеті жазаға тартпайды. Егер түскен аударымдарды кәсіптік негізде салынбағанын дәлелдей алсаңыз, уайымдамасаңыз болады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА