Елімізде биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктің жаңа түрлері енгізілген. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтар үшін газ төлемдеріне 20 пайыз жеңілдік берілмек. Сондай-ақ, АӘК тағайындау цифрландырылған жүйеге көшетіні туралы да ақпараттар бар. Бұл өзгеріс «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алады.
Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева көшпелі баспасөз-брифингінде айтты.
Жалпы, атаулы әлеуметтік көмектің басты мақсаты – еңбекке ынталандыру, табысы аз отбасыларды жұмыспен қамту және кедейліктен қорғау. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, осы жылы еңбекке қабілетті 12,9 мың АӘК алушының 7,7 мыңы жұмыс істейді, ал 5,1 мыңы балаларға немесе мүгедектерге күтім жасайды. Сонымен қатар, жұмыссыз есебінде тіркелген азаматтар саны – 56 адам. Бұл көрсеткіштер АӘК жүйесінің тиімділігін арттыруға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге арналған шаралардың нәтижесін көрсетеді. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, АӘК 5,4 миллиард теңге сомасына 8,8 мың отбасыға тағайындалған, бұл 45,9 мың адамды қамтиды. Бұл көмектің үлкен бөлігі көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттен қосымша төлемдер де қарастырылған. 16,3 мың мектепке дейінгі жастағы балаларға 625,3 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, АӘК алушылардың көп бөлігі Абай ауданында тұрады, бұл 31 пайызды құрайтын көрінеді.
Газ төлемдеріне жеңілдік беріледі
АӘК алушыларға газ төлемдеріне 20 пайыз жеңілдік берілмек. Бұл жеңілдік әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін үлкен көмек. Газ төлемдері еліміздің көптеген аймақтарында тұрмыстық шығындардың бір бөлігі болып табылады, әсіресе қыста жылыту үшін газ қолданатын үйлер үшін бұл төлемдер айтарлықтай жүктеме жасайтыны бәрімізге мәлім. АӘК алушыларға осы төлемдерге жеңілдік беру – отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, күнкөріс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Қазіргі таңда АӘК алу процесін жеңілдету, сондай-ақ азаматтарға көмек көрсету тәртібін барынша ашық әрі тиімді ету мақсатында цифрландыру жүйесіне өтуде. Бұдан кейін, АӘК тағайындау бойынша учаскелік комиссиялардың қызметі FSM Social мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл қосымша комиссияларға өтініш берушінің нақты географиялық орнын анықтап, шешім қабылдау және қорытындыны жылдам шығаруға мүмкіндік береді. FSM Social қосымшасының артықшылығы – геолокацияны анықтау, зерттеу жүргізу және шешім қабылдау кезінде формальды жүйені өзгерту болып табылады. Бұл өзгерістер комиссия мүшелерінің жұмысын жеңілдетеді.
АӘК тағайындау кезінде есепшоттар да тексеріледі
АӘК тағайындау процесін де тағы да өзгерістер бар. Соның бірі енді, азаматтардың банк есепшоттарындағы шығындар да ескеріледі. Егер отбасының қаржылық айналымы белгіленген шектен асса, комиссия мүшелері өтінішті қайта қарап, жаңа шешім шығарады. Бұл шара мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тиімді әрі әділ пайдаланылуына жағдай жасайды. Мұның нәтижесінде, қаржылық көмекті қажет етпейтін немесе оны негізсіз алатын азаматтарды анықтап, бюджет қаражатының тиімді жаратылуына ықпал етеді.
АӘК жүйесінің тиімділігі әрдайым қоғамның әлеуметтік құрылымына байланысты болады. Жанат Өтебаеваның айтуынша, 2025 жылы әлеуметтік осал топтар арасында көмекке мұқтаж азаматтардың қатары азайған. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың тиімділігі тұрғындардың еңбекке ынталануына, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық жағдайының жақсаруына септігін тигізіп келеді.
Қорыта айтқанда, 2025 жылғы енгізілген өзгерістер әлеуметтік көмек жүйесінің ашықтығын, тиімділігін және әділдігін арттырады. АӘК алушыларға газ төлемдеріне жеңілдік берілуі, сондай-ақ цифрландыру мен жаңа технологиялардың енгізілуі әлеуметтік қолдауды алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Жаңашылдықтар қоғамдағы ең осал топтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ