Редакция таңдауы

ҒАЙЫПҚА БОЙЛАҒАН ӘЛЕМ

Қазақ руханияты, оңтүстік өңірі тағы бір ірі әдеби оқиғаға куә болды. Қазақстанның көрнекті ақыны, драматург Иран-Ғайыптың «Ғайып-Нама» атты төрт томдық шығармалар жинағы мен оның жары, ақын Дариға Қадыр-Қожақызының «Бұ дүние ғайыбы» атты екі томдық кітабының таныстырылымы өтті. Бұл шара қазақ әдебиетіндегі құнды туындылардың біріне айналар ерекше сәт ретінде есте қалары сөзсіз.

Рухани кешті қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, жүргізді.
– Біздің мекеніміз – жәй мекен емес, қасиетті мекен. Үш жүздің басын қосқан ордалы Оңтүстік. Қаймағы бұзылмаған қазақи орта. Сол сияқты Шымқалаға қай ақынымыз, қай жазушы, қай шығармашылық саланың қай өкілі келсе де, әрқайсысының орны бар, өзіндік жолы бар. Келген кісіні ерекше құрметпен күтіп алу – біздің міндетіміз, парызымыз деп білемін, – деді Сәрсен Абайұлы.
«Өзіңдікі – туың да,
От пен ауа, суың да.
Халық болудың қамын ет,
Белді бекем буын да!» – деп жырлаған ақын Иран-Ғайып – поэзия әлеміндегі дара тұлға. Оның шығармалары терең философиялық ойлар мен ұлттық рухты ұштастырып, оқырманның жүрегіне жол тауып келеді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» орденінің, «Платиналы Тарлан» және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты ретінде танылған ақынның шығармашылығы – қазақ әдебиетінде өзіндік орын алар туындылар. «Шымкентте жылт еткен жақсылық болса, қуаныш болса, Алматыдан атқа мініп, шауып келетін ақын ағамыз. Ағамызды алматылық емес, шымкенттік деп айтамыз. Кітап жазу – инемен құдық қазғандай еңбек. Сол еңбек елге, халыққа пайдасы тиіп жатса, нұр үстіне нұр. Осындай керемет кітаптың тегін таратылуы оңтүстікке шашылған шашу іспетті болды» деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ақынға «Шымкент қаласының құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.
Иә, расында 1500 данамен шыққан, 4 томдық кітап пен екі томдық жинақ Шымкент қаласының мектептері мен кітапханадарына тегін таратылды. Игі іс Шымкент қаласының әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатса, демеушілік жасаған қоғам қайраткері Бекет Тұрғараевтың да жақсылығын айтпай кетуге болмас.
«Ғайып-Нама» жинағы – ақынның сан қырлы шығармашылық әлемін танытатын бірегей туынды. Бұл жинақта ақынның 20 жылдық жинаған, терең философиялық ойлары, өмірге, махаббатқа, рухани құндылықтарға деген көзқарастары көрініс тапқан. Иран-Ғайыптың поэзиясы – өз заманымен үндесіп, мәңгілік рухани сұрақтарға жауап іздейтін, оқырманды ойға шомдыратын бірегей құбылыс.
Сонымен қатар, Иран-Ғайыптың жары, ақын Дариға Қадыр-Қожақызының «Бұ дүние ғайыбы» атты екі томдық кітабы да қазақ әдебиетінің айшықты шығармалары қатарынан орын алады. Оның туындылары нәзік лиризм мен әйел жүрегінің терең сырларын бейнелейді. Бұл кітап – рухани мұраның тағы бір тамаша үлгісі.
Таныстырылым барысында ақындар, жазушылар, әдебиет зерттеушілері, мәдениет қайраткерлері мен оқырмандар сөз сөйлеп, шығармалардың маңыздылығы мен тереңдігіне тоқталды. Әдебиет сүйер қауым бұл кітаптарды қазақ руханиятына қосылған ерекше үлес ретінде бағалады.
Бұл шара – тек кітаптардың таныстырылымы ғана емес, сонымен бірге ұлттық әдебиетке деген құрмет пен сүйіспеншіліктің көрінісі болды. Иран-Ғайып пен Дариға Қадыр-Қожақызының шығармалары болашақ ұрпақ үшін рухани мұра болып қала беретіні анық.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар