Редакция таңдауы

ЖЕЛІНСАУ – ҚАУІПТІ ДЕРТ

Қойлардың желінсау ауруы жедел түрде өтетін, желінінің іріп-шіруімен, мал жағдайының нашарлауымен білінетін кесел.
Кеселдің қоздырғышы – зардапты стафилококк (стафилококкус ауреус овинус) деп аталатын микроб. Бұл микроб – қора ішінде 85 күнге дейін, қора сыртында 70 күнге дейін, топырақта 90 күнге дейін, қида 100 күнге дейін, суда 30 күнге дейін күшін сақтайтын келте, сәл имек, жылжымайтын таяқша. Таяқшалар ауа бар жерде өсіп-өнеді. Залалсыздандыру үшін 1 пайыздық формальдегид, 2 пайыздық креолин, 0,5 пайыздық активті хлорлы әк ерітінділері микробтарды 5-20 минутта залалсыздандырады. Ал, 75 градус қыздырғанда 25 минутта, ал қайнатылғанда сол заматта күшін жояды.

Бұл кесел көбіне ұсақ малда – қой, ешкіде кездеседі. Ол көбіне ауру малдан немесе 8-10 айға дейін сыртқы ортаға бактерия бөлетін, ауырып жазылған малдан тарайды. Кесел желіннің сүт шығатын үрпі жолы арқылы жұғады. Қозы енесін емген кезде тістелеп, емшек ұшын жаралауы аурудың жұғуына жол ашуы мүмкін.
Желінсау жұққан соң бірнеше сағаттан екі күнге дейінгі аралықта алғашқы белгілері байқалады. Ауру жедел, баяулау, созылмалы түрде өтеді. Жедел түрінде малдың жағдайы нашарлап, көрінетін мүшелерінің кілегей қабаттары (ауыз қуысы, көз, мұрын іші) қызарады. Тамыр соғуы мен тынысы жиілейді. Қойлар жайылмай, бүкшиіп тұрады. Желіннің ауырған бөлігі (кейде екі жағы да) қызарып кетеді, күлтілдеп іседі, әрі ыстық болады. Ұстағанда мал ауырсынады. Ісіңкілік кең етек алып, бауырына, одан артқы жақтарына қарай өтіп кетеді. Ісік жайылған жерлердің ыстығы кетерілмейді, бірақ түсі көкшіл тартады. Көп ұзамай іріп-шіру кезеңі (гангренозный распад) басталады. Желінінің ауырған бөлігі қатаяды. Іріп жарылған жарадан қан аралас қою іріңді сұйықтық ағады.
Аурудың баяулау түрімен ауырған қойдың ыстығы көтеріледі.Жиі жатады, мұрнынан көп сұйықтық ағады. Шөлдей береді, іші өтіп, көздері іріңдейді. Ісік аумағындағы жүн қылшықтары оңай жұлынып кете береді. Қой желінінен сүт шықпай қалады да, желіні кішірейеді.Сондай-ақ, талтаңдап жүретін болады. Сегізінші күні жүруі қалыпқа келгенімен, желіннің ауырған бөлігі ісіңкі, ыстық болады, ауырсынады. Желін құрылымының іріңдеу ағымы басталады. Ауру енесінің сүтін емген қозылар өкпе қабынуы ауруына шалдығып, қызуы көтеріледі, іші өтеді, жөтеледі, мұрнынан іріңді сұйық ағады.
Емдеу үшін антибиотиктер мен сульфаниламидті дәрілер қолданылады. Дәрілер қалың еттен де және желіннің үрпі тесігі арқылы да жіберіледі. Сондай-ақ, емдеуге бактерияларға қарсы тұнбалар – (бактерио-цидные эмульсии) «мастицид», «мастицан» О,Б,Е препараттары пайдаланылады. Іріп-шіру ағымын хирургиялык тәсілмен емдейді.Төлдеген малды жиі-жи көріп, ауру белгісі бар саулық болса, қозыларын ажыратып, емді жедел бастау керек. Желінсау ауруы басталғанын ерте анықтап, емдесе, тез жазылады. Ал, аурудың алдын алу үшін қой қораны таза ұстау қажет.

Г.ҚАЛЫБАЙ,
ОҚҒЗВС-ның кіші ғылыми қызметкері
Қ.ӘБДІМӘЛІК,
ОҚҒЗВС-ның кіші ғылыми қызметкері
Қ.ТҮЙМЕБАЕВА,
ОҚҒЗВС-ның аға зертханашысы

Соңғы жаңалықтар