Редакция таңдауы

Жамбас сүйектері мен тізе буындарына бірегей ота жасалды

Аяқ-қолдың күрделі жарақаттарына, ірі буындарға ортопедиялық операцияларды жергілікті жерде жасау оңай емес. Соған қарамастан, Шымкент қалалық № 1 клиникалық аурухананың дәрігерлері күрделі оталарды жасап, қимыл қозғалысы шектелген науқастарды аяқтан тұрғызуда.

Сондай алтын қолды хирургтардың бірі – Нұржан Төлегенұлы жақында 54 жастағы науқасқа күрделі ота жасады. Бұл азаматтың жамбас сүйегінің ауыр жарақатын алып, жамбас ойығының мықын сүйектері сынып кеткен. Дәрігерлер бұл азаматқа жамбас сүйектерінің ашық репозициясы, пластинамен бекіту операциясын жасады.
Сондай-ақ, білікті хирург Нұржан Төлегенұлы тізе буындарының артрозы диагнозы қойылған 63 жастағы науқасқа ота жасап, жамбас буынын тың әдіспен алмастырып берді. Екі жағдайда да пациенттер отадан кейін аяғын басып, емін-еркін жүре бастады.
Айта кетейік, жоғары дәрежелі ортопед-травматолог жамбас және тізе буындарын алмастыру, буын ішіндегі және буын маңындағы сынықтар, қисық өскен сүйек сынықтарын операциялық емдеу, жамбас сүйектерінің ауыр сынықтары кезіндегі остеосинтез операциялар жасайды.
Ортопедиялық мұндай ота түрлері өңірде тек Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада Нұржан Төлегенұлының жетекшілігімен жасалады. Дәрігерді Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттерден науқастар арнайы іздеп келіп емделуде.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар