Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын қаржылық тұрғыдан тұрақтандыру, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және оларды халыққа қолжетімді ету – маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа деңгейін қамтамасыз етуде. Айта кету қажет, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бұл – әлеуметтік жоба. Жинақтаушы болып саналмайды. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, МӘМС шеңберіндегі барлық медициналық көмек түрлерін алуға құқылы. Медициналық қызметтердің қаржыландырылуы мен сапасы жайлы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ләззат ӘЛІМОВАМЕН сұхбат жүргізген болатынбыз.
– Ләззат Барлықбайқызы, жалпы, МӘМС жүйесі халыққа қандай пайда әкеледі?
–МӘМС жүйесі тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін өте маңызды рөл атқарады. Ол медициналық қызметтерді қолжетімді әрі сапалы етуге мүмкіндік береді. Пациенттер емдеу шаралары, жоғары технологиялы медициналық көмек пен диагностика, оңалту сияқты кең ауқымды қызметтерге де қол жеткізе алады. Яғни, МӘМС жүйесі арқылы халық медициналық қызметтерге қаржылық тұрғыдан көмек алады, бұл денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал етеді.
– МӘМС жүйесіне аударылған жарна қаражаты қандай мақсаттарға жұмсалады?
– Қор МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражатты ай сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде азаматтарға медициналық ұйымдар көрсеткен медициналық көмек үшін төлем ретінде жіберіп отырады. Жалпы алғанда, тұтыну деңгейі мен белгілі бір қызметтерге сұранысты, халық санын, аурушаңдық деңгейін және басқа да көрсеткіштерді есепке ала отырып, әр жылға қаржыландыруды жоспарлау жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылы Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының бюджеті 134,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде: 61,7 млрд теңге – МӘМС-ке, 72,5 млрд – ТМККК-ге.
Салыстыру үшін, 2023 жылы өңірдің сатып алу жоспары 119,6 млрд теңгені құрады. Яғни қаржыландырудың 14,6 млрд теңгеге / 10,9 %-ға өскені байқалып отыр.
– Қаражаттың көп бөлігі медициналық қызметтің қандай түрлеріне жұмсалады?
– Шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек құрайды. Құрамына қымбат тұратын диагностика түрлері, бейінді мамандардың консультациялары, сондай-ақ зертханалық талдаулар кіретін консультациялық диагностикалық қызметтер де жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, былтырғы жылы 8 миллионнан астам КДҚ көрсетілді. МӘМС есебінен күн сайын жоғары технологиялық операциялар жасалады, әрі мұндай бір операцияның құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Шымкент қаласы бойынша былтыр 1500-ға жуық ЖТМҚ көрсетілген. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларға бағытталады. Сонымен қатар, 2024 жылы 1 жүрек, 2 бауыр және 10 бүйрек трансплантациясы жүргізілді. Ағза алмастыру операциясының құны 10 млн теңгеге жетуі мүмкін, ал осы шығындар МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Медициналық оңалту қызметтеріне де сұраныс артуда – көрсетілген кезең ішінде ересектер мен балаларға 400 мыңнан астам қызмет көрсетілген.
– МӘМС жүйесі медициналық қызметтердің сапасын қалай арттыруды жоспарлап отыр?
– Қор қаржы операторы ретінде медициналық көмекті ұйымдастырумен айналысып және сапасын арттыра алмайды. Бұл денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдарының басшылығының құзыреті. Қор өз тарапынан қаржыландыруды басым бағыттарға бағыттай алады, осылайша оның қолжетімділігін арттырады. Ол тек талдау мен ұсыныстар беру арқылы, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудегі ақауларды анықтау арқылы медициналық көмектің сапасына жанама әсер етуі мүмкін.
Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға жүйедегі қызметтерді берушілер санының артуы мен олардың арасындағы бәсекелестік те ықпал етеді. Бүгінгі таңда МӘМС аясында қызмет көрсететін 186 медициналық ұйымының 150-і немесе 81 % – жеке меншік мекемелер. Яғни жеке бизнестің қатысуы есебінен сервис жақсарады, бұл мемлекеттік медициналық ұйымдарды да өзгерістерге ынталандырады. Қазір МӘМС жүйесі күшейіп келеді және әрбір қазақстандық оның маңыздылығын түсініп, денсаулығына қаржылық шығындардан өзінің қорғалу кепілі ретінде қабылдауы үшін кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көшетін болады.
– «Saqtandyry» ақпараттық жүйесі медициналық қызметтерді төлеуді қалай жеңілдетті?
– Бұған дейін Қордың жеке төлем жүйесі болған жоқ, тек медициналық көмекті тұтынуды есепке алу жүйесі болды. «Saqtandyry» ақпараттық жүйесін енгізу медициналық ұйымдар үшін шарттарды басқару процесін жеңілдетеді. Егер бұрын олар әртүрлі ақпараттық жүйелерде шарттар мен төлем құжаттарын (МӘМС және ТМККК бойынша бөлек) қалыптастырған болса, енді процесс бір ақпараттық жүйеде бір шартқа дейін жеңілдетілді.
Жалпы алғанда Қордың жаңа медициналық көмекке ақы төлеу жүйесі медициналық ұйымдармен шарттық қатынастарды жүргізу процестерін оңтайландыру және медициналық көмекті үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін құрылды.
– МӘМС бойынша медициналық оңалтуға қанша қаражат бөлінеді?
– Медициналық оңалту – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі ең көп сұранысқа ие қызмет. Ол әрі қымбат тұрады. Айта кету керек, МӘМС енгізілгелі бері осы бағытты қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Егер Шымкентте 2019 жылы оңалтуға тек 1.1 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 4,5 млрд теңге қарастырылған. Өсім 4 есе.
Азаматтар ауыр жағдайлар мысалы инсульттан, жарақаттар, кардиологиялық, кардиохирургиялық операциялардан кейін, негізгі және созылмалы аурулардан емделу кезінде оңалтудан өте алады. Балалар үшін, оның ішінде туа бітті тірек-қимыл аппараты аурулары бар, сал ауруы және т.б ауыратындарға мүмкіндіктердің кең түрі ұсынылады. Егер науқасқа оңалтудан өту қажет болса, өз емханасына жүгінуі қажет. Оңалту курсын тағайындау туралы шешімді тиісті көрсетілімдер болған жағдайда реабилитолог немесе көпсалалы комиссия қабылдайды.
– МӘМС жинақтаушы жүйе болып есептеле ме? Ондағы қаржыны шипажайға пайдалануға бола ма?
– Біріншіден, МӘМС жинақтаушы жүйе емес екенін және онда жеке шоттар қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Барлық жарналар мен аударымдар бірыңғай шотқа келіп түседі және ынтымақтастық қағидаты бойынша бөлінеді. Екіншіден, шипажайға жолдама беру туралы айтатын болсақ, бұл қызметтер әлеуметтік қорғау органдары арқылы жергілікті бюджет шеңберінде көрсетіледі. Дегенмен МӘМС пакетінде медициналық оңалту қызметтері бар, оларды шипажай-курорттық ұйымдар, сондай-ақ оңалту орталықтары мен тиісті бөлімшесі бар медициналық ұйымдар да көрсете алады.
– Белгілі бір медициналық қызметтерді МӘМС-ке қосу туралы шешімді кім қабылдайды? Олардың сапасын бақылау қалай жүзеге асырылады?
– ТМККК және МӘМС пакеттерінде медициналық қызметтер тізбесін қалыптастырумен Денсаулық сақтау министрлігі айналысады. Жыл сайын ұсыныстар келіп түседі, олар зерделенеді, егер қызметтер тиімді және сұранысқа ие болса, олар тізбеге енгізіледі. Бақылау функциясы тек ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде ғана бар. Ол денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау органы болып табылады. Қор, өз кезегінде қаржы операторы ретінде екі пакет шеңберінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем жасау алдында медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізеді. Ақаулар анықталған жағдайда медициналық ұйымдарға экономикалық ықпал ету шаралары, яғни айыппұл санкциялары қолданылады. Төлемнен алынған қаражат кейін басым бағыттар бойынша медициналық көмекті қаржыландыруға бағытталады.
– Бүгінгі таңда Шымкент қаласында МӘМС жүйесімен қанша адам қамтылған?
– Қордың маңызды бағыттарының бірі халықты МӘМС жүйесімен қамту болып табылады. Шымкентте қазіргі таңда халық саны 1 253 280 мың адамды құрайтын болса, оның ішінде 923 467 азамат сақтандырылған. 329 813 азамат сақтандырылмаған. Талдау көрсеткендей, еліміз бойынша 54% сақтандырылмағандар – ер адамдар, 46% – әйелдер. Назар аударатын жәйт, олардың 40%-ы – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Яғни, МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың айтарлықтай бөлігі – әр түрлі себептер бойынша МӘМС-ке жарна төлемейтін, экономикалық белсенді тұрғындар.
МӘМС Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржылық тұрғыдан қолдайтын және медициналық қызметтерді қолжетімді ететін маңызды жүйе болып табылады. ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова атап өткендей, бұл жүйе тек денсаулықты қорғауға ғана емес, сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, халықтың денсаулығына қатысты қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Замира АЛДАБЕРГЕНОВА