Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Президентке қаржы нарығын дамыту саласының былтырғы қорытындылары туралы есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа банк секторында тұрақтылық сақталып тұрғаны жөнінде баяндалды. 2024 жылдың басынан бері банктердің активтері 19,7 пайызға, яғни 61,6 триллион теңгеге дейін өсті. Экономиканы кредиттеу 20,9 пайызға немесе 33,8 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Банктердің жұмыс істемейтін активтері – 3,1 пайыздан төмен деңгейде.
Агенттік 21 банкке жыл сайынғы қадағалау-бағалау жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ 11 банктің активі сапалық тұрғыдан бағаланып, стресс-тестілеу жүргізілді. Аталған шара банк жүйесі активтерінің 85 пайызын қамтыды. Бұған қоса, 400 миллиард теңге көлемінде мемлекеттің қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылды.
Мәдина Әбілқасымова стрестік активтер нарығын дамытуды көздейтін заңнамалық түзетулер қабылданып, осы тектес активтерді сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа іске қосылғанын айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, нақты секторды кредиттеу аясын одан әрі кеңейту, қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.