Шымкент қаласында бокстан жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты бастау алды. Сейсенбі күні жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шымкент шаршы алаңында еліміздің барлық өңірінен келген, 225 жасөспірім боксшы бақ сынауда.
Шымкент қалалық кәсіпқой бокс түрлері клубы ғимаратында өтіп жатқан чемпионат 3-7 ақпан аралығына жоспарланған. Маңызы жоғары жарыста 2011-2012 жылы туған жасөспірім қыздар 15 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістіреді. Атап айтқанда, 33, 35, 37, 40, 43, 46, 49, 52, 55, 58, 61, 64, 67, 70 және 70 + келі салмақ дәржелері бойынша ел үздіктері анықталады.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде жасөспірім боксшыларға сәттілік тілеп, олардың арасынан келешекте ел намысын абыроймен қорғайтын спортшылар шығатынын атап өтті.
Жалпы айтқанда, Шымкент қаласында әйелдер боксы қарқынды дамып келеді. Жерлестеріміз Олимпиада ойындарына қатысып, әлем чемпионаттарының жүлдегері атанды. 2022 жылы Элина Базарова жастар арасында әлем чемпионатында топ жарған болатын.
Айта кетсек, кезекті ел чемпионаты 7 ақпан күні мәресіне жетеді.