Редакция таңдауы

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНЕ — 25 жыл

Биыл Шымкент қаласындағы академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің құрылғанына – 25 жыл. Осы атаулы датаға орай оқу орнында салтанатты жиын өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р. Алшанов, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, еліміздегі және шетелдердегі белді оқу орындарының ректорлары мен оқытушы, профессорлар қатысты.

Іс-шара халықаралық стандарттар бойынша салынған жаңа спорт кешенінің ашылуымен бастау алды. Қонақтар студенттердің спортпен кәсіби тұрғыда шұғылдануына жасалған жағдайлармен танысты. Алғашқылардың бірі болып сөз алған аталмыш оқу орнының ректоры медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Қуатбекова білім ошағы үздік спортшыларды даярлауда республикада алда келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, былтырғы жыл қортындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың оқу орнын еліміздегі дене шынықтыру және спорт саласының дамуына қосқан үлесі мен халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындауда белсенділік танытқаны үшін «Спорт саласындағы Үздік оқу орны» дипломымен марапаттағанын айтты. Қазіргі таңда спорт кешенінде жаттығып жатқан студенттердің болашақта өңір спортының өркендеуіне үлес қосып, сайыстарда қайсарлық, табандылық, жеңіске деген құлшыныс таныта отырып, көк байрағымызды биіктете береріне зор сенім білдірді.

Мұнан кейін жиналғандар бас ғимарат жанынан бой көтеретін жаңа оқу корпусының капсуласын салу рәсіміне, үш қабатты «Next Step» ғылыми-зертханасы мен университеттің негізін қалаған академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу кабинетінің ашылу салтанатына қатысты. «Мұның барлығы осыдан 25 жыл бұрын оқу орнының қазығын қағып, саналы ғұмырын елге адал қызмет ететін білікті кадрларды даярлауға арнаған химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану және Ресей педагогика және психология ғылымдары академияларының академигі, П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Әбдімұса Мұратұлының құрметіне жасалып отыр» деп атап өтті Рабиға Әбдімұсақызы.

Қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласы мамандарына сұраныс үлкен. Сондықтан, оқу орындарына ақпараттық технология ағымынан қалыспау басты міндет саналады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында еліміздегі цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беріп келеді. Осы міндетті орындау мақсатында университеттің жаңадан ашылған 7 қабатты оқу корпусында студенттердің цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін жан-жақты меңгеруге арналған таптырмас орталықтың тұсауы кесілді. «IT-hub» деп аталатын бұл алаңда студенттер ғана емес, мектеп оқушылары мен жас мамандар да келіп, компьютердің игілігін пайданала алады. Жалпы, бүгінде цифрлық технологиялар көптеген елдердің экономикасын дамытуда маңызды рөлге атқаруда. Осы жағынан алғанда мұны құптарлық қадам деуге болады.

25 жылдық тарихы бар университетте студенттер мен оқытушыларға және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға баса көңіл бөлінген. Соның бір дәлелі ретінде 7 қабатты жаңа оқу ғимаратында орналасқан «Coworking» орталығы мен панорамалық көріністегі цифрлық акт залын айта аламыз. Салтанатты жиын осы акт залында Unconference форматында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға ұласты. Онда ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов Шымкент қаласындағы 9 жоғары оқу орнының 5-еу жекеменшік екенін айта келе, олардың ішінде академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің халықаралық талаптар биігінде тұрғанын атап өтті.

– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы көтеру керектігін тілге тиек еткен болатын. Экономиканы өркендетуде білім саласының алатын орны ерекше. Осы жолда еңбек етіп келе жатқан жекеменшік оқу орындарының ішінде бұл университеттің бәсі жоғары. Өйткені, оның өз оқу ғимараты, жатақханасы, спорт кешені, заман талабына сай жабдықталған зертханасы, ІТ саласы бойынша білім беретін орталықтары бар. Білікті маман даярлау үшін соған сай оқытушы, профессорлар керек, әрине. Ол жағынан да университет өзгелерге үлгі боларлықтай, – деді Рахман Алшанов.

Мұнан соң оқу орнының ректоры Рабиға Қуатбекова ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хатымен және ғылым саласын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, дәл осындай төсбелгі университет профессоры Жамалидин Махмудовқа табыс етілді. Бірқатар оқытушы, профессорлар да министрдің арнайы Алғыс хатымен марапаттады. Бірнеше жылдан бері университетпен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан «САУТС-ОЙЛ» мұнай компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов сөз кезегінде алдағы уақытта өндіріске қажетті мамандықтар жайлы әңгіме қозғап:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет. Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек» деген болатын. Жақында сланец мұнайын таптық. Игеріп жатырмыз. Соған мамандар қажет. Өйткені, оның технологиясы басқа. Екіншіден, қазір қорғасын зауытының қалдықтарын өндейтін зауыттарды да іске қостық. Бұл металургия саласындағы үлкен жаңалық болды. Оған да маман керек. Міне, сондықтан да біз академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне үлкен сенім артып отырмыз, – деді.

Жиында Рабиға Қуатбекова университеттің тарихы мен бүгінге дейін жеткен жетістіктері жайлы баяндама жасады.

– Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің іргетасы 1999 жылы қаланған. Сол жылы Орта Азия мемлекеттері басшыларының Саммитінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің президенттері егемендік алған бауырлас елдердің арасында білімді, ғылымды және мәдениетті дамыту аясында бірлескен университет құру туралы мәселе қаралып, қолдау тапты. Осылайша академик Әбдімұса Мұратұлының бастамасымен көрші екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университеті құрылды. Үшінші мегаполистегі жекеменшік оқу ордасы өзге жоғары оқу орындарынан – толық циклді оқу жүйесімен ерекшеленеді. Бүгінде университетте Қазақстанның түпкір-түпкірінен келетін студенттерден бөлек, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Украина елдерінен 900-дан астам білім алушы оқиды.

Университет Халықаралық Институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден және Русский регистр және IQNET Халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленген. Біздің миссиямыз – мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қолжетімді білімді қамтамасыз ету. Оқу орнының жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамы осы міндетті жүзеге асыру үшін күш-жігерлерін салуда. Өзінің кәсіби борышын адал және жауапкершілікпен орындап келе жатқан университет – жаңа идеяларды генерациялауға, инновациялық жобаларды әзірлеуге, өндірісте жаңа технологияларды әзірлеуге қабілетті. Білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына қарай өзгертіп отыратынымызды да айта кеткеніміз жөн, — деді Рабиға Әбдімұсақызы.

Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті Қазақстанның 20 үздік ЖОО қатарына кіреді. Онда кітапханада 1 миллионға жуық кітап сақталған. Ал, электронды қор 10 мыңнан асып жығылады. Университетте 50 білім беру бағдарламасы, оның ішінде бакалавриат бойынша 34 білім беру бағдарламасы, магистратура бойынша 13, ал докторантура бойынша 3 білім беру бағдарламалары бар. Қазіргі таңда мұнда он екі мыңнан астам (12842) студент оқиды. Олардың 12679-ы бакалавриат, 159-ы магистратура, 4-еуі докторантура бөлімінде білім алады. 400-ге жуық маман қызмет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, оқу орны 50-ге жуық (Түркия, Италия, Беларусь, Ресей, Польша, Малайзия және т.б) шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Жыл сайын университет жастары мен ұстаздары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында олармен тәжірибе алмасады.
Салтанатты жиын соңы ғалымдардың «SCIENCE-TIME» атты тақырыптағы семинарына ұласып, ғылым мен жоғары білімді дамытуға арналған мазмұнды баяндамалар тыңдалды.

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар