Редакция таңдауы

Нарықтық баға белгіленді

Биыл елімізде сұйытылған мұнай газының көтерме бағасы өзгереді. Яғни, мұндай өзгеріс оның өндіріс құнына сәйкестендіру мақсатында енгізілмек. Бұл туралы Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов брифинг барысында мәлім етті.

Бұған сәйкес 1 ақпаннан бастап Шымкентте сұйытылған газдың литрі 70 теңгеден 90 теңгеге дейін қымбаттайды. Мұндай қадам газ бағасын нарықтық деңгейге сәйкестендіру қажеттілігімен байланысты болып отыр. Салыстыру үшін айта кетсек, Алматы қаласында дәл осындай жанармай түрінің бағасы 102 теңгеге дейін жеткізіледі.
Қазір Шымкентте сұйытылған газбен жүретін 65 мыңнан астам көлік бар. Ресми дерекке сүйенсек, шаһарға ай сайын шамамен 12 мың тонна газ қажет. Алайда, осы уақытқа дейін жеткізілім көлемі 7 600 тоннаны ғана құраған. Осы тапшылықты жою үшін жергілікті билік Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде ай сайынғы газ жеткізілімін 33 пайызға арттырып, 10 мың тоннаға дейін жеткізу туралы шешім қабылдаған.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Самат Мергенов газдың өзіндік құны 100 теңгеден жоғары екенін жеткізді. Бұл бағаға тасымалдау, сақтау және басқа да операциялық шығындар кірмейді. «Елімізде мұнай өндіру көлемі азайып келеді. Бұрын жылына 35 миллион тонна мұнай өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 30 миллион тоннаға дейін төмендеді. Бұл шетелдік инвестициялардың жеткіліксіздігімен байланысты болып отыр. Өйткені, жеке компаниялар ішкі нарықтағы төмен бағаларға байланысты мұнай өндіруді аса тиімді деп санамайды», деді ол.

Сондай-ақ жауапты мамандар сұйытылған газ ғана емес, бензин мен дизель отынының да бағасы 5 теңгеге көтерілетінін жеткізді. Дегенмен Шымкент әкімдігі жанармай бағасының күрт өсуіне жол берілмейтінін мәлімдеді. Былтыр көктемде қалада жанармай тапшылығы болып, автожанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болғаны рас. Мұндай жағдайдың қайталануын болдырмау мақсатында қала әкімдігі мен Энергетика министрлігі газды тиімді тарату және тұрақты жеткізу тетіктерін әзірлеп жатыр. Айталық, қазір елімізде сұйытылған газ тапшылығы 20-25 пайызды құрап отыр. Егер жағдайды жақсарту шаралары қабылданбаса, тапшылық одан әрі күшеюі мүмкін.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, сұйытылған газдың өндіріс құны тоннасына 65-75 мың теңге аралығында тұр. Ал, мемлекет белгілеген көтерме баға 45 158 теңгені ғана құрайды. Бұл жағдай зауыттардың шығынға ұшырауына және өндірісті кеңейту мүмкіндігінің шектелуіне әкеледі. Сол себепті, көптеген өндіруші кәсіпорындар басқа да табысты өнім түрлеріне ауысуға мәжбүр болып жатыр. Министрлік келтірген дерекке сенсек, осы айдан бастап сұйытылған газдың көтерме бағасы 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін өседі. Бөлшек саудадағы баға да өңірлерге байланысты 6-21 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шаралар өндірушілер үшін экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, газ нарығындағы тапшылықтың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының энергетика басқармасы газ өңдеу саласына инвестиция тартудың маңыздылығын да атап өтті. Саладағы тұрақты баға саясаты газ өндіру зауыттарының қызметін оңтайландырып, олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етпек. Осылайша сұйытылған газ бағасын көтеру нарықтағы теңгерімді сақтап қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға басымдық беруге негізделіп отыр.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар