Редакция таңдауы

Жасөспірімдер қылмысының көбеюіне ата-аналардың салғырттығы себеп

Шымкентте мектеп оқушылары арасында қылмыс пен құқықбұзушылық көбейіп тұр. Былтырғы жылы 142 заңбұзушылық тіркеліпті. Қылмыстың дені ұрлық пен жасөспірімдердің бір-бірін соққыға жығуы, бұзақылық екен. Қалада жасөспірімдер арасында ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтың тағы қандай түрлері бар. Осы бойынша Шымкент қаласының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрсұлу БАУЫРЖАНҚЫЗЫМЕН сұхбаттастық.

– Шымкентте оқушылар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Биыл қаңтар айында кәмелетке толмағандар 18 қылмыс жасаған. Оның 83,3 пайызы немесе 15-і мүлікке қарсы жасалған қылмыстар. Яғни, зерделеу жүргізетін болсақ, кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың басым бөлігі ұрлық екені байқалады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Осы мақсатта «Жасөспірім», «Абайлаңыз, балалар», «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ата-аналарға бала тәрбиесіне және қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керектігі мазмұнды материалдар, бейнероликтер арқылы жеткізіліп жатыр. Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында оқушыларға қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың ұғымын және заңды жауапкершіліктерін түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Сонымен қатар, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болатын және бақылаусыз көшеде жүретін балаларды анықтау бойынша түнгі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Іс-шараға, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, «Аманат партиясы», білім, спорт басқармалары, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық көмекшілер, үкіметтік емес ұйым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

– Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің өсуіне не себеп?

– Кәмелетке толмағандардың қылмысқа бару себептері сан түрлі. Соның бірі – ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы, балаларын қадағалаусыз қалдыруы, отбасылық қарым-қатынастың нашарлауы, балаларының қайда жүргеніне және кіммен жолдас болып жүргеніне мән бермеуі негізгі себептер болып отыр.

– Жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруіне шектеу жөніндегі заң талабы қаншалықты орындалып жатыр?

– Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуына, ал сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына шектеу қойылған. Мысалы, түнгі уақытта жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде, ағымдағы жылдың қаңтар айында түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болған 65 жасөспірім және түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 971 жасөспірім анықталды.

– Жасөспірімдер арасында есірткі немесе алкоголь пайдалану деңгейі қандай? Бұл мәселемен қалай күресіп жатырсыздар?

– Кәмелет жасына толмағандарды жиі қылмысқа итермелейтін жәйттердің бірі – есірткі саудасы. Көбі оңай табыс табуға ұмтылады. Ақыр соңы қылмысқа апарады. Сондай-ақ, наркологиялық орталықтың арнайы есебінде тұратын жасөспірімдер саны 8 есеге өскен. Оқушылардың өз өзіне қол жұмсауы да жиілеген. Осы мақсатында білім беру ұйымдарында кездесулер өткізіп, есірткі және алкоголь ішімдігін пайдаланудың адам денсаулығына зияны мен заңды жауапкершіліктерін түсіндіре отырып, оқушыларға құқықтық ақпараттар берілуде. Кәмелетке толмағандар арасында есірткі немесе алкоголь ішімдігін пайдалану мәселесі қатаң бақылауда.

– Мектеп инспекторларының рөлі қандай? Олар жасөспірімдермен қалай жұмыс істейді?

– Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары — кәмелетке толмағандар арасындағы және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Осы мақсатта, білім беру ұйымдарымен бірлесіп, жоспарлы іс-шараларды жүзеге асырады. Оқушылар арасында құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Әкімшілік аумағында іс-шаралар жүргізіп, құқық бұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмағандарды, тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын ата-аналарды немесе заңды өкілдерін анықтап, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

– Жасөспірімдер қандай жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады?

– Қылмыс жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады, алайда, ауыр қылмыстар жасаған жағдайда қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады, ал әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығы он алты жастан басталады.

– Құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдермен әрі қарай қандай жұмыс жүргізіледі?

– Құқық бұзушылық жасаған жасөспірім бақылауға алынып, әрі қарай онымен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Яғни, жасаған құқық бұзушылық түріне қарай есепке қойылып, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының жеке бақылауында болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар