Редакция таңдауы

«Бұл тұран ежелден-ақ алаш жері… »

Мағжанның «Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұрансыз тарқамаған алаш шері» деген керемет шумақтары бар емес пе?! Сол тарихи-географиялық аумақтың атын иеленген Шымкенттегі жаңа аудан бүгінде дамудың даңғыл жолына қарай сеніммен қадам басып келеді.

Өткен аптада Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков баспасөз конференциясын өткізіп, 2024 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді және алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарларымен бөлісті. Өз сөзінде ол инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша қол жеткізілген жетістіктерді атап өтті. Әкім аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа жобаларға ерекше көңіл бөлетінін айтты. Атап айтқанда, әкімдік жолдарды жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, жастар мен кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын кеңейту жұмыстарын қолға алмақ.

Аудан әкімінің айтуынша, жол сапасын арттыру – ауданның кешенді абаттандыруындағы маңызды бағыттардың бірі. 2024 жылы абаттандыру бағдарламасы аясында 42 көше асфальтталған, бұл көлік қатынасын едәуір жақсартты. Сонымен қатар, 49 көшеге қиыршық тас төселіп, жауын-шашын кезінде жол жүру жағдайы жақсарды. 2025 жылы 59 көше, 42,8 км асфальтталады, ал 23 көшеге 20 км қиыршық тас төселді.

Бұдан бөлек, биыл жол қозғалысын реттеудің жаңа әдістері енгізіледі. Ауданда жол жүру ағынын автоматты реттейтін «ақылды» бағдаршамдар орнату жоспарлануда. Оқу орындары мен балабақшалар маңында қосымша жаяу жүргіншілер өткелдері мен «жол кедергілері» қойылады.

Әкім жаяу жүргінші инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. 2024 жылы 39 көшеде 21,3 км жаңа тротуар салынып, ескі жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылған. 2025 жылы тағы 21,1 км тротуар төселеді. Сонымен қатар, ауруханалар, мектептер мен мемлекеттік мекемелердің маңында арнайы пандустар орнатылады.

Тағы бір жайт, жауын-шашын маусымында су тасқынының алдын алу мақсатында су ағызу жүйелерінің құрылысы. 2024 жылы 33 көшеде 13,9 км жаңа ирригациялық жүйелер орнатылды. 2025 жылы тағы 5 көшеде 2,95 км су бұру жүйелері салынады.
2024 жылы ауданда 681 көшеге жарық шамдары орнатылып, көше жарықтандыру деңгейі 95 пайызға жетті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіліп, барлық көшелер толық жарықтандырылады. Сонымен қатар, жаңа LED-шамдарға көшу жоспарланып отыр, бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бәрімізге белгілі, 2024 жылы демеушілердің қолдауымен ауданда екі жаңа демалыс орны ашылды. Аэровокзал маңындағы Желтоқсан көшесінің бойында аллея және «Мадлен» мейрамханасының жанындағы сквер халықтың көңілінен шығып, демалатын аймаққа айналып үлгерді. Дәл осындай үлгіде 2025 жылы үш жаңа сквер салынады. Арғынбеков-Бәйтереков көшелерінің қиылысында, Гагарин көшесінде және Қабылбеков көшесінде тағы бір демалыс орны ашылады. Бұл жұмыстардың барлығы инвестициялық жобаға енгізілген. Мәселен, бұл саябақтарда орындықтар, ойын алаңдары, субұрқақтар, велосипед жолдары орнатылады. Осының барлығы аудан халқының демалуына, серуендеп, белсенді спортпен шұғылдануына қолайлы болады.
Өткен жылы ауданда 40 жаңа жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 30 балалар алаңы, 8 әмбебап демалыс аймағы және 2 спорттық алаң салынды. 2025 жылы 33 жаңа нысан салынады, оның ішінде 18 балалар ойын алаңы мен 13 спорттық алаңдар қарастырылған. Жаңа қоғамдық демалыс орындарының, серуендеуге арналған гүлзарлардың салынуы аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасаудың маңызды бөлігі болмақ.

Сондай-ақ, аудан әкімінің айтуынша, алдағы жылдары ауданның дамуына бағытталған ауқымды жобалар жалғасады. Атап айтқанда, ескі жолдарды қайта құру және магистральдарды кеңейту. Жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерін салу, веложолдар желісін дамыту, қаланы көгалдандыру және жаңа ағаштар отырғызу.
– Ауданды кешенді дамыту тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. Туран ауданын экологиялық таза, заманауи және ыңғайлы аймаққа айналдыру басты мақсат болып қала береді. Қазіргі кезде ауданымыздың жаңа келбеті қалыптасып келеді. Бұл тек бүгінгі тұрғындар үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де үлкен маңызға ие. Біз қаланы көркейту жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Туран ауданы – үлгілі ауданға айналады, – деп қорытындылады әкім өз баяндамасын.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар