Атаулы әлеуметтік көмек – отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында енгізілген маңызды механизм. Ол отбасылық табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтарға уақытша қолдау көрсетуді және оларды жұмыспен қамту арқылы тұрмыстық жағдайды жақсартуды көздейді. Яғни, тұрғындардың кедейшілік шегінен шығуына демеу.
Өткен жылы Шымкентте жұмысқа жарамды 12926 азамат АӘК алуға өтінім берген. Оның ішінде 7738-і – жүгінген кезде жұмыс істеп жүргендер. Жұмыспен қамту шараларына 480 адам қатысып, оның ішінде 308-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, 48-і қоғамдық жұмыстарға, 18-і «Жастар практикасы» бағдарламасымен, 17-сі әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған. Сонымен қатар, 43 азамат кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, 46-сы біліктілігін арттыру шараларына қатысқан.
Шымкенттік Сандуғаш Бегасылова – мемлекеттік қолдаулардың игілігін көріп, оң нәтижеге қол жеткізген тұрғынның бірі. Баласы 3 жасқа толғанға дейін кейіпкерімізге атаулы әлеуметтік көмек шартсыз түрде тағайындалып келген. Сөйтіп, 2024 жылдың қазан айында әлеуметтік келісім-шартқа сәйкес, Сандуғаш қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама алып, «маникюр шебері» кәсібін игерді.
–Қысқа мерзімді оқу кезінде бір ай теория оқып, екі ай тәжірибемен ұштастырдық. Мемлекеттен төленетін шәкіртақыға маникюрге қажетті құралдарды сатып алдым. Оқуды аяқтай салысымен, қаладағы сұлулық салондардың біріне тұрақты жұмысқа орналастым. Жалпы, біраз жылдан бері мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келемін. Оқуды аяқтаған сәтімде «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы арқылы бірнеше жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, ана болғаннан кейін атаулы әлеуметтік көмек алдым, енді жаңа мамандық үйреніп, жаңа салада тәжірибе жинап жатырмын. Алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа бизнес-жоба ұсынуды жоспарлап отырмын, — дейді С.Бегасылова.
Атаулы әлеуметтік көмек – бұл тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар халықтың өз күшімен тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұмтылысын ынталандыратын құрал. Осы бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы – қоғамның әл-ауқатын арттырудың және кедейшілікпен күресудің маңызды қадамы.
ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК тағайындау үшін азаматтардың шығыстары да ескеріледі. Жаңа тетікке сәйкес, азаматтар өздерінің шығындарын растап, банктік қарыздар мен жинақ салымдары бойынша ақпарат беруі тиіс.
Айта кетейік, әлеуметтік көмек тағайындау жүйесін цифрландыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы әзірленді. Әлеуметтік жөніндегі комиссия өтінім берген тұрғындардың үй-жағдайын зерттеген соң, мобильді қосымшаға оның географиялық орны, қабылданған шешім және басқа да маңызды ақпараттар тіркеледі.
С.БОЛАТ