Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген ауқымды сұхбатын Шымкент жұртшылығы да оқып-танысып, ондағы айтылған мәселелерге өздерінің байыпты ой-пікірлері арқылы үн қосуда. Жақында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында шымкенттік қаламгерлер мен кітапханашылар да бас қосып, пікір алысты.
Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова өз сөзінде Мемлекет басшысының сұхбаты әрбір қазақстандықтың назарын аударып, елдің болашағына деген берік сенімін орнықтыратын елеулі оқиға екенін атап өтті.
– Жақында осы мәселе бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі және басқа да бірқатар депутаттар, қоғам қайраткерлері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп,өңірдегі қоғамдық ұйым өкілдерімен маңызды кездесу өткізген болатын. Қаладағы қаламгерлер – ақын-жазушылармен бірге Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын талқылау үшін жиналып отырмыз,-деді ол.
Аталған мәселелер бойынша Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы Президент сұхбатында айтылған өзекті мәселелер, оның ішінде мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, руханият мәселелері ақын-жазушыларды еш уақытта бейжай қалдырмайтыны және мұндай сұхбат, ашық пікірлесудің қоғам үшін үлкен маңызға ие екенін айтып өтті.
Жиын барысында «Бір ел – бір кітап», «Бір қала – бір кітап» акциялары аясында жыл кітаптары талқыланды. М.Әбдәкімұлы «Бір қала – бір кітап» акциясы бойынша көрнекті жазушы, драматург Захардин Қыстаубайұлының өткен жылы баспадан шыққан «Тұман» атты кітабын ұсынды. Бұл романның кешегі мен бүгінгі заманның тынысын тап басып, кестелі көркем ойларымен баурап алатынымен құнды екендігін көпке жеткізді.
Жиын соңында Мемлекет басшысының мақаласына қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,ақын-публицист Б.Каршалов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары П.Есенбеков ой-пікірлерімен бөлісті. Ал, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2025 жылы жаппай оқуға Ж.Нәжімеденов пен Т.Әлімқұловтың еңбектері, «Бір қала – бір кітап» бойынша Захардин Қыстаубайұлының «Тұман» романы таңдалды.
Б.ДҮЙСЕНСАХЫ, журналист-жазушы