Мектеп табалдырығын аттаған сәтте алдымыздан жылы жүзімен қарсы алып, партаға отырғызып, қолымызға қалам беріп, әріп үйрететін тұлға – мұғалім.
Кітаптың алғашқы бетін ашқан сәттен-ақ өмірдің ақ пен қарасын, жақсы мен жаманын, оңы мен солын, адам боп қалу жолын нұсқайтын да осы ұстаз. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, елдің өркендеуі үшін еңбек етіп келе жатқан Ақжігітова Ұлболсын Арысбекқызы 1965 жылдың 28 шілдесінде сол кездегі Шымкент облысы, Бөген ауданы, Қажымұқан ауылында дүниеге келген. Асқар тау әкесі Ақжігітұлы Арысбектен әділдік пен адалдықты, адами асыл қасиеттерден айнымай, елге қызмет етуді тәлім етіп алса, аяулы анасы Сүлейменқызы Ибакүлден имандылықты, жомарттықты үйреніп, ақылына құлақ түріп өсті. Бойындағы сол әділдік, ізеттілік пен әдептілік, имандылық арқылы ел құрметіне бөленді.
Ұлболсын бала кезінен-ақ елгезек, әрқашан жаңа бір істі бастауға дайын тұратын бастамашыл, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табанды болып өсті. Осылайша қабілетті жас 1972 жылы Амангелді Иманов атындағы мектептің табалдырығын аттады. Алғыр, зерек, әрі зейінді болғанының арқасында озат оқушылардың көшін бастады.
Ұлболсын Арысбекқызы еңбек жолын 1984 жылы сол уақыттағы Бөген ауданына қарасты «Светлячок» балабақшасында тәрбиеші болып бастап, одан әрі Амангелді Иманов атындағы мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1989-1994 жылдары институтта «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Одан әрі Темірлан ауылы Пионерлер үйінде әдіскер, Сайрам ауданы В.Терешкова атындағы №86 мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарды.
Сол бір қиын-қыстау кезеңде Ұ.Ақжігітова дене шынықтыру пәні арқылы жастарды спортқа баулу мақсатында алғашқы боп спартакиада өткізді. Ауыл мектептері арасында өткен бұл спорттық шараны ұйымдастыру көп еңбек пен қажыр-қайратты талап ететін еді. Соның бәріне төзуі ұстаздың өз ісіне махаббатпен қарайтынын, оның әрдайым мойнына жауапкершілік жүгін алуға дайын екенін көрсетті.
Жұмыс барысында өзін-өзі үнемі дамытып, білімін арттырып тұруының арқасында сатылай өсіп, басшылық, ұйымдастырушылық қызметте мол тәжірибе жинақтады. 2003-2005 жылдары Көкшетау университетін педагогика және психология мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қолына тиген қай істің де шырайын кіргізетін Ұлболсын Арысбекқызы нарықтың талабын түсініп, білім беруде сапасы күннен-күнге артып келе жатқан жеке «Томирис» бастауыш мектебінде директор қызметін абыроймен атқарып келеді.
Атадан барша адамның қамын ойлайтын өнеге көрген, өз жайын ғана емес, жалпының жағдайын ойлаған Ұ.Ақжігітова еңбек еткен жылдары жергілікті әкімшілік, білім бөлімдері мен білім ұйымдары тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. «Білім беру ісінің үздігі», Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иесі, «педагог-сарапшы» санатындағы білікті маман атанды. ҚР Білім және ғылым министрінің, Шымкент қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен қоса, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарын да алды.
Иә, бойындағы бар білімі мен қабілетін жас ұрпақтың санасына сіңіре біліп, ұстаз деген қадірлі атты өз тұғырынан түсірмей, қажыр-қайратын бала оқытуға арнаған педагогтар қауымы қандай құрметке болса да лайық.
Ә.АЙТӨРЕ