Ұлттық қордың инвестициялық кірісіндегі валюталық бөлігінің 50%-ы жыл сайын еліміздің азаматы болып есептелетін, 2006 жылы және одан кейін туған балаларға теңдей бөлініп берілетін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы екінші жыл іске асырылуда. 2006-2007 жылдары туған, 2024-2025 жылдары 18 жасқа толған/толатын жас қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-да (бұдан әрі – Қор, БЖЗҚ) ашылған нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) нысаналы жинақтар (НЖ) есептелді. Олар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу үшін пайдалана алады.
Қорға Бағдарламаға қатысушылардың заңды өкілдерінен электрондық үкіметтің интернет-ресурстарында (EGOV Mobile сайты мен ұялы қосымшасында) 2006-2007 жылдары туған балаларына есептелген НЖ туралы ақпараттың болмауы мәселесіне қатысты өтініштердің жиі түсуіне орай, БЖЗҚ кәмелетке толған немесе 18 жасқа 2025 жылы толатын азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты Қордың немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурсындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс екенін ескертеді. Осылайша, БЖЗҚ қазақстандық заңнамаға сәйкес нысаналы жинақтардың қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді қоса алғанда, НЖ алушыларға қатысты ақпараттың құпиялылығына кепілдік береді.
НЖ төлемі мен оларды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және/немесе білім алуға ақы төлеу мақсатында пайдалану тәртібі:
— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қаңтардағы №16 қаулысымен бекітілген Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру мен есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу қағидаларында;
— Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 26 ақпандағы №76 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидаларында;
— Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 7 ақпандағы № 51 және Қазақстан Республикасы Білім Министрінің 2024 жылғы 12 ақпандағы бірлескен бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақтар төлемдерін пайдалану қағидаларында көзделген.
НЖ пайдаланудың қадамдық алгоритмі мынадай сипатқа ие:
18 жасқа толған НЖ алушы БЖЗҚ немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарында, сондай-ақ БЖЗҚ бөлімшесіне жүгіну арқылы өзінің НЖ сомасын дербес тексере алады.
Қосымша мәлімет ретінде, 2023 жылы барлық НЖ алушыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары есептелгенін хабарлаймыз. 2006 жылы туған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға ағымдағы жылы 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жинағы 100,52 АҚШ долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың НЖШ-да 232,94 АҚШ доллары жинақталды.
НЖ алушы (не оның заңды өкілі) уәкілетті оператордың (УО) интернет-ресурсы арқылы УО-ға жүгінеді, НЖ алушының атына АҚШ долларымен банк шотын ашады, НЖ төлеміне онлайн-өтініш береді.
УО төлемге өтініш қаралғаннан және мақұлданғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде төлемге өтініштің тіркелгені туралы БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді.
БЖЗҚ УО-дан электрондық хабарламаны алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде УО-ға өтініште көрсетілген НЖ төлемінің сомасын НЖ алушының атына АҚШ долларында ашылған банк шотына одан әрі есептеу үшін аударады не себебін көрсете отырып, аударудан бас тартатыны туралы хабарлайды.
НЖ алушы немесе оның заңды өкілі НЖ сомасы банк шотына түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде УО-ға НЖ төлемдерінің нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттарды ұсынады.
УО НЖ алушы құжаттарды ұсынған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде оларды тексеріп, НЖ төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.
НЖ алушы (немесе оның заңды өкілі) құжаттарды 45 жұмыс күні ішінде ұсынбаған жағдайда, УО-дағы НЖ төлемінің сомасы БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтар БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотында АҚШ долларымен 10 жыл бойына сақталуы мүмкін. Егер осы мерзім ішінде азамат өзіне тиесілі қаражатты пайдаланбаса, бұл сома БЖЗҚ-да алушының атына автоматты түрде ашылатын ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алатын жеке зейнетақы шотына аударылады. Қаражат ҚР Ұлттық банкінің аударым күніндегі ресми бағамы бойынша теңгемен есептеледі. Ерікті зейнетақы жинақтарын пайдалану шарттары мен тәртібі ҚР зейнетақы заңнамасында көзделген.
Бағдарламаның шарттарымен, қажетті нұсқаулықтармен kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында танысып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру, бала кәмелетке толғанға дейін және одан кейінгі іс-қимыл алгоритмі туралы бейне нұсқаулықты БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында https://www.youtube.com/watch?v=a9L8N4Q28OM сілтемесі бойынша көруге болады.
АНЫҚТАМА:
2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асырудың 12 айы ішінде «БЖЗҚ» АҚ шамамен 6,30 млн АҚШ долларына 62 697 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 3,63 млн астам АҚШ долларына 36 119 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 2,67 млн АҚШ долларына 26 578 өтініш орындады. Есіңізде болсын! Нысаналы жинақтарды алушы нысаналы жинақ сомасын бірақ немесе бөліп пайдалануға құқылы, соманың пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу үшін пайдалануға қатысты уәкілетті операторлар, өңірлер және қосалқы мақсаттар бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.