Мемлекеттік қызмет – конституциялық негізде баянды етілетін азаматтардың мемлекеттік басқаруды, басқа да мемлекеттік міндеттер мен қызметтерді жүзеге асыратын кәсіптік қызметі. Мемлекеттік лауазым – бұл мемлекет органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген лауазымды өкілеттілік пен лауазымды міндеттердің ауқымы жүктелген құрылым бірлігі.
Мемлекеттік қызметтің миссиясы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші атану адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді және өзгеге үлгі бола білуі қажет. Жаңа онжылдықта мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастардың саны артып келеді. Себебі, мемлекеттік қызмет –тұрақтылық, дағдарыстың толқындарында нық сенімділіктің кепілі. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар. Мемлекеттік қызметкердің жағымды имиджі, ең алдымен, оның кәсіби деңгейіне байланысты. Мемлекеттік қызметкер өз саласында терең білімге, тәжірибеге және қажетті дағдыларға ие болуы қажет. Мұның арқасында ол қоғамның қажеттіліктерін түсініп, түрлі мәселелерді тиімді шеше алады.
Кәсібилік мемлекеттік қызметкердің барлық әрекеттерінде көрініс табуы тиіс, бұл халыққа сенім ұялатады. Қоғамдық қызметке деген сенім деңгейі көбінесе мемлекеттік органдардың ашықтығына тәуелді. Мемлекеттік қызметкерлер азаматтарға маңызды ақпаратты уақытылы, айқын жеткізіп, өз әрекеттерінің нәтижелері туралы есеп беруі қажет. Қызметкерлердің ашық коммуникациясы қоғаммен байланысын нығайтып, оған деген сенімді нығайтады. Ашықтық принципі мемлекеттік қызметкердің имиджін жақсартуда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қызметкер өзінің этикалық нормаларды сақтауымен үлгі болуы тиіс. Әрбір іс-әрекетінде әділдік, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын ұстануы – оның беделін арттырады.
Қызметкердің адамгершілік қаситтері, атап айтқанда, мейірімділік, құрмет және мәдениет, адамадардың онымен жұмыс істеуін жеңілдетеді. Бұл қасиет мемлекеттік қызметкерлерге деген жағымды көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді. Жауапкершілік – мемлекеттік қызметкердін жағымды имиджін қалыптастыруда басты рөл атқаратын қағида. Қызметкер өз қызметі үшін толық жауапкершілік алып, шешімдерінің нәтижелерін түсініп, оларды орынды түрде есеп беруі тиіс. Есеп беру мәдениеті халыққа ашықтық пен жауапкершілік қағидаларын ұстанатын мемлекеттік қызметкерлерге сенімділікті арттырады.
М.АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі