Редакция таңдауы

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін төмендететін және халықтың билікке деген сеніміне нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан Қазақстанда бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп келеді.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік органдардың барлығы өз қызметінде ашықтық пен тазалық қағидаттарын ұстануы тиіс. Бұл заң елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағытын айқындайды және мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адамдардың заңсыз әрекеттерге жол бермеуі үшін нақты шектеулер белгілейді.
Қаратау ауданы әкімі аппараты да осы талаптарды орындау мақсатында белсенді жұмыс атқарып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін Қаратау ауданы әкімі аппараты мен құзырлы мекемелер арасында тығыз ынтымақтастық орнатылған. 2023-2024 жылдары аппарат қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, нәтижесінде 2023 жылы 15, ал 2024 жылы 2 жағдай анықталды. Осыған байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, оның аясында нақты шаралар жүзеге асырылды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 2025 жылдың ІІІ тоқсанында жаңа ішкі талдау жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға және тұрғындардың билік органдарына деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте құқықтық сауаттылықтың маңызы зор. Осыған орай, Қаратау ауданы әкімі аппараты мен «Қаратау» КММ қызметкерлеріне 2023-2025 жылдар аралығында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыр. Бұл іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері, құқықтық кеңесшілер, қоғам белсенділері, заңгерлер мен имамдар қатысып, мемлекеттік қызметшілерге заң талаптарын түсіндірді.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ережелердің сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг жүргізілді. Егер мүдделер қақтығысы орын алса, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Documentolog» электронды құжат айналымы жүйесінде жемқорлықтың алдын алу жөніндегі курстар өткізіліп, олардың сертификаттары рәсімделді.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осы мақсатта Қаратау ауданы әкімдігі ғимаратында тұрғындарға арналған ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылған. Мұнда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбындағы афишалар ілініп, келушілерге ақпараттық жаднамалар ұсынылған. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлерінің компьютерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттық суреттер орнатылған.
Аудан әкімі мен әкімдік қызметкерлері тоқсан сайын жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мақалалар жариялап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға септігін тигізіп келеді.
Жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның белсенділігі өте маңызды. Осыған байланысты Қаратау ауданы әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғам өкілдерімен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын ескеріп отырады. Аудан әкімдігі жанындағы «Заң бұрышы» арқылы тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, олардың сұрақтарына жауап беріледі. Сонымен қатар, ішкі талдаудың нәтижелері аудан әкімдігінің ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланады. Бұл ашықтық пен есептілік қағидаларын қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ұзақ мерзімді және тұрақты түрде жүргізілуі тиіс процесс. Қаратау ауданы әкімі аппараты бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шаралар қатаң бақылауда болып, қоғамдағы заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге үлес қоса береді.
Әрбір азамат сыбайлас жемқорлықпен күресте өз жауапкершілігін түсініп, заң талаптарын сақтауға міндетті. Қоғам болып бірлесе әрекет еткенде ғана біз әділетті және таза қоғам қалыптастыра аламыз.

О.АБДРАМАНОВ,
Қаратау ауданы әкімінің
аппарат басшысы

Соңғы жаңалықтар