Биыл адамзат ақыл-ойының асқар шыңы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бізге хакімнің ұшан-теңіз рухани мұрасының, бүкіл шығармашылығының өзегі, өмір бойы айтқаны мен жазып қалдырғандарының қорытынды түйіні «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде жатқан секілді көрінеді. Бұл өлеңді ақынның
1902 жылы, яғни, жасы алпысты алқымдаған шақта, өмірінің соңына таяу, ой-өрісі мен ақыл-парасаты әбден кемелденіп, данышпандықтың шырқау шыңына қадам басқан тұста жазуы да заңдылық шығар. Олай дейтініміз, тап осы бір өлеңінде хакімнің тек қазақ баласына емес, бүкіл адамзатқа айтқан ең құнды өсиеті жатқандай.
Сонымен, Абайдың басты өсиеті қайсы дейсіз бе? Ол міне:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл,
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл»,
– деген жолдарда жатыр. Демек, Абай танымында діннің де, ғылымның да, мәдениеттің де бастауы, жалпы, адамгершіліктің негізі махаббат пен мейірімде жатыр. Жүрегіне махаббат ұяламаған адамның иманды болуы неғайбыл екен.
Иә, Абайдың осынау бай рухани мұрасын насихаттау, сөйтіп, жас ұрпақтың жүрегіне махаббат пен мейірім ұялату – маңызы зор жұмыс. Осы мақсатта Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі мен «Хакім Абай» мұражайының ұйымдастыруымен «Абайдың асыл мұрасы» атты іс-шара өтті. Мағыналы жүздесу Amanat партиясының «Кітап-Amanat» жобасы аясында ұйымдастырылды. Кездесу қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұлы тұлғасы Абайдың өмірі мен шығармашылық мұралары жан-жақты талқыланып, жастарды оның даналығы мен гуманизмінен үлгі алуға шақыру мақсатында қолға алынған.
Іс-шараға Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, партияның Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Бақтыбай Алипов, абайтанушы, ғалым Жабал Шойынбет, сондай-ақ мұражай қызметкерлері, студенттер мен оқырмандар қатысты.
Ербол Байқонысов ақын шығармаларының өзектілігін атап өтіп, әр ұрпақ Абайдың өлеңдерінен өзіне қажетті даналық пен ғибрат алатынын айтты. Оның айтуынша, Абайдың шығармалары уақыт өткен сайын өзектілігін жоймайды. Оның философиясы мен өмірге деген көзқарасы бүгінгі күнде де халқымызға өнеге. Сондықтан ақын мұрасын келер ұрпақ жалғастырып отыру қажет.
Абайтанушы Жабал Шойынбет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың отырысында көтерген Абай институтын құру туралы пікірлерін жеткізіп, бұл бастаманың қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде таныту үшін маңызды қадам екенін жеткізді. Ол ұстазы Мекемтас Мырзахметұлының «Толық адам» ілімін зерттеудің маңыздылығын атап өтіп, Абайдың шығармашылығын жаңаша көзқараспен зерделеп, оның ілімін жастарға насихаттау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ ғалым Абай мұрасын насихаттау жолында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан ғалым Абайды тек ақын емес, хакім ретінде тану қажеттігін көтерді. Жабал Шойынбет ұстазы Мекемтас Мырзахметовпен бірге Абайтануды ғылыми жүйеге енгізіп, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің қабырғасында «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты мен Хакім Абай музейін ашуға атсалысқан екен. Сонымен қатар, Шымкентте де алғаш рет «Хакім Абай» музейі ашылып, бұл бастама өңірдегі жастарға Абайдың рухани мұрасын танытуда ерекше маңызға ие болды. Ендігі жерде ғалым әрбір облыс пен білім ордасында Абай орталығы ашылуға тиіс деген ойымен бөлісті.
«Шымкенттегі Абай саябағында ақынның ұрпағы Тұрағұлдың ескерткіші орнатылса құба құп болар еді. Себебі кезінде Абайдың тұқымын жер аударып жіберген кезде Тұрағұл осы жерде қайтыс болған. Оның моласы осы жерде жатыр. Президентіміз де Абайды кейінгі ұрпақ білуі керек екенін жиі айтып жүр. Олай болса әрбір облыста, әрбір жоғары оқу орнында, әрбір мектепте Абайтану деген орталық ашылу керек. Қазір осындай бастама біздің Шымкентте көп жағдайда басталып жатыр», – дейді абайтанушы.
Сондай-ақ, іс-шарада Абайдың туындыларына арналған әңгімелер айтылып, шығармаларынан үзінділер оқылды. Бұл іс-шараның мақсаты – ұлы ақынның рухани мұрасын зерттеу мен насихаттау арқылы жастарға Абайдың даналығын жеткізу болды.
Ал Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директор орынбасары Гүлжан Садық атап өткендей, биыл ақынның туғанына байланысты жоспарланған іс-шаралар аясында кітапханалар жүйесі мен жоғары оқу орындарында «Абайтану» пәні енгізіліп, хакімнің шығармашылығын кеңінен насихаттау жүзеге асырылып жатыр. Оның айтуынша, іс-шаралар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының көмегімен Абайдың асыл мұрасы бүгінгі жастар мен қоғам алдында жаңа қырынан таныстырылып келеді.
«Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Шымкент қаласында ауқымды мәдени іс-шаралар қолға алынған. Қаңтар айынан бастап қаладағы барлық кітапхана бөлімшелерінде Абай шығармашылығын дәріптейтін жобалар жүйелі түрде өткізіліп отыр. Бұл шаралар жастардың Абай мұрасын терең тануға бағытталған. Атап айтқанда, әдеби кездесулер, шығармашылық кештер, «Өзім оқыған он кітап» сияқты ашық сұхбаттар өткізіліп келеді. Іс-шаралар қаладағы оқу орындарымен және «Аманат» партиясының жергілікті филиалымен бірлесіп жүргізіліп жатыр», – дейді Гүлжан Садық.
Мұндай тағылымға толы кездесу Абай Құнанбайұлының ұлы мұрасын тереңірек зерттеу, оның шығармашылығын насихаттау және жастарды оның гуманистік идеяларымен таныстыру жолындағы маңызды қадам. Себебі Абайдың даналығы мен адамгершілік құндылықтарын заманауи қоғамға жеткізудің мән-маңызы жоғары.
Жадыра МҮСІЛІМ