Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар орталығында кезекті брифингін өткізді. Кездесу барысында ресми өкіл қаладағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталып, соның ішінде Тұран шағын ауданында болған қайғылы оқиғаға ерекше назар аударды.
«Бүгінгі брифингті, ең алдымен, Тұран шағын ауданында болған қайғылы оқиғамен бастауды жөн көріп отырмыз. Өкінішке қарай, 12 сәуір күні бұл шағын ауданда бір баланың өмірі қиылып, бір отбасы бауыр еті баласынан айырылды. Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының, өз атымнан және қала әкімдігінің атынан марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – баршамыз үшін ауыр қайғы әрі үлкен сабақ. Біз бұл жағдайға терең үңіліп, жауапкершілікті толық сезініп отырмыз», – деді ол. Оның айтуынша, қазір қайғылы жағдай болған аумаққа жүргізілген талдау жұмыстары барысында бірнеше техникалық және ұйымдастырушылық кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, 2019 жылы іске қосылған кәріз жүйесінің жобасы бастапқыда дұрыс жасақталмаған. Тұрғын үйлерден келетін кәріз сулары жинақтау жүйесіне бағытталғанымен, бұл жүйе сағатына небәрі 60 текше метрге есептелген. Ал, нақты ағын көлемі бұдан едәуір артық. Сонымен қатар, су айдайтын насос стансасы сағатына 100 текше метрді 500 метр қашықтықтағы келесі пунктке жеткізуге тиіс болған. Бұл жүйелер арасындағы үйлесімсіздік салдарынан су сыртқа төгіліп, төмен орналасқан аумақта жиналып қалған.
Тұран шағын ауданындағы бұл аумақ географиялық тұрғыдан да ойпаң жерде орналасқан. Сол үшін жауын-шашын мен еріген қар сулары да сол жерге шоғырланады. Былтыр сол маңдағы №10 көшеде жол құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін «Ақжол» ЖШС-і мердігер ретінде тартылған. Компания жер асты су ағымдарын өткізу мақсатында траншея қазғанымен, құрылыс жұмыстарын аяқтамай тастап кеткен. Ал, кәріз жүйесін салған «Азия-Эрес» ЖШС-іне бірнеше рет тиісті мекемелер тарапынан ескерту хаттары жолданған. Алайда, жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалмаған.
Қазір бұл мәселеге байланысты сот процестері басталып кеткенін жеткізген ресми өкіл өз ісіне жауапкершілікпен қарамаған аудан әкімі қызметінен босатылса, басқарма басшысына сөгіс жарияланып, қала әкімінің орынбасарына тәртіптік шара қолданылғанын айтты. Ал тергеу біткен соң нақты жауапты қызметкерлер анықталып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданады.Қазір осы ауданның кәріз жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен бірге Сәрсен Абайұлы қаладағы жол құрылыс жұмыстарына тоқталды. Жол салу жұмыстарының барлығы 2020 жылдың соңында немесе 2024 жылдың басында жоспарланған. Қазір Темірлан тас жолы мен Бәйдібек би даңғылының бойында жолдарды кеңейту, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде айтылған «жасанды газон төселіп жатыр» деген пікірлерге байланысты пікірін жеткізген ол «Бұл — эстетикалық рең беру мақсатында істеліп жатқан жұмыс. Ол жердің ені гүл егуге жарамсыз. Ал болашақта жол кеңейтілген жағдайда жасыл желек отырғызуға мүмкіндік болады», деді. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының шағымы негізінде Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Зима» түнгі клубына қатысты да пікір білдірді. Қала әкімдігінің тексеруі нәтижесінде бұл нысанның түнгі клуб ретінде заңсыз жұмыс істегені анықталып, нысанды жабу туралы шешім қабылданған. «Бұл орын бастапқыда көпфункционалды дүкен ретінде тіркелген. Сондықтан оның тұрғындарға қызмет көрсету мақсатында жұмыс істеуі керек. Заңсыз әрекеттерге жол берілмейді», деді ол. Қала әкімдігі алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайларды болдырмау үшін арнайы штаб құрып, қаладағы барлық осал инфрақұрылымдық нүктелерге тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, ресми өкіл қала күні аясында өтетін республикалық айтыс – алдын ала жоспарланып, ашық конкурс арқылы анықталған ұйымдастырушы компанияның жауапкершілігімен өтетін іс-шара екенін жеткізді. Айтысқа қатысушылардың жолақысы, жатын орны, тамағы, сахна безендіруі мен жүлде қоры сияқты барлық шығын заң аясында қарастырылған және мемлекеттік сатып алулар порталында ашық жарияланған. Сондықтан әлеуметтік желіде айтылған айыптаулар негізсіз әрі бұған заң алдында жауапкершілік барын еске салды. Қала әкімінің орынбасары «Назира Голд» мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Айтуынша, 12 сәуірде «Жеті жылқы» кешенінде 100-ге жуық салымшы жиналып, күдіктіні босатуды талап еткен. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, «Назира Голд»-қа 4 мыңға жуық адам қаржы салып, 65 жәбірленушіге 600 млн теңгеден астам залал келтірген. Жалпы қалада қаржы пирамидалары мен алаяқтық деректері көбейген. Биылдың өзінде 175 қылмыстық іс тіркелсе, оның 44-і алаяқтыққа қатысты болып отыр. Сол үшін ресми өкіл тұрғындарды сақ болуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға шақырды. Бұдан басқа, тұрғындар жол қозғалысы ережелерін де қатаң сақтау қажет екенін айтып, көпқабатты үйлердегі жиналған қаражат тұрғындардың шешімімен, ашық түрде басқарылуға тиістігін тілге тиек етті.
Жадыра МҮСІЛІМ