Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің биыл қаңтар айында өткен кеңейтілген отырысында «Туризм экономиканың өсуіне жаңа серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ, белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет», – деген болатын.
Шымкент – тарихи, мәдени және табиғи байлықтарға бай қала. Оның инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сапасының артуы, мәдени іс-шаралардың өткізілуі және туризм саласының дамуы қалаға туристерді тартуға және экономиканы нығайтуға ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм саласында айтарлықтай серпіліс жасалып, өңірді еліміздің маңызды туристік орталықтарының біріне айналдыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Жалпы Шымкенттің тарихы бірнеше ғасырларға созылады. Қалада орналасқан Shym Qala тарихи-мәдени орталығы, «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесі, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, тарихи-өлкетану мұражайы мен Бәйдібек би монументі туристердің қызығушылығын тудыратын негізгі нысандар саналады. Орайы келгенде өңірде туризмді дамыту мен туристерді тартуға бағытталған жұмыстардың барысына кеңірек тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.
Ең алдымен, республикалық көрсеткіш бойынша Шымкент қаласының туристерді тартуда 4-ші орынға тұрақтағанын мақтанышпен айта кетейік. Былтыр қалаға келушілер саны 507 866 адамды құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (499 098 адам) 13,1 пайызға артық. Оның ішінде, ішкі туризм бойынша келушілер саны (475 235 адам болды) 13 пайызға, кіру туризмі бойынша келушілер саны (32 631 адамға жетті) 13,7 пайызға артты.
Бүгінде өңірде 146 орналастыру орны бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылдың 12 айында орналастыру орындарында келушілерге 615 503 төсек орын ұсынылды. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіш 533 332 болған. Сонымен қатар, қалада төсек-орын саны –7031 бірлікке (2023 жылы – 6058) көбейіп отыр.
Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2024 жылдың 12 айында 11 341 336,4 мың теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен (8 240 453,9 мың теңге) салыстырғанда 37,6 пайызға өскен.
Туризм – тек жаңа жерлерді көру ғана емес, ол – мәдениетпен танысу, рухани байып, тынығудың бір жолы. Бұл салада туристік маршруттардың алатын орны орасан зор. Жақсы ұйымдастырылған маршрут туристке ыңғайлы, тиімді және қауіпсіз саяхат ұсына алады. Сондықтан, қалада туристік маршруттардың қызметіне баса көңіл бөлінген. Бүгінде Шымкентте келушілерге 17 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Олардың ішінде «Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент» бағытындағы 4 күндік туристік маршрутты туристер кеңінен қолдануда. Бұдан бөлек, әр аптаның бейсенбісінде шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсия өткізеді. Бұл іс-шара туристерге қаланың көрікті жерлерімен танысуға, мәдениеті мен тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мәдени мұраларды сақтау мен насихаттауға үлкен үлес қосады.
Шымкент қаласынан тікелей ұшатын 7 ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Петропавл), 10 халықаралық (Ыстанбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина, Фукуок) рейстердің де бар екенін айта кетейік. Алдағы уақытта Scat әуекомпаниясы тарапынан Пекин, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына тікелей рейстер ашу жоспарлануда.
Туристік маршруттар туризмнің негізі саналады. Өйткені, саяхаттың мазмұнды, қауіпсіз әрі қызықты өтуі тікелей соларға байланысты. Әрбір өңірдің өз ерекшелігіне сай тартымды маршруттардың жасалуы – ел туризмінің дамуына әсер ететінін ұмытпауымыз керек.
Туризмді дамыту үшін өңірде тек тарихи және мәдени ескерткіштердің болуы жеткіліксіз. Осы саланың дамуына тікелей әсер ететін басты факторлардың бірі, ол – туристік инфрақұрылым. Былтыр қала аумағындағы «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелеріне жаңа санитариялық-гигиеналық торап, жаңа орындықтар, жарық шамдары мен ақпараттық стендтер қойылды. 2 санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды («Спутник» гүлзары, «Тәуке Хан» даңғылы). Сондай-ақ, 7 қонақ үй (Qazaq Hotel, Diamond Hotel, Aurum Hotel, Cannes Hotel, Zhamal Hotel, Makhambet, Mirotel) ашылды.
Бұйыртса, биыл Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділ Әзіз баб, Хызыр мұнарасы, дендросаябақ және цитадель секілді туристік нысандарға төлқұжат қойылады. 3 сакралды нысанға (Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб) турникет орналастырылады. 5 – Smart cанитариялық гигиеналық – торап (Арбат, Север, Иляев, Гарант, Этноауыл) пайдалануға беріледі. 4 қонақ үй (Mardan hotel, Zeinnur tau, Keremet, Altai hotel) іске қосылады.
Туристік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып, заманауи талаптарға сай ету арқылы Шымкентті шетелдік және ішкі туристер үшін жайлы, қолайлы әрі қауіпсіз қаладаға айналдыра алатынымыз анық.
Біз жоғарыда туризм саласын өркендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғадық. Енді туризмді дамытудың тағы бір жолына тоқталсақ дейміз. Ол – түрлі мәдени, спорттық, тарихи іс-шараларды өткізу арқылы қалаға туристерді көптеп тарту. Жалпы мұндай тәжірибе әлем елдерінде өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.
Өңірде туризмді жандандыру мақсатында қолға алынып жатқан жаңа жобалардың да салаға жаңа серпін берері сөзсіз. Айталық, биыл қалада этноауыл аумағын абаттандыру және қайта құру, гастрономиялық аллея ашу, бадам су қоймасы аумағын туристендіру жұмыстары атқарылмақ.
Қорыта келгенде, мұның барлығы Шымкентті әлемдік деңгейдегі туристік қала қатарына өтуге бастайтын үлкен қадам.
Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.