Редакция таңдауы

ЖАС САЯТШЫ ЕРАСЫЛ

Ерасыл ЕСПОЛАТ – ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған құсбегілік өнерді жаңғыртып жүрген жас. Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетте 3-курста оқиды. Мамандығы – физика және математика пәнінің мұғалімі. Жақында ол құсбегілік өнерден ұлттық құрама команда мүшесі болды. Орайы келгенде Ерасылды осынау қуанышымен құттықтап, оны әңгімеге тартқан едік.

Ерасыл Ержанұлы – өңірімізге есімі белгілі саятшы Кеуеновтердің жиені. Ол бала күнінен нағашыларының табиғатынан көк аспанда қалықтап, еркін ұшқанды қалайтын жыртқыш құсты қолына қондыратын өнерін көріп өскендіктен, есейе келе мұндай қасиетті бойына сіңіруге ерекше ықылас қояды. Кішкентайынан қырандарды баптаудың қыр-сырына қаныққан Ерасылға сыйға тартылған бүркіт пен қаршығаға күтім жасау аса қиындық тудырмайды. Балапан кезінен баптап, өзіне баулыған Ерасылдың құстары қазір додаларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иелене бастады.

Бір қызығы, құстардың да құдды адам секілді тұмауратып, ауырады. Ерасыл сол үшін олардың тамағын талғаммен беруге тырысады. Көбіне ірі қара малдың суға шылап, майы мен сөлі кептірілген етімен тамақтандырады. Бұл «Ақ жем» делінеді екен. Одан кейін уақытында екпелерін салдырып, таза ауада серуендетуге де ерекше көңіл бөледі. Қыр басына апарып, жаттықтырады.

– Әрине, аспанда қанатын кеңге жайып, еркін самғаған құсты иесіне бағындырып, оның берген тапсырмасын бұлжытпай орындату оңай шаруа емес. Оған асқан төзімділік пен ептілік керек. Жалпы жыртқыш құсты адамға үйірсек етудің жолдары көп. Мен қырандарымның қанаты мен құйрығын, басы мен мойнын сылап-сипап, жылы сөздерімді жиі айтамын. Егер де оған қатқылдау дауыспен сөйлесеңіз, оның жүрегін жуық арада жылыта алмасыңыз анық. Сонымен қатар, ол өте кекшіл құс. Дегенмен, қолға әбден үйренген құс иесінің дауысын алыстан танып, шақырғанда қайта ұшып келіп қонады.

Сайыстарда төрешілер, ең алдымен, саятшылардың құспен арадағы байланысы қандай деңгейде екеніне айрықша мән береді. Құсбегілер ат үстінде отырып, құсты биік шыңнан төмен қарай ұшырады. Ережеде қолдан ұшырылған құс біраз уақыттан кейін айналып қайта келіп, иесінің қолына қонуы керек. Қаршығаны екі күн қолға алмасаңыз, ол жабайыланып кетеді. Сондықтан қаршығаның иесіне қаншалықты бауыр басқанын айғақтайтын кезең.

Содан кейін ат үстінде отырған адам ұзын жіпке байланған шырғаны алып қашады. Шырға түлкінің терісінен жасалады. Шауып бара жатқан кезде құсбегі қолда тұрған бүркіттің томағасын шешіп, оны шырғаға қарай жібереді. Қыран құстар басқаларға қарағанда өте қырағы келеді. Олардың көзі адамның көзінен үш есе жақсы көреді делінеді. Сондықтан, бүркіттің өткір көздері жемтігін алыстан танып, бірден оны іліп әкелуге ұмтылады. Яғни, қыранның бабына келгені немесе келмегені осы арқылы анықталады. Егер құс бабында болмаса ұшқысы келмей, тартыншақтайды.

Үшінші кезеңде қолдан ұшырылған құстың қанша уақытта өз иесіне қайтып келгені есептеледі. Уақыт ұзарған сайын ұпай саны кеми береді, – дейді Ерасыл Есполат.
Ерасыл Ержанұлының саятшылық құрып қана қоймай, ұлтымыздың қанына сіңген өнерді жандандырып, жарыстарға қатысып, жеңіс туын желбіретіп жүргенін мақтаныш етуге болады. Айталық, ол осы жыл басында құсбегіліктен жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының ХVІ чемпионатында қаршығадан І орынды, ал бүркіттен ІІІ орынды қанжығалады. Ерасылдың өзге саятшылардан бір ерекшелігі, ол бүркітті де қаршығаны да баптап, аң-құсқа сала біледі.

– Мені құсбегілік өнерге қызығушылық танытқан жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл бүркіттің қандай құс екеніне назар аударыла бастағанын аңғартады. Біле білсеңіз, ата-бабамыз қыранның бар сырына ертеден қанығып, оны қасқырға да салған. Абай Құнанбайұлының «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап, жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап» деген жыр жолдары осыған дәлел болса керек.

Өзім ес білгелі осы өнерді игеруге әуестендім. Нағашыларым секілді құстың қабілетін танып, оны жасына қарай ажыратып, таңдай білетін болдым. Ендігі мақсатым – құсбегілік өнерді ұлықтауға үлесімді қосып, жаңа белеске көтеру. Ата-бабамыздың асыл мұрасын дүниежүзіне паш етіп, бүркіттің қасиетін көпшілікке жеткізсем деймін.

Бұл өнер жоғарыда айтып өткенімдей, адам баласын қыран құстарды тануға ғана емес, табиғаттың, жер мен судың қасиетін зерделеуге де жетелейді. Біз табиғаттың өзіне тән заңдылықтарын біле бермейміз. Мәселен, аң аулауға шықпайтын уақыттар болады. Ол кезде құсбегілер қырандарды түлекке отырғызады. Яғни, аң-құспен арпалысқанда түскен қанаттарын жетілдіреді. Бүгінгі тілмен айтқанда, құсбегілік кезінде қазақтың тұрмыста кеңінен қолданып, нәсібін табатын бір кәсібі болған. Ал, қазір бүркіт пен қаршығаның, ителгінің қасиеті былай тұрсын, тіпті оларды ажыра алмайтындай деңгейге жеткеніміз қынжылтады. Қырандарды аспанда қалықтап ұшып жүрген кәдімгі бір үлкен құс секілді көреміз.

Қай кезде де халқымыздың қажетіне жарай білетін өнердің қазақпен бірге мәңгі жасауына, өркендеуіне атсалысу мен үшін үлкен бақыт, – дейді жас саятшы.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар