Шымкент қаласының Онкологиялық орталығы бар қалалық көпбейінді ауруханасы директорының медициналық қызмет сапасы жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, онколог-гинеколог
Рита АСАБАЕВА:
– Рита Ескендірқызы, қатерлі ісік – әйелдер арасында жиі кездесетін және ең қатерлі дерттердің бірі. Оны емдеуге бола ма? Сіз емделушілеріңіздің сауығып шыққан жағдайларын жиі көресіз. Әңгімемізді оқырмандардың бойында үрей емес, үміт ояту үшін, сол дертті жеңіп шыққан науқастардың мысалдарынан бастасақ қалай болар екен?
– Соңғы жылдары біздің орталық онкологиялық ауруларды емдеумен айналысатын медициналық мекемелер арасында жетістіктері бойынша алдыңғы қатарға шығып, жетекші орынға ие бола бастады. Бұл – біздің ұжымның кәсіби деңгейі мен қажырлы еңбегінің айқын нәтижесі. Жалпы, қатерлі ісік – өзге аурулардан өзгеше күрделі дерт. Бұл диагноз қойылғаннан кейін адам бір-екі айда емделіп, толық сауығып кете алмайды. Толыққанды ем алу үшін кемінде алты айдан бір жылға дейін уақыт қажет. Сондықтан біз әр емделушімізбен ұзақ уақыт тығыз қарым-қатынаста болып, олармен туыстай жақын араласып кетеміз.
Төлеби ауданынан келген емделушім бастапқыда қойылған диагнозға сене алмай, қатты күйзеліске түсті. Сырт келбеті де соған сай – қабағы қатулы, салқын көрінетін. Алғашқы әңгімеміз барысында оның мұғалім екенін білдік. Іштей «Осындай күйде ол балаларға қалай сабақ береді екен?» деген ой да мазалағаны рас. Алайда уақыт өте келе сол қатулы қабақтың артында терең мейірім мен нәзік жүрек жатқанын байқадық. Бүгінде ол дертті еңсеріп, тек жылына бір рет бақылаудан өтетін жағдайға жетті. Өзі де қайта туғандай өзгеріп, жарқын жүзімен қуанып жүретін болды. Қыздарын ұзатып, немере сүйіп, өмірдің жаңа белесіне шықты.
Тағы бір емделушім алғаш рет маған жүгінген кезде оның қызы небәрі 4-сыныпта оқитын. Қазір сол кішкентай қыз – студент атанды. Анасы дертін жеңіп, жұмысқа оралып, тұрмысы біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Сізге бір шындықты айтқым келеді: әйел адам ауырса, бүкіл отбасының күйі өзгереді. Жоғарыда айтқан екі әйел де қатерлі дертке шалдыққанда, олардың отбасыларында түсініспеушілік, жанжалдар орын алып, күйзеліс жағдайы тереңдей түсті. Сол кезде оларға тек медициналық көмек қана емес, психологиялық қолдау да ауадай қажет болды. Қиын сәттерде жанынан табылып, отбасын сақтап қалу жолында қолдан келген көмегімді аямадым. Қазір бұл емделушілерім мен үшін туыстай болып кетті – олардың да дендері сау, отбасылары аман, өмірлері қалыпқа түсті. Бұл – бәріміз үшін үлкен қуаныш.
Біздің орталықта Шымкент қаласының тұрғындарымен қатар, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан да науқастар келіп, ем қабылдайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жас әйелдер арасында жатыр мойны қатерлі ісігі секілді онкологиялық аурулар жиі тіркеліп отыр. Қатерлі ісік – бұл ағзадағы обыр жасушаларының қарқынды өсіп, белгілі бір уақыт ішінде қан мен лимфа тамырлары арқылы басқа мүшелерге таралып, көбейетін аса қауіпті дерт. Сондықтан біз үнемі әйелдерге скринингтік тексеруден уақытылы өтіп тұрудың маңыздылығын айтып келеміз. Ерте анықталған ауру – жартылай жеңілген дерт екенін ұмытпаған жөн.
Бүгінде заманауи медицинаның мүмкіндіктері онкологиялық ауруларды емдеуге толықтай жеткілікті. Дәрігерлер де үнемі білімін жетілдіріп, емдеу сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етуде. Алайда, бір жайтты ерекше атап өткім келеді: жатыр мойны қатерлі ісігін тек бастапқы кезеңінде анықтағанда ғана толық жазылып кетуге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, кейбір науқастар онкологиялық орталыққа келуге жүрексініп, диагнозына сенбей, уақыт жоғалтып алады. Сол себепті ауру үдеп, емделуі қиындай түседі. Айта кететін жайт, орталығымызда тік ішек, асқазан және өңеш қатерлі ісіктеріне лапароскопиялық оталар сәтті жасалып келеді. Қандай онкологиялық ауру болмасын, оны елемей, кейінге қалдыру – денсаулыққа төнген үлкен қатер. Ерте диагностика мен дер кезінде басталған ем – өмірді сақтап қалудың басты кепілі.
– Ауруды неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым ем нәтижелі болатынын айтып өттіңіз. Қатерлі ісік неден пайда болады? Оның қандай алғашқы белгілеріне мән беру керек?
– Жатыр мойны қатерлі ісігінің айқын белгілері бола бермейді, көп жағдайда ауырсыну немесе басқа да күрделі белгілер байқалмайды. Тіпті, дерттің қашан және қалай пайда болғанын науқастың өзі де аңғармай қалуы мүмкін. Дегенмен, кейбір белгілерге назар аудару қажет. Мысалы, қанды бөліністер, етеккірдің әдеттегіден ұзаққа созылуы немесе шамадан тыс көп келуі – бұл ескерусіз қалдырмау керек дабыл белгілері. Жатыр мойны қатерлі ісігін бастапқы сатысында тек арнайы скрининг – яғни, жұғынды (ПАП-тест) алып зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Тағы да қайталап айтқым келеді: бұл дертті ерте кезеңде анықтасақ, оны толық емдеп жазу әбден мүмкін.
Бұрын жатыр мойны қатерлі ісігі көбіне 50 жастан асқан әйелдерде кездесетін болса, бүгінде бұл дерт 20-30 жас аралығындағы әйелдер арасында да жиілеп барады. Бұған бірнеше маңызды фактор себеп болып отыр. Ең алдымен, жыныстық қатынастың ерте басталуы және жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурулардың таралуы қатерді арттырады. Екіншіден, адам папиллома вирусының (әсіресе 16 және 18-типтері) әсері жатыр мойны обырының дамуына тікелей себепкер бола алады. Осы факторлардың алдын алу мақсатында ерте жастағы қыз-келіншектерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық шаралардың маңызы өте зор.
Өздеріңізге белгілі, елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина егу басталды. Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені, жатыр мойны қатерлі ісігінің 70 пайызы дәл осы вируспен байланысты. Өкінішке қарай, бұл күрделі ауру жыл өткен сайын «жасарып» барады. Бұл жағдай – қоғам үшін үлкен қауіп. Дерттің дендеуі еңбекке қабілетті әйелдердің қатарының азаюына әкеледі. Сондықтан қыз балаларға жыныстық белсенділік басталмай тұрып, алдын ала вакцина салдыру – ең тиімді қорғаныс жолы. Бұл олардың болашағы мен денсаулығын сақтаудың сенімді кепілі.
Бұл – кеше ғана қабылданған шешім емес. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина елімізде осыдан он жыл бұрын екі ірі қалада пилоттық жоба ретінде енгізіліп, тәжірибеден өтті. Сол кезде қыз балаларға егіліп, оның қауіпсіздігі мен тиімділігі мұқият зерттелді. Бүгінде сол жобаның алғашқы қатысушылары отбасын құрып, ана атанып, денсаулықтарында ешбір кінәрат жоқ. Ең бастысы – олар бұл қауіпті дерттен қорғалған. Бұл – вакцинацияның нақты нәтижесі мен тиімділігін көрсететін жарқын мысал.
Өкінішке қарай, қазір әрбір 100 мың әйелдің кемінде жиырмасында жатыр мойны қатерлі ісігі анықталады. Ал біздің алдымызда тұрған негізгі мақсат – бұл статистиканы 4-ке дейін төмендету. Бұл оңай міндет емес, бірақ оған қол жеткізуге болады. Бүгінде көптеген ел әйелдер арасында жиі кездесетін бұл қатерлі дертті азайту үшін жүйелі әрі нәтижелі шаралар қабылдап жатыр. Көптеген мемлекеттерде адам папиллома вирусына қарсы вакцинация 20-30 жылдан бері қолданыста. Соның арқасында олар бұл дерттің таралуын едәуір азайта алды. Басқасын айтпағанда, көршілес Өзбекстанда да 2018 жылдан бері 11 жастан асқан қыз балаларға бұл вакцина жаппай егіліп келеді. Бұл – дерттің алдын алудағы маңызды әрі тиімді қадам.
– Әйелдер арасында жиі кездесетін жатыр мойны қатерлі ісігімен күресте вакцинациядан бөлек тағы қандай тиімді жолдар бар?
– Ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, өкінішке қарай, көптеген адам қатерлі ісік ауруының алдын алу мен емдеу жолдары туралы толық біле бермейді. Сол себепті, онкологиялық диагноз қойылған сәтте кейбір жандар оны үкім ретінде қабылдап, іштей өмірмен қоштасуға дайындала бастайды. Ал шын мәнінде, бұл дертпен күресудің жолы бар – бастысы, ауруды ерте анықтау.
Ең алдымен, әр адам кемінде жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтуі қажет. Себебі кейбір созылмалы аурулар уақыт өте келе қатерлі ісікке ұласуы мүмкін. Осы тұрғыда, әйелдер үшін скринингтік зерттеулердің маңызы ерекше. Біз ең алдымен осыны – яғни, скрининг арқылы ауруды ерте анықтауға болатынын қоғам санасына мықтап сіңіруіміз керек. Екіншіден, кез келген қатерлі ісіктің алғашқы сатысында анықталған түрі дер кезінде басталған ем арқылы толық жазылатынын түсінуіміз қажет. Ерте диагностика – өмірді сақтап қалудың басты кепілі.
Сонымен қатар, медициналық мекемелерде аталған тексерулердің барлығы тегін жүргізілетінін атап өткен жөн. «Онкологиялық ауру болуы мүмкін бе?» деген күдікпен келген әр пациентке қажетті диагностикалық зерттеулер де ақысыз түрде жасалады. Біздің басты мақсатымыз – онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға сапалы, қолжетімді медициналық қызмет көрсету. Орталығымыз заман талабына сай заманауи техникалармен, жоғары дәлдіктегі диагностикалық құралдармен толық жабдықталған. Мұнда білікті, бірнеше тілді меңгерген тәжірибелі дәрігерлер қызмет атқарады. Сонымен қатар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер де науқастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жас онколог мамандардың кәсіби дамуға деген ынтасы мені ерекше қуантады. Бүгінде олардың бірқатары Жапония, Корея, Франция сынды алдыңғы қатарлы мемлекеттерде білімдерін жетілдіріп, үздік мамандармен тәжірибе алмасып қайтты. Бұл – еліміздегі онкология саласының болашағына деген сенімді күшейтеді.
Біздің медицина саласының мүмкіндіктері жоғары деңгейде дамып келе жатқанына қарамастан, егер адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарап, дәрігерге дер кезінде қаралу мәдениеті қалыптаспаса, онкологиялық және басқа да ауыр дерттерге шалдыққандардың санын азайту қиынға соғады. Емдеу ғана емес, аурудың алдын алу – әр адамның өз жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауымыз керек.
Бұл ауыр дерттің алдын алудың жолдары көп және олардың басым бөлігі әр адамның күнделікті өмір салтына тікелей байланысты. Ең алдымен, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс әрі теңгерімді тамақтану мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Мысалы, үнемі дене белсенділігімен айналысып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын адамдарда тек қатерлі ісік емес, сонымен қатар қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты өмірге қауіп төндіретін диагноздардың даму қаупі де едәуір төмен болады.
Керісінше, артық салмақ пен отырықшы өмір салты ағзадағы жасушалардың қалыпты жұмысын бұзып, обыр жасушаларының дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Сондықтан күнделікті ас мәзірінде көкөністер мен жемістердің жеткілікті мөлшерде болуы өте маңызды. Сондай-ақ, ағзадағы зиянды токсиндер мен қалдықтардан арылу үшін сұйықтықты көп тұтыну қажет. Темекі тарту мен алкогольді ішімдіктерді жиі пайдалану – қатерлі ісіктің көптеген түрлерінің даму қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі екенін де ұмытпау керек. Сондықтан әр адам өз денсаулығы үшін, ең алдымен, осы зиянды әдеттерден бас тартқаны жөн.
– Рита Ескендірқызы, сізді өңіріміздегі тәжірибесі мол, беделді дәрігерлердің бірі ретінде жақсы танимыз. Жалпы, медицина саласына келуіңізге не түрткі болды? Бұл мамандықты таңдауда шешуші рөл атқарған не нәрсе еді?
– Мен оңтүстік өңірдің тумасымын. Мектепті тәмамдаған соң, Астана қаласындағы медициналық университетке оқуға түстім. Онда маған еліміздің ең үздік профессор-дәрігерлері білім берді. Мамандығым – онколог-гинеколог. 1993 жылы қолыма диплом алған соң, бірден осы онкологиялық орталыққа жұмысқа орналастым, интернатураны да осында өттім. Ақ халат кию – бала кезден ішімде ұялаған арман. Ауылымызда Елмұрат деген учаскелік дәрігер болатын. Оның адамдарға деген жанашырлығы, әр науқасқа ерекше мейіріммен қарағаны менің жүрегіме терең әсер қалдырды. Сол кезден бастап мен де дәл сол кісі секілді адамдарға көмек көрсеткім келіп, дәрігер болуды мақсат еттім. Бүгінде осы арманым мені өмірлік жолыма алып келді.
Университетте оқып жүрген кезімізде болашақ онколог-дәрігерлерге арналған арнайы үйірме жұмыс істейтін. Сол үйірмеге қатысқан студенттердің барлығын ортақ мақсат біріктірді – біз онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды көрген сайын «қатерлі ісікке қарсы ем тауып, бұл дертті жеңеміз» деп сенетінбіз. Бұл тек арман емес, үлкен жауапкершілік пен жігерге айналды. Біз білімімізді тереңдетіп, осы күрделі салада өз үлесімізді қосуға, әрбір науқастың өмір сапасын жақсартуға бар күшімізді салуға бел будық.
Бұл міндет өз маңызын әлі де жойған жоқ деп сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда біздің онкологиялық орталықта 5 жылдық өмір сүру көрсеткішін жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір айғағы – орталық жанынан ашылған заманауи Ядролық медицина орталығы. Бұл жаңа орталық заманауи технологиялармен жабдықталған және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дерттің ағзада қаншалықты таралғанын және ауру үдерісінің белсенділігін дәл көрсету арқылы дәрігерлерге нақты әрі толық ақпарат ұсынады. Бұл – дұрыс диагноз қоюға, тиімді ем жоспарын жасауға және емдеу нәтижесін жақсартуға үлкен септігін тигізеді.
Айта кетерлігі, мұндай деңгейдегі ядролық медицина орталығы еліміздің небәрі үш қаласында ғана бар. Сондықтан біздің өңір үшін бұл – өте маңызды жетістік әрі онкологиялық көмек сапасын арттырудағы үлкен қадам.
Біздің онкологиялық орталықта жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққан 100-ден астам әйел диспансерлік тіркеуге алынады. Осы тұста «2008 жылдан бері елімізде скринингтік тексерулер жүргізіліп келе жатқанына қарамастан, неге диспансерлік есепке алынатын науқастардың саны азаймай отыр?» деген заңды бір сұрақ туындайды.
Иә, Қазақстанда 16 жылдан бері тұрғындар скринингтік бағдарламалар арқылы тексеруден өтіп жатыр. Бұл шараның нәтижесінде қатерлі ісікті ерте кезеңінде анықтау көрсеткіші артқаны байқалады. Алайда, соған қарамастан, аурудың асқынған түрімен келетін пациенттер саны әлі де азаймай отыр. Бұл – аурудың алғашқы кезеңін өткізіп алып, кеш анықталуымен байланысты.
Сондықтан скринингтің маңыздылығы туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша күшейту қажет деп санаймын. Қазірдің өзінде әлемнің бірқатар елдерінде скринингтік тексеруден өтпеген азаматтарға түрлі әкімшілік шаралар, тіпті салық түрінде жауапкершілік қарастырылған. Мүмкін, бізге де қоғам денсаулығы үшін осындай нақты әрі пәрменді бастамаларды қолға алатын уақыт келген шығар. Скрининг – дерттің алдын алудың ең тиімді жолы екенін ұмытпауымыз керек.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ