Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын…
Мектепте оқып жүргенімізде әдебиет оқулығында осындай өлең болатын. Авторы – ақын Әбу Сәрсенбаев. Әлгі жауынгердің суреті де бар еді. Зіңгіттей жігіт. Қос қолтығында балдақ. Бір аяғы қара санынан жоқ. Жүрегің шымыр ете қалады. Отан үшін от кешкендер. Отаны, байтақ елі және сен үшін оққа кірді, суға түсті, оттан өтті….
Оңтүстікте Шәріпбек Жамалбеков деген азамат бар. Елдің сөзін ұстаған ағалардың бірі. Үлкен қызмет сатыларынан өткен. Ол кісі жайлы тек жақсы сөздер айтылады.
Кейін білдік қой. Әкесі Жамалбек қан майданнан қос аяғынан айырылып келіпті. Сол қолының саусақтары және жоқ. Қазақ – жауынгер халық. Отан қорғау, ел тыныштығын күзетуде жанын аяп қалмайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев майдангерлердің мерейлі мерекесін лайықты атап өтудің жайын айтты. Ерлік баяндары насихатталып жатыр.
Біз майдангер Жамалбек Отыншыұлының ұрпақтарына арнайы бардық. Сұхбат алдық. Тарихқа қанықтық.
Тарих сахнасына ат үстінде шыққан көшпенді қазақтың көрмеген құқайы жоқ. Жүрегі жаралы емес отбасы және жоқ. Жамбыл облысы Сарысу ауданын жайлаған Отыншы ата әу бастан кәсіпкерлікке бейім болыпты. Өзбекстаннан келген шай-шауқат, өрік-мейіздерді қазақтардың малына тиімді ауыстырып, делдалдық қызмет қылған еті тірі өткір жігіт шаруа жайымен Шаян өңіріне қоныс аударады.
Бір ұл, екі қызы бар. Сақыпжамал, Үрсана және Жамалбек. Отыншы әке ерте қайтады. Шеше де қайтқан. Үш жетімек бір-бірін сүйемелдеп күн көріп жүрген. Үлкені Сақыпжамал ертеректеу ұзатылады. Жамбыл облысына. Ол кезде Үрсана-11 жаста, Жамалбек-8 жаста. Бауырларын қимаған Сақыпжамал күйеуіне айтып, қолына алмақ болады. Ел іші алтын бесік қой. Ақсақалдар басу айтыпты. «Отыншы деген ер жігіт еді. Оты сөнбесін. Бір тостақ көже осы жерден де табылады. Ешқайда көшпейсіңдер».
Қылышын сүйретіп 1932 жылғы аштық келеді. Ел босып кеткен. Осы «қу сүйек» қырғында әпкелі-інілі екеу өлместің жанын бағады.
Кейін күндей күркіреп Ұлы Отан соғысы басталады. Ер азамат майданда. Ел басына күн туғанда азаматтар етігімен су кешіп жүр. Бұғанасы әлі қатпаған Жамалбек қайта-қайта майданға сұранады. Қазақтың қанына біткен қасиет.
1943 жылы бозбала Жамалбек Отыншыұлы соғысқа түседі. Сталинград шайқасы. Өмір мен өлім беттесуі. Аспаннан жаңбыр емес оқ, снаряд жауған уақыт. Тамақ жағы тапшы. Тұмағың да, тозағың да осы. Отан қорғаймын деп өзі сұранып келген бозбала осы қырғынды көреді.
1944 жыл. Жаудың беті қайтқан. Кеңес әскерлері өкшелеп қуып келеді. Қатардағы жауынгер Жамалбек Отыншыұлы да автомат кезеп, жүгіріп келе жатқан. Жақын маңнан снаряд жарылғанын біледі. Қатты толқыннан талықсып құлап бара жатқанын біледі. Әрі қарай соқыр тұман.
Кескілескен айқастан соң санитарлар ұрыс даласына барады. Аптаға жуық уақыт өткен. Өлгендерді көміп, жаралыларды теріп жүр. Құдайдың құдіреті, ызу-қызу дүниеден жаралы солдаттың үні талып естіледі. Көрер жарығы бар екен. Госпитальға келгеннен кейін де 10 күндей есі кіре қоймапты. Қатардағы жауынгер Жамалбек Отыншыұлының. Бір әулеттің үміті, көзінің ақ пен қарасының.
Он күн дегенде көзін ашады. Дәрігер офицер қатты қуанады. Жақсы тілегін айтады. Бірақ, көзіңде қатты қиналыс, мүсіркеу де бар. Аяғы жеңіл. Екі қолы шандулы. Ойы тұнық, көзі көріп тұр. Кейін біледі.
Екі аяқ тізеден төмен кесілген. Сол қолдың саусақтары толайыммен жоқ. Жүрегі езіліп, жанары жасқа толады. «Бітті. Бәрі де бітті. Өмір өлді». Ештеңе қызықтырмайды. Қос әпкесі жан бауырын ботадай боздап іздеп жатыр.
Ақыры шыдамайды. Үпсана әкпесіне хат жазады. Әке орнына аунап, елге барғысы келетінін айтады. Туған жерді, туысқандарын сағынғанын айтады. Бірақ, ұшарға қанат жоқ. Бұл да бір, томар да бір.
Мүгедектерге арналған үйге кетуге бел байлап отырғанын айтады.
Қан майданда ерінен айырылған, жалғыз ұлын құшақтап боздап отырған мұңлық ана «өшкенім жанды, өлгенім тірілді. Кеуденде жаның болса болды. Қалай да қайт. Өзім бағамын, өзім күтемін». Інісін, әулеттің үмітін осылай көндіреді.
Жамалбек елге оралады. Әу бастағы кәсібі-есепші. Аяқ қолы кем демесең жігіттің төресі. Тауып, қауып айтады. Қайым айтысқа бейімі бар. Отырған ортаның гүлі. Дау-дамай шеше алатын шешен.
Ауылда Жүсіпбек деген қария бар еді. Жылқышы. Адуынды, іске мығым кісі. Абыройы аудан хатшыларынан кем емес. Мырзагүл деген қызы бар. Екі жас түсініскен. Ал, қатал әке не дейді?!
Ағайындары айттырып барған. Қатал әке түнеріп «кімнің баласы?» дейді. Отыншының. Түсі жылыпты. «Отекең мықты азамат еді. Баланың қолын қақпаймын». Мырзагүл ана бұл әулетке құт әкеліпті. Он бір құрсақ көтерген. Бүгінде тоғызы жер басып жүр. Сау-саламат. Қатарының алды. Үйдің үлкені Шәріпбек мектепте жақсы оқығанымен екі жыл қатарынан институтқа бара алмайды. Әке қалауы. Науқас. Кейінгі балаларға көмек керек.
Екі жылдан соң қайран әке протезіне мініп, Шаяндағы хатшының есігін қағады. Қарағандыдағы тұтынушылар одағына институтына екі жолдама бар екен. Хатшы сөзге келмейді. Біреуін жан қалтасына басып қайтады. Екі жыл әулеттің майлығы мен сулығы болған Шәріпбегіне.
Бүгінде Шәкең, Шәріпбек Жамалбеков – әулеттің ғана емес киелі Оңтүстіктің абыройлы азаматы. Қазақстанның тұтынушылар одағының өрістеуіне бір кісідей еңбегі сіңген ерен тұлға. Облыстық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты. «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті. Жамалбек балаларының осалы жоқ. Полковник Батырбек Отыншиев облыстық ішкі істер департаментінің орынбасары дәргейіне дейін көтерілді. Жүздеген шәкірттердің тәлімгері. Сарыпбек, Шәрібек өз ортасында сыйлы азаматтар.
Өзге ұл-қыздары да өнегелі өмір иесі. Бұл отбасының мүшелерімен тонның ішкі бауындай араластық. Үлкені Шәріпбек дегенде бәрі қоғадай жаппырылып, іні-қарындастық ілтипатын танытып тұрады. Әңгіме, отбасыдағы тәрбиеде екен. Шәкең айтады.
«Әкеміз бізге зекіп, қатты сөз айтқан емес. Әйтсе де, сұсты кісі ісімізге разы болмай қадалып қарағанда жерге кірердей ығып қалатын едік. Оның үстіне шешеміз үнемі ескертіп отырады. «Әкелерің майданнан қатты жарадар болып қайтса да сендердің амандықтарың, ешкімнен кем өспеу үшін жанын жалдап еңбек етті. Үмітін ақтаңдар. Бір-біріңді жаттай сыйлаңдар. Әкелеріңді қуантыңдар» дейтін. Сондықтан да біз бір-біріміздің бағамызды білдік. Кішіпейілдік, мейірбандық және татулық біздің отбасының ұстыны болды».
Ұйымы берік әулет әр жылдары Отыншы бабадан тараған ұрпақтардың басын қосып отырады екен. Атауы да жақсы. «Аллаға шүкір». «Ұрпақтар сабақтастығы». Бір жиналғанда 150-ге тарта ұрпақтар бас қосқан. Немере, шөбере, шөпшекті қосқанда. Ендігі 200-ге жетті-ау. Әулеттің үлкені осылай деп шүкіршілік етеді.
…Өткенде бір дерек оқыдық. Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған, түрлі себептермен құжаты өтпей қалған қазақтар жүзден асады екен. Арасында атағы әлемге кеткен Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтар бар. Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағы Батыры саны жөнінен қазақтар төртінші орында екен. Ресей, Украина, Беларусь және Израильдан кейін.
Осы ерлікте қатардағы жауынгер, соғысқа өзі сұранып барған Жамалбек Отыншыұлы сияқты солдаттардың бар екендігі анық. Соғыс салған қасірет халықтың жүрегінен өшпейді. Ел тілеуі – бейбітшілік. Аспанымыз шайдай ашық болғай деп тілейік.
Бақтияр ТАЙЖАН