Парвовирустық энтерит – итте кездесетін өте қауіпті, жұқпалы және жіті өтетін вирустық ауру.
Ауру жұқтырған иттер, әсіресе 5 айлық күшіктер арасында асқазан-ішек жолдары мен жүрек бұлшық еттерінің вируспен зақымдануы, сондай-ақ ағзаның қатты сусыздануы (сұйықтықтың жоғалуы), ақ қан денелерінің – лейкоциттердің бұзылуы бұл иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі. Ауру, әдетте, көп құсумен және диареямен (іш өту) және дене қызуының көтерілуімен қатар жүреді. Вирустан көп зардап шегетіндер – алты айға дейінгі күшіктер.
Иттердің парвовирустық энтеритінің қоздырғышы – құрамында ДНК бар ең ұсақ вирустардың бірі, құрылымы қарапайым және қабықшасының жоқтығымен сипатталады. Парвовирустар тұқымдасына және сонымен қатар, олар мысық панлейкопениясы мен күзен энтеритінің қоздырғыштарына жатады. Бұл вирустың екі түрі бар: бірінші түрі қауіпті емес және көбінесе клиникалық сау иттердің нәжісінде кездеседі, ал екінші түрі өте белсенді және ауру жұққан иттерде осы аурудың клиникалық белгілерін тудырады.
Вирус қоршаған орта факторларына, қышқылдыққа және температураның өзгеруіне өте төзімді. Ол сыртқы ортада 80°C температурада – 15 минут; 60°С температурада – 1 сағат; 56 °C температурада – 24 сағат; 37°C температурада – 2 апта; 20°C температурада – 3 ай; 4°C температурада алты айдан астам өмір сүре алады. Кептірілген нәжісте және төмен температурада ол бір жылдан астам уақытқа сақталады. Вирус көптеген дезинфекциялық препараттарға төзімді. Алайда ол 0,5% формалин және 4% хлорамин ерітіндісімен жойылады.
Вирус ағзаға көбінесе ас қорыту жолдары, мұрынның шырышты қабаты, жұтқыншақтың лимфоидты жасушалары арқылы енеді. Аурудың патогенезі көбінесе иттің жасына байланысты. Вирус жүрек бұлшықетінің белсенді бөлінетін жасушаларында және ішектің шырышты қабатында көбейеді. Жаңа туған күшіктерде жүрек жасушалары өмірдің алғашқы 2-4 аптасында тез көбейеді.
Ауру қоздырғышы жануардың денесіне енгеннен кейін табиғи түрде жұтқыншақ лимфа түйіндерінде – ақ қан клеткаларында көбейеді, содан кейін қанға еніп, бүкіл денеге таралады. Иттердегі лимфоидты тін жоғары бөліну жылдамдығымен сипатталады, сондықтан вирус әдетте лимфа түйіндеріне, лимфоидты тіндерге, ішектің шырышты қабығына әсер етеді. Аурудың инкубациялық кезеңі 2-3 күнді құрайды.
Аурудың белгілерін анықтау үшін ветеринариялық-клиникалық тексеруден өткізу қажет. Барлық белгілері сай келгенде барып, мал дәрігері парвовирус энтериті деп есептей алады. Басқа ауруларды болдырмау үшін ауру жануардың нәжісіне зертханалық талдау жүргізіледі, ол нәжісте вирустың бар-жоғын анықтайды. Диагнозды түпкілікті нақты растау үшін қан сарысуында парвовирусқа антиденелердің бар-жоғына зерттеу жүргізіледі. Осы зерттеулердің барлығы жүргізіліп, диагноз қойылған кезде ғана нақты ем тағайындалады.
Б.Лесов,
ОҚҒЗВС-ның меңгерушісі,
М.Туркеев,
А.Қарабасова,
Б.Қанатов,
А.Қасен,
А.Ақылбай,
Б.Төлепов,
Е.Шакибаев,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС ғалымдары