Редакция таңдауы

НЕГІЗГІ МІНДЕТ – АДАЛ ҚЫЗМЕТ

Мемлекеттік қызметші болу ел мен халық алдында зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінде мемлекеттік қызметкер заңның орындалуын қамтамасыз ететін маман ғана емес, сонымен қатар халық пен билікті байланыстыратын көпір, елдің стратегиялық бағытын жүзеге асырушы тұлға. Оның кәсібилігі, турашылдығы мен адалдығы мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына, халықтың ал-ауқатының артуына тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Қазақстанда соңғы жылдары бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылып, басқарудың тиімді, ашық және халыққа бағдарланған жаңа үлгісі қалыптасты. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары ретінде меритократия, кәсібилік, адалдық пен ашықтық басшылыққа алынады. Бүгінде Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарында 970 қызметкер еңбек етіп жатыр. Олардың қызметі заңнаманы іске асыруды ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғауды, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді де қамтиды. Экономика, әлеуметтік саясат, құқықтық тәртіп қоршаған ортаны қорғау – мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік аймағының тек бір бөлігі ғана. Алайда, мемлекеттік қызмет тек кәсібилікті ғана емес, үнемі өзін-өзі жетілдіруді де талап етеді. Қоғам шенеуніктерден жоғары жауапкершілікті, ашықтықты және халықпен тиімді жұмыс істеуді талап етеді. Олар азаматтармен тікелей байланыста болып мәселелерді жедел шешуге қауқарлы болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі – cыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу. Қызметкерлер «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен Әдеп кодексінің талаптарын басшылыққа ала отырып, жоғары моральдық-этикалық нормаларды сақтауы қажет және кез келген құқық бұзушылықтан аулақ болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оқыту семинарлары мен дөңгелек үстелдер өткізу, халықпен және бизнес өкілдерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, құқықтық нормалар бойынша кеңес беру, мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу арқылы бюрократиялық рәсімдерді азайту және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету сынды бірнеше маңызды салаға бөлінген.
Бұл ретте әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі айрықша. Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілерге этикалық мәселелер бойынша кеңес береді, азаматтардың өтініштерін қарастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенді жұмыс атқарады. Бүгінде мемлекеттік қызмет барынша ашық бола түсті. Цифрлық технологиялар мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын азаматтар өтінішпен мемлекеттік мекемеге алдын ала жазылу ғана арқылы бара алатын болса, қазір әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік қызметшілермен тікелей байланысқа шығып, мәселелерін жедел шеше алады. Мемлекеттік қоғаммен кері байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді. Халықтың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін тұрақты түрде зерттеу арқылы проблемалық тұстар анықталып, оларды жою үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Мемлекеттік қызметші үшін адалдық ұғымы-кәсіби этиканың ажырамас бөлігі. Адалдық ұғымы әділдік, парасаттылық, жауапкершілік азаматтарға құрметпен қарау және шешім қабылдауға бейтараптық сақтау сынды қасиеттерді қамтиды. Халыққа қызмет ету қағидаты екі негізгі бағытқа сүйенеді. Біріншісі – қызмет алушылардың сұраныстарына бағдарлану. Мемлекеттік қызметші тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, олардың сұраныстарына жедел жауап беріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ұмтылуы тиіс. Екіншісі – қоғамды ақпараттандыру. Мемлекеттік орғандардың міндеті – халыққа олардың құқықтары мен мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламар туралы нақты әрі түсінікті ақпарат беру. Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейін арттыру да басты назарда. Қызметкерлер тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, өзара тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды меңгеріп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған тың идеялар ұсынуы қажет. Мемлекеттік басқарудың қазіргі жүйесі үнемі жетілдіріп отыратын динамикалық құрылым. Алдағы жылдары мемлекеттік қызметке қойылатын талаптар одан әрі күшейе түседі. Өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін келесі бағыттарға ерекше мән беру қажет: бұл цифрлық платформаларды дамыту арқылы мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу механизмдерін жетілдіру, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін көтеру, үздік халықаралық тәжірибені енгізу, әділдік, жауапкершілік және адалдық қағидаттарын нығайту, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттеріне деген көзқарасына тікелей байланысты. Әрбір қызметкер өз жауапкершілігін терең сезініп, өзін-өзі жетілдіруге, жаңа білім мен тәжірибені игеруге ұмтылса, мемлекеттік басқару жүйесі халыққа бұрынғыдан да сапалы қызмет көрсетері сөзсіз.
Елдің болашағы білікті, әділ және халыққа адал қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің қолында. Тек осындай ұстаным арқылы біз Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін нығайта аламыз.

М.АКИШЕВ,
Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

Соңғы жаңалықтар