Қазіргі ақпараттық дамыған қоғамда әлеуметтік мәдени және экономикалық өміріміздің қажетті элементтеріне айналған интеграция жағдайында әр елдің білім беру жүйесі қайта қарауды, соның ішінде оқытудың жаңа әдістерін әзірлеу мен оларды қолдануды талап етіп отыр. Бұл жағдайда шет тілін оқытуға баса назар аударылып отыр. Өйткені, білім берудің жаһандануы мен халықаралық бағдарламалардың, білім беру жобаларының дамуы көптеген студенттер мен зерттеушілер үшін шетел тілдерін жоғары деңгейде білуге ден қоюды жүктеп отыр.
Студенттер мен шет тілін өздігінен үйренгісі келетін кез-келген жастағы қолданушылар үшін мультимедиялық бағдарламалардың, соның ішінде қарапайым қосымшалардың пайдасы мен рөліне тоқталуды жөн көрдік. Жалпы мультимедиа ұғымын В.Ингенблек ең алғаш рет 1966-1973 жылдар аралығында пайда болғанын және оның бірнеше сөздіктерде сипатталғанын айтады. Ол кездері мультимедиа кітап, журналдар мен жарнамалық телешоулармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты болды. Неміс ғалымы М.Кирмайер өзінің жұмысында келесідей анықтама берді: «Мультимедиа – бұл интерактивті бағдарламалық жасақтаманы басқаратын визуалды және аудио эффектілердің өзара әрекеттесуі», яғни берілген деректердің көлемін сақтауға және оларға тез қол жеткізуге мүмкіндік беретін ақпарат тасымалдаушылар деп түсіндіреді.
Шет тілі бойынша мультимедиалық бағдарламалар – бұл білім алушыларға сөйлеу қызметінің түрлерін дамытуға, тілдің аспектілерін қалыптастыруға және оқытылатын тілдің мәдениетімен таныстыруға, сондай-ақ сөйлеу дағдыларына сәйкес келуін және осы дағдыларды дұрыс қалыптастыруды бақылауға бағытталған компьютерлік бағдарламалар негізінде жасалған.
Жоғарыдағы тілдік материалдарды берудің әртүрлі форматы қолданылады (мәтіндік, графикалық, бейне, аудио және бағдарлама мен білім алушы арасында өзара іс-қимыл жүзеге асырылады. Бүгінде мультимедиалық бағдарламалар –білім беру процесінде жаңа ақпараттық технологиялардың ең жылдам дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Осыған орай шет тілін оқыту үшін көптеген мультимедиалық құралдар қарастырылады. Олар әртүрлі іс-әрекеттерді үйретуге арналған: оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу, әртүрлі грамматикалық материалдарды өз бетінше оқуға да, топтық жұмысқа да сәйкес келетін тапсырмалар мен жаттығулар беріледі және түсіндіру және қайталауға арналған өзіндік жұмыстар қоса жүреді. Осы технологиялардың арқасында тілді оқыту процесінің дәстүрі түбегейлі өзгерді.
Бүгінде шет тілін білу өте маңызды. Әсіресе ғаламторда ақпараттың үлкен үлесін ағылшын тіліндегі мәліметтер құрайды. Мультимедиалық бағдарламалар шет тілін үйрену процесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, мультимедиалық бағдарламалардың көмегімен сіз зерттелетін тілдің еліне виртуалды саяхат жасай аласыз. Сол елдің мәдениетімен, дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен танысып, еркін сөйлесе аласыз.
А.ЕШМУРАТОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ филология факультеті
«Гуманитарлық мамандықтар үшін шет тілі»
кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к
А.СУЮБЕРДИЕВА,
магистр, аға оқытушы