Алыш және белбеу күресі дәстүрлі спорт түрлеріне жатады. Алыш Қырғызстанда пайда болғанымен, бүгінде халықаралық деңгейде танылып, әлемдік жарыстардың бағдарламасына енген. Белбеу күресі болса, қазақ, татар, башқұрт және басқа да түркі халықтарының ұлттық күрес түрлеріне жақын спорт. Бұл күрестердің негізгі ерекшелігі – балуандардың белбеуден ұстап белдесуі, мұнда күшпен қатар, әдіс-тәсілдерді ұштастыра білу маңызды. Елімізде бұл спорт түрлері қарқынды дамып, жас буын арасында кеңінен таралып келеді.
Осы спортты насихаттау және жас балуандарды шыңдау мақсатында 3-5 сәуір аралығында Шымкент қаласында Алыш және белбеу күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Додаға еліміздің 13 облысы мен 2 қаласынан 220 спортшы қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтамақ.
Жарыс барысында ұлдар 8 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 7 салмақ дәрежесінде белдеседі. Классикалық және еркін стиль бойынша өтетін белдесулерде болашақ чемпиондар анықталып, үздік спортшылар алдағы Азия және әлем чемпионаттарына жолдама алады.
Чемпионаттың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жанкүйерлер тартысты белдесулердің куәсі болды. Әсіресе, жас спортшылардың жеңіске деген жігері мен шеберлігі көрермендерді тәнті етті.
Алдағы уақытта, жарыстың қорытындысы бойынша үздік балуандар анықталып, жеңімпаздар арнайы медальдармен, дипломдармен және кубоктармен марапатталады. Сонымен қатар, чемпионат барысында ұлттық құраманың болашақ мүшелері іріктеліп, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды.
Спорт мамандарының айтуынша, бұл чемпионат Қазақстандағы алыш және белбеу күресінің дамуына серпін беріп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ