Шымкент қаласында білім басқармасының ұйымдастыруымен «Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған.
Жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, әскери қызметтің мәртебесін көтеру және Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласының барлық білім ордаларынан қатысушылар іріктелген. Олар әскери-патриоттық тақырыптағы бағдарламалар мен байқауларға белсене қатысты.
«Айбын» сайысы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде жастар арасында үлкен сұранысқа ие болды. 2018 жылы «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, сайысқа қатысушылардың деңгейін арттыру үшін көптеген жаңа бағдарламалар мен шаралар енгізілді. Бұл жылы «Айбын-2025» сайысы Ақтөбе қаласында ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен 12 мемлекеттің арасында өтті.
Жиын барысында Шымкент қаласының №68 мектебінің 6 сынып оқушылары «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбын құрып, ант қабылдап, арнайы куәлік алды. Сонымен қатар №68 мектеп пен 6506 әскери бөлімі арасында «Жас бүркіт» сыныбын құру мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұдан басқа «Аманат» партиясының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты мен «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында «Қайсар» әскери-патриоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында да меморандум жасалды. Осылайша, Шымкентте жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін дамыту мақсатында көптеген жобалар мен бастамалар іске асырылуда.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ