Редакция таңдауы

Байтұрсынұлы байқауы – Қазақ тілі мұғалімдеріне зор қолдау

«OneHub coworking» орталығында өзге тілді аудиторияларда қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қалалық байқау өтті. Бұл байқауды Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

«Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес өткен байқаудың мақсаты – оқытушыларды өз-өзін дамытуға ынталандыру және олардың инновациялық идеяларын қолдау. Сонымен қатар, осы байқау арқылы мемлекеттік тілді оқыту жолында шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді анықтап, оларға қолдау көрсету көзделіп отыр. Сондай-ақ, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін меңгертудің озық авторлық бағдарламаларын тарату да жоспарланып отыр.

Байқауға қаладағы мектеп, жоғары және арнаулы орта оқу орындары, сондай-ақ, оқыту орталықтарында жұмыс істейтін, орыс тілді аудиторияларға қазақ тілін үйретіп жүрген 22-50 жас аралығындағы 10 оқытушы қатысты.

Байқау 3 кезеңнен тұрды. Қазылар алқасы көп жылдық тәжірибесі бар білікті педагогтер мен тіл мамандарынан құралды. Олар үміткерлердің мемлекеттік тілді насихаттаудағы креативті жұмыстарына, көрнекіліктерінің тақырыпқа сай болуына және оқытушының өз сабағына өзіндік талдау жасай алу шеберлігіне баса назар аударды. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлдені «Parasat AJ» жекеменшік мектебінің мұғалімі Динара Мүталхан жеңіп алды. Жүлделі I орынды №55 мектептің мұғалімі Гүлназ Аппазова, II орынды З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейдің мұғалімі Амангүл Рамбергенова мен Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы Құралай Қаражанова иеленді. Ал, III орынды ОҚМА жанындағы медицина колледжінің оқытушысы Әсия Исабекова, А.Навои атындағы №11 мектептің мұғалімі Насима Жорабекова мен А.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Динара Өтембаева өзара бөлісті.

М.КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар