Әскери медицинаның ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өзіндік бастау алуы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, алғашқы әскери дәрігерлер – Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедұлы, Әли Көтібаров, қазақтың тұңғыш фельдшер-дәрігері Жәкула Күшікұлы сынды тұлғалардың ерен еңбектерімен тығыз байланысты.
Бұл саланың әрі қарайғы қарыштап дамуы мен тәжірибе жинақтауы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы 2000-ға жуық қазақстандық әскери дәрігер мен мейірбикелердің жанкешті қызметі, елімізге соғыс аймақтарынан көшірілген эвакогоспитальдердің келуімен астасады. Атап айтсақ, мемлекеттің облыстары мен аудандарына Кеңес Одағының соғыс өрті шапшыған басқа аумақтарынан 34 100 төсек-орындық 72 эвакогоспиталь көшіріліп, нәтижесінде 151 407 жарақаттанған офицер мен сарбаз ем алып, оның 70 пайызға жуығы қайта сапқа тұрған.
Соғысқа Қазақстанның оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам адам қатысты, олардың жартысы майданнан оралмады. 52 жауынгер Кеңес Одағының батыры, сегіз жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері атағын алды. Сондай-ақ, мыңдаған ардагер жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға сұранып хат жазған қазақ қыздары көп болған. Мысалы, Қарағандының әскери комисариатында соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш, ал Алматы қаласынан Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түскен. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1941 жылы 12 мыңдай ару соғысқа сұранған. Қазақ арулары түрлі әскери құрамда болып, ерен ерлік көрсетті. Қолдарына қару алып, қан майданға аттанған Қазақстанда құрылған 34-ші жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы 1942 жылы Курск майданында шайқасқа қатысып, ерлік көрсетті.
Шымкент қаласының «Жеңіс» саябағында орналасқан Шымкент қалалық музейлер бірлестігі «Ерлік» музейі қорында мол дерек пен құжат бар.
Соғыстан кейінгі өмірі Шымкент қаласында өткен майдангер Новожилова Полина Ивановна майданға аттанғаны туралы өз естеліктерінде былай дейді: «Мен 1941 жылы БАКСР Стерлитамак қаласындағы медучилищені тамамдадым… Соғыс кезінде Давлеканово қаласындағы ауруханада медбике болып жұмыс істедім. Кейін, 1943 жылдың 4 қыркүйегінде, мен шақырту қағазын алдым, онда Әскери комиссариатқа келу, өзімен бірге ауыстыруға керекті ішкі киімдер, қасық, ыдыс және 3 күнге азық-түліктің болу керектігі туралы жазылған».
Соғыс басталған кезеңде кеңес әскері қатарына әйелдерді бірден шақыртқан жоқ. 1941 жылы 17 қыркүйекте МҚК «КСРО азаматтарын жалпыға бірдей міндетті әскери оқу туралы» қаулы қабылдады, онда 16 жастан 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды өндірістен қол үзбей міндетті оқыту туралы айтылды. Әскери сабақтар 110 сағаттық бағдарлама бойынша жүргізілді. Онда азаматтарды әскери жаттығуларға, қару-жарақтарды қолдана білуге үйретті. Алайда, майданда әскери мамандардың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі салдарынан әйелдерді де әскери іске тарту белсенді жүргізілді.
Майдангер-әйелдердің естеліктерінен байқағанымыздай, қыздар майдандағы қанды қырғыннан қорықпай, Отан үшін өз еріктерімен сұранғандар көп болған. Олар өліммен бетпе-бет келіп, қасындағы жолдастарының өлімін көрген. Соған қарамастан, ерекше қаһармандықпен қолына қару алған. Соның ішінде, соғыстағы медицина қызметкерлерінің, санинструкторлар мен фельдшерлердің еңбектері ерекше, олар өз өмірін қауіпке тіге отырып, жаралы жауынгерлердің өмірін сақтауға тырысқан. Төбеде «жауған» оқ пен жердегі жарылған снарядтарға қарамастан, олар еңбектей жүріп, жаралыларды тасыған, жараларын таңған. Соғыс жылдары медицина қызметкерлерінің көп қаза табуы да сол себепті.
Оңтүстік Қазақстаннан соғысқа аттанған майдангер қыздардың арасында көрнекті тұлға, медицина қызметкері Рәзия Ысқақованы атап өту қажет. Ол 1936 жылы Шымкент қаласындағы фельдшер-акушер мектебіне оқуға түсіп, 1939 жылы оқуын бітірген соң, Шымкент ауданының Қызылжар ауылдық кеңесінің медпунктінде жұмысқа жіберілген. Соғыстың осы ауыр кезеңінде, өз еркімен, 1941 жылдың қыркүйек айында Кеңес Армиясының әскер қатарына қосылды. Сталинградтан бастап, Варшава, Прага қалаларын азат етуге және Берлинді алуға қатысқан. Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флорено Найтингейль» медалінің иегері.
Л. Тобагабылова – медицина қызметкері, аға лейтенант 18-ші Инстербург атқыштар дивизиясының медбикесі болған.
С.Сертбаева – дәрігер. Ол соғыстан оралып, кейін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері» атанды.
Майдан даласынан қазақтың 394 мың ұл-қызы қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Ел тарихнамасында қазақ әйелдерінің соғысқа қатысуы әлі де зерттеуді қажет етеді. Майдандағы күнделікті әскери өмір нәзік жандылардың мойынына ауыр жүк артты, бірі қару алып соғысса, бірі жаралы жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін күресті. Қазақстан майданға медициналық қызметкерлерді жіберуде маңызды рөл атқарады. Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді.
Айгүл БЕРДІҚҰЛОВА,
Шымкент қалалық музейлер бірлестігі
«Ерлік музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері