Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық шежіресіне қазақтың алғашқы қарлығаш қыздары қосқан үлес ерен. ХХ ғасыр басында қазақ қызының театр сахнасына шыққанымен қоймай, сонау, Ленинград асып білім іздегені ерлікпен пара-пар болатын. Әрқайсысы бір мақалаға сыймайтын актрисалардың басын топтап жазуыма театрдың алғашқы кезеңіндегі құжаттардың архивте сақталмағаны себеп болды. Жергілікті «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарияланған мақалалардың үзіп-жарып қолымызға тигені көңілге қуат болды.
Қарды жарып шыққан жауқазынша жаңа заманның қиындығына мойымастан, өнерге өмірін арнаған артист апаларымыздың өмірдерегін қиыннан қиыстыра жазбай, газет бетіне мақалаларымен бергенді жөн санадым. Саусақпен санаулысы ғана елге танылып, қалғаны ұмыт қалған актрисалар кімдер еді?. Танымалы мен ұмыт қалған апаларымыз жайлы кезеңіндегі газет бетінде қандай мағлұмат жазылғанына тоқтала кетсек, бүгінгі оқырманға да сонау ХХ ғасыр басындағы театр сахнасында өткен өнер оқиғасы қызық болатынына күмәнім жоқ.
Тілге тиекті режиссер Халел Шәженов бастап Қызылорда қаласына гастрольдік сапармен барған артист апалар мен ағалар, 46 күннен соң соғыс қасыреті табалдырықты аттағалы тұрғанын сезбеген де болар. Сыр бойындағы көрікті қала көрерменін қуантып, ықыласына бөленіп қайтқан болатын. Арасында аты ұмытылған актриса апаларымыз жазылған мақаланы оқығанда, көз алдымызға от болып жанған өрен көлбең етері сөзсіз.
Әлқисса… «… Консертте Дүйсеков жолдастың атақты әнші Әміренің «Ағаш аяғын», «Жанботасын» тамаша орындауы маған аса үлкен әсер етті. Хайруллина, Бөкеева, Төкебаев, Ерғалиева, Батырғалиева, Серікбаева, Сейтхожина, Сыздықов, Шериязданова жолдастардың жеке және бірігіп орындаған өлең, әндері, билері көз алдыма әлі ап-айқын елестейді. Мен қазір театрдың қойған постановка, консерттеріне үздіксіз қатынасуға құштар болып алдым. Театр коллективінің көп өскені, келешекте де танбай өсе беретіні ондағы талантты кадрлардың өз кәсібіне төселіп алғандығынан анық көрініп тұр./Елеусізов. «Көп өскен коллектив». «Ленин жолы» №132. 7.05.1941 жыл.
Қысқа ғана мақаласынан қаншама ұмыт кеткен артистеріміз тіріліп шыға келді десеңізші?.. Сөздері кезеңіне қарай қолданған қарабайыр тіл болып көрінгенімен, аңқылдаған ақжүрек естеліктер еріксіз тартады. Ендігі кезекте актриса апаларымызды газет беттері арқылы тірілтіп, шығармашылығына енелік.
Орал облысы Казталовка ауданында дүниеге келген Батырғалиева Гүлжамал: «1935 жылы Шымкент қаласындағы ВКСХ мектебінің бір жылдарын бітіргеннен кейін осындағы Қазақ драма театрына түстім. Менің ең бірінші ойнаған рөлім «Еңлік Кебек» пьесасындағы Еңліктің рөлі болды. Еңлік – пьесадағы басты роль. Сондықтан мен осы рөлді толық меңгеруге берілдім. Еңлік образын зрительдерге айтақалғандай көрсету үшін күрестім. Рөлді сүюім, театрды сүюім жұмыста жақсы нәтиже берді. Еңлік рөлін ойдағыдай шығара білдім. Театрда бір жыл істегеннен кейін театр коллективі мені Ленинград қаласындағы театр қызметкерлерін дайындайтын училищеге жіберді. Мұнда 1938 жылға дейін оқу театр жұмысымдағы ой-өрісімді кеңейте түсті. Аз ғана практиканың теориямен байланысын қамтамасыз етті. Актрисалық талантым арта түсіп, өз жұмысымда бұрынғыдан да бетер өсе бастадым.
Оқудан қайтқаннан кейін жұмысқа жаңаша кірістім. Өзіме берілген рөлдердің қайсы бірін болса да бұрынғыдан бетер меңгеріп алатын болдым. Қазір мен «Кешіккен махаббатта» Карлованың, «Айман-Шолпанда» Теңгенің, «Алуан-алуанда» Тұрсынның рөлдерін атқарамын. Бұлардың барлығын да қолдан келгенше жақсы сомдап келемін. Менің өз жұмысымда жеткен табыстарым үшін театр коллективі, жаңа искусство комитеті бірнеше рет хаттай сыйлықтар, грамоталар берді. Қазір біздің коллектив аса бір жаңаша жұмысқа талпынып жатыр. Облыстық театр сахнасында «Исатай-Махамбет» пьесасын қою. Мен мұнда Алма рөлін атқарамын. Басқалар сияқты Алма рөлін де жақсы атқару үшін бар жігерімді жұмсап жатырмын (Базарайым Хасанова. «Оңтүстік Қазақстан» №228(2927) 26 сентябрь 1941 жыл) Даукенова Ақбөпе – 1911 жылы Орал аймағында өмірге келген актриса. Орал қаласынан 9 классты бітіріп көркем өнерпаздар үйірмелерінде қойылымдарға қатысып рөлдер ойнап жүрген жерінен Ақтөбе театрына жұмысқа тұрады. «Шымкентте театр ашылады» деген хабар естісімен 1934 жылы Шымкентке келеді. Сол кездерде қойылған спектакльдердің басты кейіпкерлерін ойнаған ол 1938 жылы Ленинград училищесіне түсіп бітіреді. Актриса жайлы газет бетіне кезек берелік.
«…Болыстың әйелі Жүзтайлақтың рөліне ойнаған актриса Дәукенова жолдас бір қос жақсы ойнады, бай әйелдің образын жақсы көрсетті. (А.Қанина. «Театрдың тағы бір табысы» — Облыстық радио комитетінің қызметкері. «Оңтүстік Қазақстан». 1938 жылдың 26 декабрі. №295 (1092).
« «Түнгі сарын» пьессасындағы көзге алғаш көрінетін ірі образдың бірі – Бибіштің рөлі. Бибіш болыстың бәйбішесі, оған жұрт Жүзтайлақ деп лақап берген. Былайша айтқанда Жүзтайлақ айтулы көрікті және сұлу, ақыл-ойы бірдей, жамандықта, жақсылықта қолынан келетін сықылды, екі жүзді алдауыш әрі сиқырлы әйел. Ол Сапа сияқты билікті кісілердей өзінің сиқыр қылығымен әлде неше рет шатастырды, арбады, жана сиқырлады. Міне, осы Жүзтайлақ рөлін жас артистка Дәукенова Ақбөпе жолдас жаман атқарған жоқ, әжептеуір келтірген сценалары бар, дегенмен, бұл әлі жетімсіз, мұның жасаған образдарында әлі де болса көрінбей жатқан характерлар бар сықылды, бізше Дәукенова жолдас әлі де болса образды іздене түсуі керек. (Қасымқанов С. – қалалық комсомолдар комитетінің саяси оқу бөлімінің бастығы. «Акторлар әлде де ширай түсуі керек». «Оңтүстік Қазақстан». 1938 жылдың 26 декабрі. №295 (1092).
Сейтхожина Хадиша – Ленинградтағы театр училищесін В.Меркурьев пен В.Мейрехольдтың ұстаздығымен диплом алған кәсіби актриса, 1938 жылдан бастап Шымкент қазақ театрында актриса болып қызмет еткен. Актриса жайлы баспа беттеріндегі сараң жазбалардан үзінді:
« …Мұғалімнің әйелі болып ойнаған Сейітхожина да өздерінің рөлдерін жақсы атқарды. (А.Қанина. «Театрдың тағы бір табысы» — Облыстық радио комитетінің қызметкері. «Оңтүстік Қазақстан». 1938 жылдың 26 декабрі. №295 (1092) және «…Шолпан ролін орындаған Сейтхожина жолдас өз ісіне ысылғанын көрсетті». («Айман-Шолпан». Әлтай Мырзахметов, Құрмаш Дүйсекенов. «Ленин жолы» 1941 жыл)
Ерғалиева Балғаным (1918-1987) – Ақтөбеде туып, бала күнінен домбыраның құлағында ойнап, әншілігімен көзге түскен актриса. 1937-1938 жылдары Ақтөбе театрында басты рольді сомдаушысы болып жүрген кезде театр жабылып қалады. Театрға деген махаббат 1937 жылы Шымкенттегі театрға жетелеп келеді. Актрисаның бағына қарай Лениградтан тәжірбие алмасу мақсатында гастрольдік сапарға келіп жатқан алғашқы қарлығаштармен ілесіп Ленинградқа оқуға кетеді. 1938 жылы Халел Шәженов бастаған кәсіби артистер қатарында театрға оралып, белсенді шығармашылық жолын бастайды. Актриса жайлы қатар оқыған құрбысы актриса Ф.Шериязданова: «Балғаным Ерғалиева аккуратный еді. Біз, Сағидолла да, мен де, шаляй-валяй лекцияға қатысатынбыз. Біз жазбайтынбыз. Балғанымнан оқып алып жүретінбіз. Балғаным Ақтөбе театрында істеген. 1937-38 жылы театр тарқағанда бізге келді: Сағидолла екеуі. Сағидолла Ақтөбеде администрацияда (театрда) істепті. Бізге актер болып кірді. Балғаным, мінезі спокойный, өсек-аяң дегенді білмейтін. Екеуміз қосылып дуэт айтатынбыз. Менің де кішкентай даусым бар. Концертке шығатынбыз: «Қалқа», «Майра», Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем қаламқасы» (дуэт). Балғаным өзі домбыраға қосылып ән айтатын: «Зәуреш», «Айнамкөз». Қазақстанның 15 жылдығында алған медалі ме, значогі ме, ордені ме, білмеймін, бар еді. Ол бұрын Ақтөбе театрының героинясы болған. Бізге келген соң 1944 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» деген атақ алды» деп естелік жазады.
Шериязданова Фаузия (1920-1993) Оралдың Казталавка ауданында дүниеге келген. Фаузияның өнер жолын таңдауына Алматыда тұрған жылдары анасы Шырынның театрда контролер болып істегені ықпал етеді. 9 класты бітіріп, Әуезов театрының студиясына түскен Фаузия, әйгілі Ш.Айманов, Насоновтардың ұстаздығымен кәсіби білім алған соң 1936 жылы Шымкент театрына келіп, жұмысқа орналасады. Сол жылдары Қызылордадан келген театр артисі Малғаждар Жүсіповке тұрмысқа шығады. Аты-жөні белгісіз қалған әріптесі: «1936 жылы театрға келген Фаузия Шериязданованың майын тамыза ойнаған Майканың рөлінен сахналық суырып салмалық, импровизациялық талант айқын көрінді. Осы бір ылдиға салсаң төске озған әмбебап өнер иесі Майкаға іле-шала Валияны және Бочкарованың да рөлін әзірлеп, оларды аяқ-қолын жерге тигізбей табысты да шебер ойнап шықты. Рөлдерді ойнауға актер жетпеген кездерде бір спектакльде бірнеше рөлді қатар ойнаған кездері де болды» деген естелігі, Фаузия Шериязданованың алаулаған жастық жалынын суреттеп тұрғандай әсер береді.
Рашида Айтбаева Хафизқызы 1921 жылы Ақмола қаласында туған. 1930-37 жылдары мектепте оқып 1937 жылы медицина училищесіне түседі. Петропавл қаласында жұмыс істеп жүріп, кешкі көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болады. Шымкент театры артистерінің Петропавл қаласына гастрольдік іс-сапары кезінде барлық қойылымдардан қалмай көріп жүріп, театрдың белді артисі Қ.Дүйсековпен танысып, көп ұзамай тұрмысқа шығады. 1939 жылы сүйікті жарымен Шымкентке келген әнші, талантты актриса Р.Айтбаева қазақ драма театрына артист болып қабылданады. «Екі мырзаға бір қызметші» – Клариче, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» – Баян, «Амангелдіде» – Бануды сомдаған актриса, көрерменнің сүйіктісіне айналады.
Серікбаева Жұмабике (1917-1996) 1917 жылы Целиноград облысы Қорғалжын ауылында дүниеге келген.
«Менің Қарағандыда мектеп оқушысы болып жүрген кезім еді. 1935 жылдың қысында Алма-атадағы музыкалы театрдың бас қайраткерлері Қарағанды жұртшылығына «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» тағы басқа тамаша постановкалармен жастардың көбін қызықтыра бастады. Театр искусствосына қызыққан жастың бірі мен болдым. Театр өміріне араласа бастадым. «Сырымбет» сияқты әндерді салып таланттылығымды көрсеттім. Сөйтіп, театр қызметіне кірдім. Өзімнің бейімділігіме қарай мені Шолпан, Қарлығаш рөлдеріне дайындады. Содан, 1935 жылдың аяғына дейін осы театрда қызмет істедім. Бұл театр мені 1935-36 жылдары Леннинградтағы сахна өнершілерін дайындайтын театралдық училищеге жіберді. 1938 жылдың қысқы сезонында коллективімізбен келіп, Шымкент жұртшылығына өнерімізді көрсете бастадық. Содан бері қарай өзімнің талаптылығыммен бірқатар ролдер ойнай бастадым, қазірде – Еңлік, Баян, Шолпан, Жібек рөлдерін ойнап жүрмін» дейді ол естелік жазбаларында.
1936 жылы Ленинградтағы театр училищесінде В.Меркурьевтің ұстаздығымен оқып жүріп әріптесі Халел Шәженовке күйеуге шыққан актрисаның тұңғышы Мэлс Нева жағалауындағы тарихи қалада дүниеге келеді. Аяулы жарымен берге Шымкент театрына келген күннен ақшашты әже болғанға дейін сахна төрінен түспеген Жұмабике Серікбаева 1947 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңген әртісі, 1974 жылдан Қазақ КСР-нің халық әртісі атанған сахна майталманы жайлы талай мақала жазылып, талай деректі фильмдер түсірілген.
Бүгінде қазақ халқының мақтанышына айналған, Ленинградтағы театр училищесінде 1936-38 жылдары В.Меркуревьтің ұстаздығымен кәсіби білім алған Қазақстанның халық артистері Әмина Өмірзақова мен Хадиша Бөкеевалардың өнер жолын Шымкент қазақ театрынан бастағаны біз үшін мақтаныш.
Биыл 95 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштары жайлы бір үзік сырымыз, бүгінгі өнер жолындағы жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық
академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
драматург