Шымкент қалалық Полиция департаментінде Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты «Ерлік» музейі «Ешкім ешқашан ұмытылмайды» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрменің ашылу салтанатына Ішкі Істер органдары ардагерлер ұйымы, Ұлттық ұлан 6698 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Көрмені Шымкент қалалық музейлер бірлестігі директорының орынбасары Г.Серікбай ашты. Жиын барысында музей мамандары Отан үшін от кешкен азаматтардың ерлігін және «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деп күн, түн демей, аянбай еңбек еткен халықтың ерлігі жайлы баяндады. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, ардагерлер ұйымы төраға орынбасары М.Көлбаев Ұлы Жеңістің тарихи маңызын атап өтті. №52 лицей оқушысы А.Әбдітәліп күй тартып, №100 «Жұлдыз» мектебінің оқушысы Н.Халдарбек өлең оқыды.
Көрмеге «Ерлік» музейінің қорынан алынған Ұлы Отан соғысы жауынгерлері мен тыл еңбеккерлерінің фотосуреттері, марапаттары, жеке заттары т.б. құнды жәдігерлер қойылды. Жылжымалы көрменің ашылуына атсалысқаны үшін Полиция департаменті музейінің меңгерушісі Г.Қожамжарова Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды.
Г.ЖАҚСЫБЕКОВА,
Шымкент қалалық музейлер бірлестігі
«Ерлік» музейінің меңгерушісі
Б.НҰРҚҰЛОВА,
«Ерлік» музейінің аға ғылыми қызметкері