Редакция таңдауы

Кітап. Кітапхана. Қаламгер

Кітап. Кітапхана. Қаламгер. Көркем мінезді көркем сөз шебері, көрнекті жазушы, дарынды қаламгер, жалынды журналист Мархабат Байғұтты өрге жетелеген, төрге шығарған қасиетті ұғымдар. Әкеден тоғыз жасында қалып, жетімдіктің қамытын киіп, иен далада қозы баққан бала Мархабатты бүгінгі шырқау биігіне кітап пен кітапхана, ақ қағаз бен қара қалам жеткізді деп түйсінеміз. Мархабат ағамыз өмірлік жарын да осы қасиетті мекен – кітапханадан тапты, кітапханашы қызды жар етіп сүйді. «Оқу залы» деп аталатын әңгімесінде жазушының өзі де: «О баста оқу залына ғашық болдым… Данышпан бабамның кітаптарын түптеп түсіне бермесем-дағы, ерінбей, ежіктеп оқудан жалықпадым. Әл-Фараби ұялшақтықты бір жағынан ұятсыздықтың, екінші жағынан ұяңдықтың аралығы, яки жасқаншақтық дегендей анықтама беріпті. Ол кісінің пәлсапалық тұжырымынан өзімшелеп түйгендігім ғой. Жасқаншақ екенім рас. Жасықтығымды жан иелерінен жасырып бақсам-дағы, Жаратқан иеден қалай құпиялармын. Әкемнен ертерек айрылып, шешенің шерлі күрсінісін көп естігендіктен шығар, бәлкім» [Оқу залы 284 б].

Қаламгер туралы кім-кімнің де пікіріне құлақ түрсеңіз Мархабат Байғұттың көркем мінезіне, жібектей есілген жайдары мінезіне, кісі көңіліне кірбің түсіруді білмейтін бекзат болмысына таңданады, тәптіштей тарқатады. Сайып келгенде осынау ішкі мәдениетпен үйлесім тапқан жайдары мінез, жарқын жүзді қалыптастырған да осы кітапқа құмар қасиеттен болса керек. Жазушы шығармасының қайсысын алып қарасақ та, жан адамның қабағына қаяу тұрғызбайтын, сөйте отырып ішкі пікірін үлкен парасат пайыммен жеткізе білетін азаматтық үн естіледі. Мархабат Байғұттың жазушы болып қалыптасуына, уақыт көшіне ілесіп, дер кезінде қоғамдағы құбылыстарға дәл уақытында үн қатып отыруына әсер еткен дүниенің бірден бірі – журналисттік қыры. Мұндай тұжырымға жазушы шығармашылығы туралы тиянақты тоқталып жүрген әдебиеттанушы ғалымдар мен аға буын қаламгерлердің, қатарлас қаламдастарының пікірлерін, мазмұнды мақалаларын оқығаннан кейін келіп отырмыз. Ағамыздың өзі де «Оңтүстік Қазақстан» газетінде он жыл, он ай, он күн жұмыс жасаппыз деп үлкен құрметпен, терең сағынышпен еске алатын. «Кімге қалай екенін қайдан білейік. Әркім әртүрлі түсінеді ғой. Өзіміз үшін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы мәнісі бөлек мектеп мәнзелдес. Шымкентіңіздің өзінде қазақы есептелер екі-үш ұя ғана болушы еді. Бірі – біздің «Оңтүстік Қазақстан». «Екіншісі – Шымкент педагогика институты. Үшіншісі – Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театры» [Мархабат мақамдары 52-б]. Жазушы ағамыздың жадында туған топырағы Түлкібастың ғана емес, шырайлы Шымкенттің, тұтас Түркістанның қасиетті жерлері, тауымен қатар әрбір тасы қымбат болатын.

Мархабат ағамыздың тағы бір аузынан тастамайтын қымбатты сөзі «жастар аман болсын» дейтін. Емханада ем алып жатқан кезінде, хал-жағдайын сұрап баруға талпынып, телефон соғатынбыз, сонда «әуре болмаңдар, алаңдамай, жұмыстарыңды жасай беріңдер, сендер аман болыңдар, жассыңдар, денсаулыққа қараңдар, ауырмаңдар», деп ағалық ақ пейілін ақтаратын. Жайшылықтағы әрбір жиын соңында айтатын сөзі, байтағымыз аман болсын, жастар аман болсын деп түйіндейтін. Осы пейіл, осы мейір жазушы жазбаларында да жиі ұшырасатын. «Мен жастарға сенемін!» деді Мағжан ақын. Өз басымыз да бүгінгі жастарға бөлекше сеніммен, үлкен үмітпен қарайтындардың қатарындамыз. Таусылып, түңілудің қажеті жоқ, жауқазындай жайнап, қызғалдақтай құлпырып, жайраңдап, жетіліп келе жатқан жастарға қатты қызығамыз. Тобырлық мәдениеттің тайраңдай бүлдіруінен, әлеуметтік желінің әулекілендіруінен бойларын сақтайтын, ойларын сақтайтын сапалылары, саналылары басым. Білімді, білікті, жаңашыл, ізденімпаздары көп. Шүкіршілік», – деп бүгінгі жастарға үлкен үміт артты [Мархабат мақамдары 32-б].

Әдебиетке іңкәр, жазуға жақын әрбіріміз Мархабат Байғұт ағамыздың туған айы, 80 жылдығына орай жасалатын шаралары жақындаған сайын көңіліміз алабұртып, ағаға деген терең сағынышпен толқып жүргеніміз рас. Осы бір азғана мақаламызды жазу барысында да әр шығармасына үңіліп, бәрін айтып кеткен екен-ау, бойдағы барын беріп кеткен екен-ау деп те тебірендік. Шіркін… Өткен күнге көз салсақ, Мархабат ағамыздың бар кезінде не деген алқалы жиындар өтті, өлкемізге мүйізі қарағайдай қаламгерлердің көпшілігі сағындырмай сапарлап келіп тұратын. «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», «Ырыс алды – ынтымақ», «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Шырайлым – Шұбайқызылым», «Бозарықтан – Бозторғайға дейін», «Таупістелі тағылымы» деп аталатын нешеме жобалардың бәрі Мархабат ағамыздың бастамасымен жүзеге асып, елді рухани сусындатып, сергітіп тастайтын. Бұл жобалардың барлығы жастарды жігерлендіруге, елді береке бірлікке шақыруға бағытталған, берері мол жобалар болатын.

Ордалы Оңтүстігімізге, шырайлы Шымкентімізге, тұтас Түркістанымызға қарата айтылған жарты ауыз сөзге жаны қалмай жауап беретін. Түстіктегі қалың қазақты қаламымен қызғыштай қорғайтын, жан-жүрегімен «Шымкент шырылға» басатын. «Иә, ағайындар, кім не десе о десін, Оңтүстік – ұлысыңыздың да, ұлтыңыздың да ұйытқысы. Алтын құрсақ аймағыңызда жыл сайын берісі қырық, арысы алпыс мыңдай нәресте дүниеге келеді. Әрбір алтыншы қазақ осында туады, осында өседі, осында тұрады. Осыны ұмытпаңызшы. Бірер жыл бұрын Атыраудың бір газеті: «Біздегі әрбір алтыншы бастық – Оңтүстік Қазақстаннан»,- деп жазды. Солай болмағы ләзім-дүр, бауырлар. Қазақстанның Астанасында да, Алматысында да, Қостанайы мен Қарағандысында да, Алтайы мен Атырауында да… Әрбір алтыншы басшы бола ма, қосшы бола ма, етікші бола ма, егінші бола ма, кеденші бола ма, кетпенші бола ма, әйтеуір, алтыншы қазақ Оңтүстіктен, Шымкент жақтан болса, қатты қуанғайсыздар қайта…Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы, ақиық ақыны Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады» [Жеті томдық шығ жин. 7-том. Ақтолғай 60 б]. Туған топыраққа, өскен өңірге тіл тизізбеу, тіл тигіздірмеу, шексіз сүю, жан-тәнімен жақсы көру деген осындай-ақ болар.

Әкеден жастай жетім қалып, шерлі шешенің қас-қабағына қарап, бауырлардың жай-күйіне жаутаңдаған жазушының өмір жолында көрген қиындықтары да, бұлттан кейін шыққан күн сияқты қуанышты да сәулелі сәттері де аз болған жоқ. Барлық биікке кітап арқылы, кітапхана арқылы, үздіксіз жазу-сызумен, қасиетті қалам арқылы жетті. «Ақтолғайдағы» Тұртан ағаның «Байекеңнің жылқыға тәуіптігі ересен еді-ау»,-деген әңгімесінің райынан да, жазушының көзі тірісінде берген сұхбаттарынан да Мархабат ағамыздың әкесі Байғұт атаның да тегін адам болмағанын бағамдаймыз. Толыбай сыншы сықылды төрт түлік малдың тамырын басып, «жаман ауруға шалдықты» деген жылқыға ота жасап, оңалтқанын, өледі деген сиырдың өріске қосылып кеткенін көркем шығармаларынан білдік. «Әкеміз барда Байтөбет дейтін итіміздің де құйрығы қайқы-тұғын»,-деген бір ауыз сөздің өзі жазушының әкесі кеткеннен кейінгі ауыр тағдырынан хабар береді. Арман қуған Алматыда, жанындай жақсы көретін оқу залында қатарластарымен қатар жүре алмауы да осы тұрмыстың тапшылығы-тұғын.

Мархабат ағамыз Жаратқанның мөлшерлеп берген жарық дүниесінде, жазушылық ғұмырында өз отбасын да, туған Отанын да оқу-білімге, қасиетті кітапқа шақырды. Ол ісі де нәтижесіз болған жоқ. «Обалы нешік, балалар оқудан озық болды… Бәрі дерлік мектепті медальмен, жоғары оқу орындарын үздік бітірді»,-деп ұл-қыздарының оқуда озат болғандығына аз-кем аялдап өткен екен. Жазушы жүрегіндегі жазылмас жараның бірі «Әдебиет пәнінің періштесі» күйінде жиырма сегіз жасында өмірден өткен ұлы – Баубек Мархабатұлы болды.

Алдағы шараларды ұйымдастыру барысында қолымызға Мархабат ағамыздың асыл жары Қыздаркүл апамыздың туған күніне тарту еткен кітабы түсті. Кітаптың мұқабасына жазған хатын оқып, асыл жарын қадірлеген қаламгер мен азаматын ардақтаған аяулы жанның арасындағы кіршіксіз көңілге, селкеусіз сыйластыққа қайран қалдық. Бүгінгі жастардың да, жалпақ жұрттың да білгені жөн деп жазбамызға қостық: «Қыздаркүл! Сені туған күніңмен, қайта айналып келмейтін қайран жиырма беске толған күніңмен мархабаттық жүрекпен құттықтаймын. Мазмұнды, мағыналы ғұмыр кешкейсің, жаным. Туған күніңе деп көйлек әперсем тозып қалар, орамал әперсем, оңып кетер, ал алтынмен аптап, күміспен күптеу дегенің қашаннан бізге жат нәрсе. Сондық себептен де қарапайым һәм қымбат сыйлық кітап пен қағазға түскен сөз ғой. Сақтай білсең сағыныштай сарғаяр, бірақ тозбас…» 06.02.1974 жыл. Хат мәтінін түгел келтіруге газет көлемі көтермес деп бір қайырымын келтірдік. Қыздаркүл апамыздың 25 жасқа толған туған күнінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын тарту еткен екен асыл ағамыз, кітапты сүйген қаламгеріміз. Шынында, осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған жазушының жазбасын аяулы Қыздаркүл апамыз көзінің қарасындай сақтай біліпті. Сарғайған, бірақ тозбаған. Алаштың азаматына, жалпақ жұрттың сүйікті жазушысына айналған Мархабат Байғұттың Құдай қосқан қосағы, Түлкібастың түкпіріндегі кітапханадан тапқан кітапханашы жары азаматын ардақтады, алақанында аялады. Күнделікті күйбең тірлікке араластырмады, патшадай күтті. Оны жазушы шығармаларының өзі де жайып салады. «Әсем апаның келіні кетпен алып, лай да илеген. Қалып сүйретіп, қам кірпіш те құйған. Қара шаңырағымыздың төрт қабырғасын біз КазГУ-де жүргенде асарлатып, өзі қалқайтқан. Қара сыбақтан кейінгі дара сыбағын өзі жүргізген… қу дүниені қуа алмадық. Қумадық. Хұсни хаттар секілді аз-кем ғана жазатын жағдайымызды қанағат тұтып келеміз. Әсем апаның келіні көбінесе ақша әкелдіңіз бе деместен, кітап пен газет-журнал ала келдіңіз бе дегенге жақындығынан жаңылмады…» Қаламгер қаламынан туған әрбір жазбасы өткен өмірінен, ұстанған бағытынан, жүрген жолынан сыр шертеді.

Мархабат Байғұт шығармашылығын біраз уақыттан бері зерттеп-зерделеп, жинақтап жүрген шәкірті Құдайбергенова Ақмарал Асанқызының, Жамал Анарбайдың жобалауы бойынша қаламгер жүз шақты көркем әңгіменің, оншақты хикаяттың, жеті пьесаның, мыңдаған мақаланың авторы [Мархабат мақамдары 4-б]. Біздің Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханамызда Мархабат Байғұттың 32 кітабы бар. Әңгімелері мен повестері жинақталған он сегіз кітап, үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы, төрт томдығы, сондай-ақ жеті томдық шығармалар жинағы оқырмандар игілігіне қызмет етуде. Саналы ғұмырында журналисттік қызметте де, басқарма басшысы болған тұста да, мемлекеттік қызметте де қаламгердің қолынан қаламы түскен жоқ. Қоғамдық істердің ортасында жүрді, ордалы Оңтүстікте, шырайлы Шымкентте Мархабат Байғұтсыз бірде-бір шара өтпейтін. Мәдениет ошақтарындағы, жоғары оқу орындарындағы, кітапханалардағы, мектептердегі әдеби-мәдени жиындардың бәрі де Мархабат ағамызбен мазмұнды бола түсетін. Осындай қым-қиғаш тірліктердің қиуын құрастырып, қолынан қаламын тастаған жоқ. Әдебиеттанушы ғалымдардың ғылыми жобаларына алтын арқау боларлық қаншама құнды қазыналары бар. Мархабаттану ғылымының көкжиегін кеңейту алдағы күндердің еншісінде. Ағамыздың көзінің тірісінде де Астанада, Алматыда Мархабат Байғұт шығармашылығы бойынша диссертациялар қорғалғандығынан хабардармыз. Бұл бастамасы ғана. Мархабат Байғұт ағамыздың жанында жүріп, «Түркілер төрі Түркістан» кітабының тұсаукесерін халықаралық деңгейде өткізу істерінде аянбай атсалысқан шәкірті, ізетті інісі Ғалымжан Елшібай ағамыздың бастамасымен бүгін де көптеген шаруалар жүзеге асуда. Алдағы күндерге де жүйелі жобалары бар. Елді қуантқан істің бірі – «Мархабат» журналының қалың оқырманға жол тартқаны.

Жазушының жарық дүниемен қош айтысқанына үш жылдан астам уақыт өтті. Содан бері де шырайлы Шымкентте, рухани астанамыз Түркістанда талай-талай алқалы жиындар өтіп жатыр. Арайлап таң да атып келеді, қызарып күн де батып келеді, бірақ, жүзінен жылу төгіліп, тілінен маржан саулайтын Мархабат Байғұттың орны ойсырап-ақ тұр. Кеше ғана дүйім ел болып Президентіміздің ұсынысымен тұңғыш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Қоғам кітапқа, кітапханаға бет бұра бастады. Мархабат ағамыз осыдан бәленбай жыл бұрын әр сөзінде елді кітап оқуға, көркем әдебиетпен тыныстауға, тіпті мемлекеттік қызметке тұрарда да сондай бір шарттар қою қажеттігін айтудан, жазудан жалықпады. Жаһандану дәуіріндегі әлем-жәлем дүниеден кітап қана аман алып шығатынын күні бұрын болжады. «Адам адам боп қалу үшін-оқырман оқырман боп қалу керек. Мемлекеттің барлық буындарына жұмысқа қабылдау үшін де, бизнесмендерге негізгі құжат берерде де көркем әдебиетті тест жүйесіне ендірсе қайтер еді. Дейміз дә. Кей-кейде»,-деп қайткен күнде де қалың елді, жалпақ жұртты кітап оқуға шақырды. Осы мейрамның сыбысы естілгеннен көңіл түкпірінде шіркін-ай, Мархабат ағамыз тірі болғанда осы мейрамның нағыз басты кейіпкері, басты қаһарманы болар еді-ау деген пенделік арманның жылт ете қалғанын жасыра алмадық. Кітап. Кітапхана. Қаламгер. Осынау қасиетті ұғым жазушы өміріндегі ең қымбатты қазынасы, сарқылмас бұлағы, ұрпаққа қалдырған ұлағаты болды.

Әдебиеттегі ұстазы Шерхан Мұртаза айтқандай, тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған, табиғаты тамылжыған Түлкібаста туып, туған жер табиғатын әр шығармасына арқау еткен жазушы Мархабат Байғұт туған жер, туған ел алдындағы перзенттік парызын толыққанды атқарған тау тұлғалы қаламгер. Мамыражай мамыр келді, Түркістан төрі, шырайлы Шымкент, туған өлкесі Түлкібас жазушы Мархабат Байғұттың 80 жылдығын, қалың еліне қалтқысыз қызмет еткен қайраткер қаламгерінің мерейлі жасын, мәртебелі жасын атап өтпек. Қаламгерін сағынған қалың оқырман барда, қабырғалы ел барда көркем мінезді көркем сөз шебері, жазушы Мархабат Байғұттың есімі мәңгі жасай берері анық. Бастысы, ағамыздың өз сөзімен айтқандай, «байтағымыз аман болсын, жастар аман болсын!».

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы
қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар