Редакция таңдауы

Дамудың жаңа бағыттары баяндалды

Шымкент қаласындағы Өңірлік коммуникациялар орталығында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің кезекті баспасөз брифингі өтті. Бұл жолы ресми өкіл балалардың жазғы демалысы мен жастарды тұрғын үймен қамту жұмысының барысы жайлы жан-жақты баян етті.

Оның айтуынша, бүгінде шаһарда 290 мектеп бар, онда 271 316 оқушы білім алып жатыр. Биыл 11 сыныпты 15 891 түлек тәмамдамақ. Соның ішінде 670 оқушы «Алтын белгіге», 1078 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар, 9 сыныпты 24 294 оқушы аяқтап жатыр, олардың 1423-і оқу үздігі. Ал, жазғы демалыс кезінде 240 516 оқушыны қамтитын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл – қаладағы барлық оқушының 94,8 пайызын құрайды. Әлеуметтік осал санаттағы 643 бала қала сыртындағы лагерлерге тегін жолдама алады. Бұл мақсатқа 159,4 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, коммерциялық негізде демалатын 8 198 балаға әр бала үшін 75 мың теңге көлемінде жеңілдік қарастырылған.

Шаһарда халықтың демалысын ұйымдастыру және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытында екі жаңа субұрқақ іске қосылады. Бірі – «Шымкент сити», екіншісі – Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Жайлаукөл» саябағында орналасқан. Қазір екі субұрқақты сынақ режимінде іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, биыл 4 наурызда Шымкент қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында келісім жасалған. Бағдарлама шартына келсек, жоғары сомасы – 20 миллион теңге, алғашқы жарна – 10%, сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% болса, несие мерзімі – 96 ай. Бұл бағдарлама арқылы жастар бірінші және екінші нарықтан, сондай-ақ жер үйлерден де баспана ала алады. Алайда, бағдарлама қатысушыларының арасында кейбір жастар коммуналдық төлемдерді өтеуден жалтарған. Қазір 74 миллион теңге көлемінде берешек анықталған. Сонымен қатар, жалға берілген пәтерлерде тұрып, меншігінде өзге мүлкі бар 26 азамат анықталып, олардың 14-імен келісімшарт бұзылып, пәтерлер босатылған.

Сондай-ақ ресми өкіл биыл 21 мамырдан бастап әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау басталатынын хабарлады. Грант көлемі – 400 АЕК. Әрбір азамат бұл мүмкіндікті бір рет қана пайдалана алатыны да мәлім етілді. Бұған қатысу үшін enbek.kz немесе business.enbek.kz порталдары арқылы өтінім беру қажет.

Бұдан басқа Сәрсен Абайұлы өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 119 қылмыстық іс тіркеліп, оның 5-і сотқа жолданғанын жеткізді. Ең жиі кездесетін қылмыстар – алаяқтық және ұрлық болып отыр. «Қаламызда күн сайын жол-көлік оқиғалары болады. Соның салдарынан жәбірленушілер саны да артып отыр. Оқиғалардың басты себептеріне жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлесуі, жол ережелерін сақтамауы жатады. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілерді қағу, көліктердің соқтығысуы сынды келеңсіз жағдайларға алып келіп отыр», деді ол. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерден өтуі – өз өміріне де, жүргізушілер үшін де үлкен қауіп тудыратынын ерекше атап өтті. Осындай заң бұзушылықтар салдарынан бірқатар қылмыстық істер тіркелген.Тағы бір өзекті мәселе – кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы ережелерін сақтамай, электронды скутерлер мен самокаттарды басқаруы екені де құлағдар етілді. Бұл да қалада апаттылық деңгейінің артуына әсер етіп жатыр.

«Қаламызда қылмыс деңгейі де өсіп келеді. Бұл жағдайдың нақты себептерін анықтау қиын болғанымен, оған бәріміздің бей-жай қарамауымыз қажет» деген ресми өкіл тағы бір маңызды жаңалық – Қажымұқан атындағы стадионның жаңартылғанын жеткізді. Бұл стадион 1967 жылы салынған. Жақында оның футбол алаңының шөбі толық ауыстырылып, автоматты суару жүйесі орнатылыпты. Жүгіру жолақтары асфальтталып, үстіне резиналы үгінді төселіп жатыр. Бұл жұмыстарға 400 млн теңгеден астам қаржы жұмсалса, бұл толықтай демеушілер есебінен жүзеге асырылған. Осы ретте Сәрсен Құранбек бюджеттен бір тиын да бөлінбегенін, халық игілігі үшін жұмыс істеп отырған патриот кәсіпкерлердің бар екені – қала мақтанышы екенін де атап өтті.

Брифинг соңында ресми өкіл БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере келіп, «Мен бұл лауазымды қызметті сұрап алған жоқпын. Мемлекеттік қызметші де – солдат секілді. Оның қатардағы жауынгері де, офицері де бар. Мен қатардағы жауынгермін. Маған берілген бұйрықты заң аясында орындап келемін. Қазір маған Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі ретінде жұмыс істеу тапсырылды, бұл міндетті атқарып жүрмін. Әскери тілмен айтқанда, бұйрық талқыланбайды, орындалады» деді. Осындай әкімдіктің халық үніне құлақ асатын Үкімет қағидасын орындауға бағытталған брифинг әкімдік пен халық үшін де тиімді болғанын жасырмады. Айтуынша, мұндай ашықтық қалтарыста қалған мәселені тиімді әрі уақытында шешуге мүмкіндік әкеледі.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар