Редакция таңдауы

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Ертең, 23 мамыр күні кең-байтақ Отанымыздың барлық өңірлеріндегі білім ұяларында күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тілейді. Биыл Шымкент қаласында 24 264 оқушы 9 сыныпты, ал, 15 891 түлек 11 сыныпты тәмамдайды.

Қалада оқушылардың жазғы демалысын тиімді әрі мән-мағыналы етіп өткізуге айрықша назар аударылып отыр. Атап айтқанда, 240 516 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 94,8 пайызын қамтиды.

Жергілікті бюджет есебінен 9 693 баланы сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерьлерде демалдыру үшін 759,4 млн теңге қаралған. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Атап айтқанда, жалпы орта мектептерден аз қамтылған отбасылардан шыққан 9 398 бала, балалар үйінің 135 тәрбиеленушісі және дарынды 160 бала бар.

Оған қоса, Шымкент қаласының ЖОО-ларда кәсіби бағдар беру мақсатында «EduCampShym» оқу лагері, ал, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында «Prof Start» оқу лагері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдары базасында «ArtEdu» шығармашылық пен өнер, спорт лагерлері ашылады.
Одан бөлек, жылдағыдай дарынды балаларға арналған республикалық, қалалық және мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын жалғастырады.

Сонымен қатар, жаз мезгілінде қаладағы 8 мемлекеттік мектептен тыс мекемелерде 32 901 оқушы спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысса, жекеменшік 35 қосымша білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс аясында 5 874 бала қызығушылықтарына қарай үйірмелерге жазылады.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша жалпы 290 мектепте 271 316 оқушы білім алуда. 2025 жылы 10 білім беру ұйымының (9 мектеп, 1 балабақша) ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 9,5 млрд теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру ұйымдарының ғимаратын ақтап-сырлауға (ағымдағы жөндеуге) 346,0 млн теңге қаржы бағытталған.

Т. ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар